Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Биыл 754 мың гектар жерге егін егілуі керек…

Бердібек САПАРБАЕВ: Биыл 754 мың гектар жерге егін егілуі керек…

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Алға ауданында болып, шаруа қожалықтары мен әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Лагерьді аралады, жолдамалар табыстады

Алдымен облыс басшысы Бестамақ ауылына жақын орналасқан облыстық Алға балалар үйіне қарасты «Ақбөбек» жазғы лагерінің базасын аралап, қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимараттың жағдайын қарады. Бұл жерде алдағы уақытта «Күншуақ» атты жыл бойғы балаларға арналған инклюзивті-сауықтыру лагері ашылмақ.

Бүгінгі күні лагерь аумағында 9 ғимарат орналасқан. Оның ішінде асхана, көкөніс сақтайтын қойма, әкімшілік ғимараты, монша және басқа ғимараттар бар.

«Ақбөбек» лагері Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып 1964 жылы салынған. Алайда соңғы үш жылда балалар санының азаюына байланысты лагерь ғимараттары қаңырап бос қалған.

Биыл қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында алдағы уақытта лагерьдің ғимараттары қайта жарақтандырылып, жыл бойы жұмыс жасайтын инклюзивті-сауықтыру лагерін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ лагерь аумағында балаларға арналған спорт және ойын алаңдары, хоккей корты салынбақ. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 182 млн теңге қаржы қарастырылған.

Лагерь ғимараттарын аралап шыққан облыс әкімі облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мен Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияровқа, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеп, лагерь ғимараттарын жуық арада толық пайдалануға беру үшін жан-жақты жұмыс жасауды тапсырды.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы Бестамақ ауылындағы Ақтөбе медресе-колледжінің құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Дәстүр. Дін. Руханият» атты салтанатты мерекелік кешке қатысты.

Ақтөбе медресесі өткен жылы колледж статусын алған. Қазір оқу орны жанынан демеушілердің көмегімен спорт кешені салынуда. Қазір медресе-колледжде 116 адам білім алып жатыр.

Мерекелік кеште облыс әкімі жиналған жұртшылықты медресенің 10 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

— Елімізде өткен жылдан бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның басты міндеті — ұлтымыздың мәдени-рухани құндылықтарын сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу. Әсіресе бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда салт-дәстүрімізді, үрдісімізді сақтап, дамытуымыз керек.

Қазіргі таңда Қазақстанның әлемде экономикалық-саяси жағынан алатын өзіндік орны бар. Сондықтан алдағы уақытта елімізді дамыған отыз елдің қатарына енгізу үшін экономикамызды дамытып қана қоймай, сана-сезімімізді өзгертіп, рухани құндылықтарымызды қадірлеуіміз керек. Осы мақсатта бүгінгі күні біздің облыста да бірқатар іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі — бүгінгі медресенің он жылдығына арналған «Дәстүр. Дін. Руханият» атты мерекелік шара.

Біз ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дінімізбен жүруіміз керек, ең негізгісі, өзгелердің арамызға іріткі салуына жол бермеуіміз керек. Осы орайда Ақтөбе медресе-колледжінің маңызы ерекше. Бұл оқу орны алдағы уақытта қоғамдағы діннің рөлін нығайтуға, дәстүрлі дінімізді насихаттауға қызмет етуі тиіс, — деді Б.Сапарбаев.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі Ақтөбе медресе-колледжінің ғимаратын кеңейтуге, сондай-ақ спорт кешені мен асханасын салуға демеушілік көрсеткен бір топ азаматты Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар «Бақытты бала» жобасы аясында аудандағы белсенді 610 балаға жалпы көлемі 13 млн теңгеге еліміздің көрнекті жерлеріне және демалыс орталықтарына демалуға арнайы жолдамалар табыстады.

Кеш соңында Бестамақ ауылының тұрғындары атынан сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Аманжол Ахмет облыс әкіміне ерекше ризашылығын білдіріп, облыста жүзеге асырылып жатқан «Аналарға тағзым» жобасы аясында салынып жатқан орталық құрылысына ауыл тұрғындары 1 млн теңге қаржы аударатынын жеткізді.

Шаруаларды жобаларға үлес қосуға шақырды

Түстен кейін облыс әкімі бастаған топ Қарағаш ауылдық округіндегі «Айдана» шаруа қожалығының егіс алқабына барды. 1997 жылдан бастап егін өсірумен айналысатын шаруашылық өткен жылы 230 гектардан 391 тонна арпа алып, 320 гектар жерден 144 тонна судан шөбін орыпты. Қазір шаруашылықта 6 адам жұмыс жасайды.

Егіс алқабын аралаған облыс басшысы аудандағы бірқатар шаруа қожалықтарының техникаларын  көріп, олардың егін егу жұмыстарына сақадай сай екендігіне көз жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, көктемгі егін егу жұмыстарының барысымен танысты.

