Басты бет » Басты жаңалықтар » Келесі жылы Ойыл және Қобда аудандарындағы бес ауылға газ беріледі

Келесі жылы Ойыл және Қобда аудандарындағы бес ауылға газ беріледі

Бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Ойыл және Қобда  аудандарына барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.   

 Ойыл ауданының әкімі ауысты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Ойыл ауданының активі өтті. Жиында өңір басшысы ауданның жаңа басшысын таныстырды. Оған ҚР Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Дастан Сағыров тағайындалды.

Дастан Сағыров 1975  жылы Шалқар ауданында туған. Еңбек жолын 2002 жылы Алға ауданы әкімінің аппаратында бас маман қызметінен бастаған. Əр жылдары Алға ауданы əкімінің аппаратында, Ақтөбе қалалық салық инспекциясында, Ақтөбе қаласындағы ІІД-де, облыс əкімінің аппаратында еңбек етіп, Мұғалжар ауданы əкімінің аппаратының басшысы қызметін атқарды. 2013 жылдың шілдесінен бастап осы күнге дейін Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Облыс басшысы ауданның жаңа әкімінің алдына әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бірқатар міндеттер қойды.

Бердібек Сапарбаев бұрынғы әкім Бұлбұл Күзембаеваға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, Ақтөбе облысының білім саласын бақылау департаментінің басшысы лауазымында жаңа табыстар тіледі.
— Ойыл ауданының өз ерекшеліктері мен өз қиындығы бар. Мұнда шаршауды ұмытып, білек сыбана  жұмыс істеу керек. Бұлбұл Бисембайқызы әкім қызметінде өз жұмысын жақсы, тиянақты атқарды. Ол екі жылдан бері сіздердің қолдауларыңызбен ауданда біршама игі шаруа жасады. Қыз да болса мықтылығын, қайраттылығын көрсетті. Облыс басшылығы атынан Бұлбұл Бисембайқызының жасаған жұмысына алғыс айтамын. Департаментте де оны үлкен жұмыстар күтіп тұр. Әр мемлекеттің дамуы, болашағы сол елдің білімді азаматтарына байланысты. Білім саласынын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Дегенмен, білім саласының қайтарымы, нәтижесі жақсы емес. Соңғы екі жылда департаменттің басшысы екі рет ауысты. Білімнің сапасы да төмендеп бара жатыр. Мұның бәрі бақылаудың нашарлығы. Бұл — бір. Екіншіден, жүйелі жұмыс жоқ. Үшіншіден, департамент облыстық білім басқармасымен, жергілікті билікпен бірігіп жұмыс жасамайды. Бұлбұл Бисембайқызы облыстың білім саласын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз, — деп Бердібек Машбекұлы Бұлбұл Бисембайқызына Алғыс хат табыс етті.

Басқосуда сөз алған Бұлбұл Күзембаева облыс басшысына ризашылығын жеткізіп, аудан халқына алғысын білдірді.

  • Бердібек Машбекұлының талапшылдығының арқасында көп нәрсені үйрендім. Үлкен мектептен өттім.

Ойыл ауданы мен үшін құтты мекен. Осында өткен екі жыл менің өмірімдегі ең жақсы бір кезеңдерім болды деп есептеймін. Жаңа әкім — Дастан Сағыровтың жұмысына табыс тілеймін.  Ойыл ауданында жұмыс жасауға барлық жағдай бар. Себебі, мұнда Елбасының саясатын түсінетін, қолдайтын халық бар. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының қолдауы бар, — деді Бұлбұл Бисембайқызы. Өз кезегінде Дастан Сағыров сенім білдіргені үшін облыс әкіміне алғыс айтып, тапсырмаларды жүйелі, дер кезінде орындауға уәде берді.

Жиында сөз алған ауыл ақсақалдары ауданның бұрынғы басшысы Бұлбұл Күзембаеваның ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруде жасаған еңбегі, табандылығы, қажырлылығы үшін алғыс айтты.

2016 жылы Ойылға газ келді. Екі жылда екі бірдей мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Тағы бір мектептің құрылысы басталып жатыр. Көкжар жәрмеңкесі жаңғырды. Былтыр Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы кең көлемде тойланды. Халықты ауызсумен қамту, Ойылдың орталығындағы көше жолдарын жөндеу, көгалдандыру жұмыстары жасалды.

Шара барысында сөз сөйлеген Саралжын селолық округінің тұрғыны Жақсығали Бисәлиев облыс әкіміне мал шаруашылығын дамыту үшін өз ұсынысын жеткізді.

— Елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында түрлі мемелекеттік бағдарламалар бар. Халық оның игілігін көріп отыр. Мал басын көбейтуде өз ұсынысымды айқым келеді. Үкімет малды несиеге берсе, шаруалар үшін тиімдірек болар еді. Саралжын ауылында 180 түтін бар. Соның 40-ы мал ұстамайды. Неге? Кейбір адамдарда масылдық психология қалыптасқан. Мемлекет берген көмекке сүйеніп, жұмыс жасамайтын болды. Еңбек етуден қашады. Шаруашылықтар науқан кезінде, шабындыққа, егін оруға, мал бағуға адам таба алмай, қиналады. Мал кезегінде 2500 мың теңгеге 5-6 сағатқа мал жайып келетін адам шықпайды, — деді ауыл ақсақалы.

