Басты бет » Спорт » Ақтөбедегі алғашқы спартакиада

Ақтөбедегі алғашқы спартакиада

Кеше Ақтөбеде Астана қаласының 20 жылдығына орай сыртқы мемлекеттік аудит органдары қызметкерлері арасында І республикалық спартакиада басталды.

Екікүндік жарысқа республиканың 11 облысынан 300-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.  Қатысушылар спорттың волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, дартс және шахмат сынды 5 түрі бойынша сынға түсуде.

Шараның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барша қатысушыларды  І республикалық спартакиаданың басталуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

Сыртқы мемлекеттік аудит органдары қызметкерлері арасында І республикалық спартакиаданың шымылдығы Ақтөбе қаласында түріліп, ең алдымен Ақтөбеде өтіп жатқандығы біз үшін үлкен құрмет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортқа қандай көңіл бөліп жатқандығы баршаңызға белгілі.  Спорттың адам үшін, қоғам үшін, мемлекет үшін маңызы зор. Сондықтан кем дегенде халқымыздың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы керек. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара басқа да мемлекеттік органдарға үлгі болады деп ойлаймын. Спартакиада ұйымдастырушыларына облыс басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, — деді Б.Сапарбаев.

Шара барысында есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың құттықтау хаты оқылды. Онда Астананың 20 жылдығына арналған спартакиаданың есте қаларлық елеулі оқиға болып қалатындығы айтылған.

Елбасы білім алу мен саламатты өмір салтының шынайы жетістіктеріне жетуді мақсат етіп өмір сүрудің маңыздылығын дәл айқындап берді. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде республика үлкен спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл мемлекеттің халықаралық имиджін арттырады. Қуатты Қазақстанның символы — Астананың 20 жылдығына арналған спартакиада өткізу есте қаларлық оқиға болып қалады және елімізге деген патриоттық және мақтаныш сезімімізді нығайтады, — делінген құттықтау хатта.   

Айта кетейік, спартакиада мамырдың 5 күні «Әлихан» спорт кешенінде қорытындыланып, жеңімпаздар арнайы кубоктармен марапатталатын болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*