— Биыл қыстан аман-есен шықтық, қазір ауа райы да қалыпты. Көктем басталғалы жаңбыр да болды, қазір жерде ылғал бар. Сондықтан тезірек егін егуді бастауымыз керек. Биыл жылдағыдан облыс бойынша алқапқа егілетін дәнді, майлы дақылдарды 15-25 пайызға көбейту керек. Қазіргі таңда өңірде мыңдаған гектар жер пайдаланылмай жатыр. Сондықтан барлық ауылшаруашылық құрылымдары егін егу жұмыстарына білек сыбана кірісуі керек. Бұған дейін облыс әкімдігі, аудан әкімдіктерімен қол қойылған меморандумдарға сәйкес биыл кем дегенде 754 мың гектар жерге егін егілуі керек, бұл былтырмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Сондай-ақ биыл кем дегенде 8 мың гектар суармалы жер пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі басты міндет — облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімді импорттауды азайтып, экспорттауды арттыру, — деді облыс басшысы.

Жиында Бердібек Сапарбаев шаруаларға ауданда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыру, егін, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына «ақылды» технологияларды енгізуге басымдық беруді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына егін егу науқаны кезінде туындауы мүмкін мәселелерді дер кезінде шешіп, мамыр айының аяғына дейін егін егу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Кездесуде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбаев биылғы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері 30,0 млрд теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 104,8%-ды құраған. Сондай-ақ биыл облыс бойынша жалпы құны 38,7 млрд теңге болатын 79 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бүгінгі күні оның 9-ы іске асырылып, өңірге 1,8 млрд теңге инвестиция тартылған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларына облыста қолға алынған «Туған жерге тағзым», «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобаларына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында үлес қосуды, облысты азық-түлікпен қамтамасыз етуде көкөніс, жеміс-жидек түрлерін өсіруді, ауыл-аймақтарда сүт, ет өнімдері көлемін көбейтуді тапсырды.

Амангелді ауылында 200 орындық клуб бой көтереді

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Қарабұлақ ауылдық округі аумағындағы Алға-Қарабұлақ автомобиль жолына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын қарады.

Жалпы құны 942,4 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 40 шақырым болатын Алға – Қарабұлақ учаскесінің орташа жөндеу жұмыстарына 2016 жылы республикалық бюджеттен 165,066 млн теңге бөлінген. Өткен жылы аталған жұмыстарды жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 344,0 млн. теңге бөлініп, нәтижесінде барлығы 21,3 шақырым жолға асфальт төселген. Биыл жол жөндеу жұмыстарына тағы да облыстық бюджеттен 250,0 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, автомобиль жолының қалған 18,7 шақырымына асфальт жабындысын төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мердігер ұйым — «АктобеГорДорСтрой» ЖШС.

Бұл күні облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Амангелді ауылына барып, тұрғындармен кездесті.

Кездесуде облыс басшысы ауыл тұрғындарына келер жылы елді мекенге газ тартылып, ауыл арасындағы жолдардың жөнделетінін, тұрғындар мен бала саны көбейсе, ауылда бірқатар әлеуметтік ғимараттардың бой көтеретінін жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімі осы ауылдағы «Реймқұл» шаруа қожалығының мал бордақылайтын алаңы мен базасын қарап, шаруашылық басшысы Самат Қалдығұловпен тілдесті.

Шаруаның айтуынша, бүгінгі күні қожалықта 966 мүйізді ірі қара, 32 бұқа, 600 жылқы бар. Шаруа қожалығы 38 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Асылтұқымды ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық ет, сүт өнімдерін «Айбек» өндірістік кооперативі арқылы нарыққа шығарады.

Айта кету керек, қазір Амангелді ауылында жеке кәсіпкер Самат Қалдығұловтың демеушілігімен 200 орындық клуб салынуда. Құрылысы жүріп жатқан жаңа ғимарат биыл жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Екі ауылдың мәселесі: көгілдір отын, жол, интернет

Бұл күні сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алға ауданының Болгарка және Сарықобда ауылдарына барып, тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуде облыс басшысы тұрғындардың газ тарту, интернет желісін жүргізу, жолдарды жөндеу, оқушы санының азаюына байланысты мектептерді жабу, т.б. мәселелер бойынша сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынатынын, келер жылы екі ауылға көгілдір отын берілетінін жеткізді.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы Болгарка ауылындағы «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің жасақтаған музейін аралап, облыстық маңызы бар Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық автомобиль жолының бойында орналасқан көпірге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Автомобиль жолының 83-167 шақырымында орналасқан Сарықобда өзенінен өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына 170,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстарын «АссанаДорСтрой» ЖШС жүргізуде. Көпір биылғы жылдың шілде айында пайдалануға берілмек.

Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы бастаған топ «Рүстем», «Энергия» шаруа қожалықтарының қызметімен танысып, шаруалармен тілдесті.

 

                                                                    Данагүл ҚАЗИХАН,

Алға ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*