Кездесуде тұрғындар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобаларының маңыздылығына тоқталып, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі игі жұмыстары үшін ризашылықтарын білдірді.

Жиынды облыс әкімі түйіндеді.

— Ауданның әлеуетін толығымен пайдалану керек. Кезінде Ойыл ауданында 100 мың гектардан астам егістік жер болған. Әрине, оның көбісі мал азығын дайындау үшін пайдаланылды. Халық  мемлекеттің қолдау, көмегін тиімді пайдалану керек. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы иесіз, бос жатқан жерлерді игеру керек. Кезінде бұл ауданда 300 мыңнан астам мал болды. Бұл көрсеткішті төмендетіп алдық. Әсіресе, қой мен түйенің басы азайды. Үкімет субсидия мәселесін тағы қарастырып жатыр. Ойылда мал басын ең кем дегенде 300 мыңға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Соған күш салу керек. Бұл ауданда 1 миллион гектардан астам жайылымдық, 100 мың гектардан астам шабындық жер бар. Мал азығы мәселесін шешу үшін осы жерлерді тиімді пайдалану қажет, — деп Бердібек Сапарбаев ауданның жаңа әкімін қолдап, бірге жұмыс жасау керектігін айтты.

60  оқушыға еліміздегі киелі жерлерді саяхаттауға тегін жолдама  берілді

Бердібек Сапарбаев сапар барысында «Бақытты бала» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты. Мұнда  облыс әкімі балалардың робот техникасындағы, спорт, ғылым мен білімдегі жетістіктерінің, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың жұмыстарының көрмесін тамашалады.  Сондай-ақ, ауданаралық (Қобда, Байғанин, Темір) «Ай Керім» жас модельдер конкурсына қатысты.

Шарада сөз алған облыс әкімі ел ертеңі жастардың қолында екенін айтып, оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім алудың маңыздылығын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде:

  • Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде балалар үшін, жас ұрпақтың болашағының жарқын болуы үшін көп жұмыс жасалып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі басым бағыттарының бірі де жастар үшін арналып отыр. Ең негізгісі, біздің балаларымыз ұлттық салт-дәстүрді ешуақытта ұмытпауы керек. Балалардың заман талабына сай білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл — «Бақытты бала» жобасының басты мақсаты, — деді.

Өңір әкімі жиын барысында 60 оқушыға Астана қаласына, Түркістан және Маңғыстау облыстарының киелі жерлеріне саяхат жасауға тегін жолдама, сондай-ақ, үш мектепке 15 компьютер тарту етті. Облыс әкімі ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды да назардан тыс қалдырған жоқ. 5 балаға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарын толтыру үшін сертификат (жалпы сомасы 500 мың теңге) табыс етті.

БЕСТАМАҚ АУЫЛЫ:

МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР, ГАЗ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Бердібек Сапарбаев Ойыл ауданына сапары барысында Бестамақ ауылында да болды. Онда ол мұндағы жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысын тексерді. Сондай-ақ, Қобда-Бестамақ газ құбырының құрылыс жобасымен танысты. Халықпен кездесу өткізді.

  • Қазір мектепте 67 бала оқып жатса, 50 орындық мектеп аз болуы мүмкін. Оның үстіне ауылға басқа ауылдардан адамдар көшіп келетін болса, бала саны көбейетіні анық. Мұның бәрі ескерілуі тиіс. Сол себепті, мектептің ғимаратын 50 орындық емес, 60 орынға есептеп салу қажет. Ауылдың болашағын зерттеу керек, — деді Бердібек Сапарбаев. Ауылда қазір 200-ден астам тұрғын бар.
  • Газ келсе, ауылға көшіп келушілер көбейеді. Қазірдің өзінде көшіп келгісі келетіндер бар. Жақында 8 отбасы көшіп келмек, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Бестамақ ауылына Қобдадан газ тартылатын болады. Жобаны жүзеге асыру Қобда және Ойыл аудандарының 5 елді мекенін газбен қамтуға мүмкіндік береді. Газ құбырын келесі жылы  іске қосу жоспарланған.

320 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТЕ 51 ОҚУШЫ ОҚЫП, 43 АДАМ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ 

Бердібек Сапарбаев сапар барысында Бегалы ауылындағы модульді кітапханаға, мектеп пен медициналық қызмет көрсету пунктіне барды. Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде олардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, барлық сұрақтарына жауап берді.  Тұрғындар газ мәселесін көтерді.

  • Жақында Қобдадан Бестамақ ауылына дейін қашықтығы 70 шақырым болатын газ құбырының құрылыс жұмыстары басталады. Бұл бес елді мекенді, соның ішінде Бегалы ауылын да газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді өңір басшысы.

