Басты бет » Жаңалықтар » Азық-түлік бағасы бақылауда

Азық-түлік бағасы бақылауда

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Ақтөбе қаласындағы «Дина» мен «Анвар» супермаркет желілерін аралады. Мақсат —  азық-түліктің бағасы мен сапасын бақылау.  

Қайрат Бекеновтің айтуынша, әлеуметтік желілерде азық-түліктің бағасы мен сапасына қатысты халықтан түсетін шағым көп. Көпшілігі анонимді түрде наразылықтарын білдіреді. «Дина» супермаркет желісінің директоры Алмас Елеуовтің айтуынша, облыстық әкімдікпен арадағы меморандумның талабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар 12 азық-түлік түріне он пайыздан артық үстеме ақы қосылмайды. Қазір қалада 12 «Дина» супермаркет желісі жұмыс істейді. «Нұр Ақтөбе» ауданы мен Хромтау қаласында жаңа супермаркеттің құрылысы жүріп жатыр. Директордың айтуынша, дүкендердегі баға бақылауда болады.

Азық-түліктің сапасын қараған мамандар кейбір олқылықтарға ескерту берді. Жергілікті азық-түлік тауарларын көрнекі жерге қойып, қай жерде өндірілгенін жазып қоюды тапсырды. Жалпы дүкенде баға тұрақты. Мәселен,  картоптың бағасы 70 теңгеден басталса, пияз — 100, қырыққабат — 112 теңге.

— Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы шағымданады. Бір ескеретін нәрсе, олқылықты байқаған азамат жазбаша түрде арыздануы керек. Бұлай болмаған жағдайда қадағалаушы органдар өздігінен барып дүкенге тексеру жүргізе алмайды. Сондықтан әрбір тұтынушы өз құқығын қорғап, баға немесе сапаға қатысты кемшілікті байқаса, міндетті түрде жазбаша шағым түсіргені жөн, — деді облыс әкімінің орынбасары. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева да бұл пікірді қостады. Департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшасында электронды адрес пен телефондар көрсетілген. Тұрғындар осы байланыс құралы арқылы да шағым түсіре алады.

Арнайы топ «Анвар» супермаркетіне барды. Бұл жерде де бағаны қарап, сатушылардан арнайы құжаттарды сұрады. Кейбір кемшіліктерге байланысты ескерту берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*