Кездесуде тұрғындар облыс әкіміне «мектебіміз жабылып қалмаса екен» деген тілектерін жеткізді. Бұдан 27 жыл бұрын еңсе көтерген білім шаңырағының қазіргі жағдайы мәз емес. Материалдық базасы ескі. Пайдалануға берілгелі бері жөндеу көрмепті. Кезінде 320 оқушыға арналып салынған екі қабатты ғимаратта қазір небары 51 бала білім алып жатыр. Сол 51 балаға 23 мұғалім сабақ береді.  Мұнда жалпы 44 адам жұмыс істейді.

  • Бүгін-ертең мектеп жабылмайды. Ауылдың болашағы мектепке байланысты. Мектептің болашағы халыққа, бала санына байланысты. Сол себепті, бала саны көбейсе, мектеп жабылмайды. Ауылға газ беріледі. Соның арқасында мұнда көшіп келушілер көбейер.

1991 жылы ашылғаннан бері жөндеу көрмеген мектептің ғимаратын жөндеуге көмектесеміз. Мектептің жағдайы нашар. Спорт залдың төбесінен тамшы ағып тұр. 320 орындық мектепте 51 ғана бала оқиды. Көп кабинеттер бос тұр. Бұл —  бюджетке шығын. Өйткені, жылу, жарық керек. Сол себепті, ғимаратты  тиімді пайдалану қажет, — деді облыс басшысы.

Басқосуда сөз алған ауыл ақсақалы облыс әкіміне ауыл тұрғындары атынан ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегі үшін алғыс айтты.

— 73 жылдан бері осы ауылда тұрып жатырмын. Осы уақытқа дейін біздің ауылға бірде-бір облыс басшысы келмеген еді. Жағдайымызды көріп, мәселемізді тыңдадыңыз. Ауылға газ берілетінін  айтып қуантып тастадыңыз. Газы бар ауылдың болашағы да бар. Халық саны көбейеді. Мектебіміз де жөнделіп, жаңаратын болды. «Жабылып қалады» деп қорқып жүрген едік. Жақсы жаңалықтарды естіп, көңіліміз көтеріліп, серпіліп, сергіп қалды, — деді ауыл тұрғыны.

ҚОБДАДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ

Бұдан кейін облыс әкімі Калиновка ауылының маңындағы  22 жеке қосалқы шаруашылықты біріктірген «Бимаш» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің егін егу жұмыстарымен танысты. Ұсақ шаруа қожалықтарының ірі өндіріске өтуі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы арнайы техниканы сатып алуға және 2017 жылы 120 бас ірі қара мал мен 300 қойды бордақылайтын алаңды ашуға мүмкіндік берген. Кооператив өнімді «Табыс» коммуналдық базарында сатады және ет өңдейтін мекемелерге жеткізеді.

  • Шаруашылықтың жер көлемі — 1000 гектар. Былтыр 500 гектар жерге тұқым егілсе, биыл — 910 гектарға тұқым себілді. Мұнда мал азығы дайындалады. Себебі, шаруашылықтың мал бордақылау кешені бар, — деді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы А.Туктебаев.

Өңір әкімі шаруашылық басшысына шегірткеге қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.

ЖАҢА КЕШЕН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев Самара — Шымкент тас жолындағы суағар құбырын көрді. Темірбетоннан және екі суағар тесігінен тұратын құбырдың диаметрі — 1,5 метр, ұзындығы — 18 метр.

«Қазақавтожол» МРК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Әкімжан Өтемұратов Самара — Шымкент бағытындағы тас жолдың Қобда ауылы арқылы өтетінін, бұл мәселені шешу үшін айналма жол салу қажеттігін айтты.

  • Осы мақсатта Үкіметтен үшін 4-5 миллиард теңге ақша керек. Өтінішімізді жеткізсеңіз екен, — деді Әкімжан Өтемұратов.

Бердібек Сапарбаев аудан орталығы — Қобдадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. Былтыр шілде айында басталған екі қабатты ғимараттың құрылысы аяқталған. Қазір  әрлеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 237 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Кешенде бассейн, күрес залы мен қажетті спорттық және медициналық жабдықтармен жарақтанған басқа да спорт залдары болады.

Кешен маусым айында пайдалануға беріледі.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Бұлақ ауылында болып, мектеп, ауылдық мәдениет үйін, медициналық қызмет көрсету пунктінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындармен кездесіп, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бюстіне гүл шоқтарын қойды.

  • Қазақтың қайсар қызы 19-ақ жыл өмір сүрді. Сол аз ғана ғұмырында өшпес із қалдырды. Отан үшін, халқы үшін ерлікпен қаза тапты. Біздің бейбіт тірлігіміз үшін жанын пида еткен батырларымызды еске сақтауымыз, олардың өнегелі ісін жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек.

Ең бастысы, ел ішінде тұрақтылық керек. Бірлігіміз мықты болсын, — деп облыс әкімі ауыл тұрғындарын келе жатқан мерекелермен құттықтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*