Басты бет » Жаңалықтар » Пилоттық жоба: қауіпсіздік және тиімділік

Пилоттық жоба: қауіпсіздік және тиімділік

Ақтөбеге келген БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ Даму Бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мен Еуропалық Одақтың Ынтымақтастық бөлімінің Қазақстандағы делегациясының басшысы Иоханнес Стенбек Мадсен Ақтөбе су қоймасына барды. Делегация Еуропалық Одақ пен БҰҰДБ «Ақтөбе облысындағы гидротехникалық құрылысты кешенді қолдану және қауіпсіздік» атты бірлескен пилоттық жоба аясында орнатқан жаңа ерте алдын-алу ескерту жүйесін аралап, оның жұмыс жасау принципімен танысты.

Пилоттық жоба аясында Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларында жаңа жүйлерді енгізу бағыттары қарастырылған. «Қазақ су шаруашылығы» РМК Ақтөбе бөлімшесінің басшысы Бекзат Наметовтің айтуынша, аталған қоймалардағы жаңа пилоттық жобалардың бағыттары екі түрлі:

— Мәселен,  Ақтөбе су қоймасындағы ескерту және мониторинг жүйесін автоматтандыру төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін құтқару мен келтірілетін залалдың мөлшерін азайтуға септігін тигізеді. Ал Қарғалы су қоймасында су әлеуетін пайдалану арқылы электр энергиясын алу үшін шағын су электр станциясын салуға техникалық экономикалық негіздеме жасалды. Екеуі де біздің өңір үшін маңызды жобалар. Қазіргі уақытта осы техникалық экономикалық негіздемені құжат жүзінде қалдырмай, іске асыруға 3 миллиард 400 миллион теңге көлемінде қаражат қажет, — дейді ол.

Төтенше жағдайлардың алдын алудагидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз болуы аса маңызды. Дамбалардың қирауы ауыздықтауға келмейтін ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екендігі белгілі. 2012 жылдың наурыз айында Оңтүстік Қазакстан облысында болған күшті су тасқыны бір миллиард теңгеден астам залал келтірді, ал Актөбе облысында өткен жылдың сәуір айында болған су тасқыны салдарынан Ақтөбе және Сазды су коймаларындағы судың деңгейі секундына 790 м3 жылдамдықпен көтерілді. Абырой болғанда 700-ден астам адам дер кезінде эвакуацияланды. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін ірі дамбалардағы қауіпсіздік жүйелері мықты болуға тиіс.

Еуропалық Одақтың Ынтымақтастық бөлімінің Қазақстандағы делегациясының басшысы Иоханнес Стенбек Мадсен мырзаның айтуынша, бұл пилоттық жобалар экономиканы диверсификациялауға, баламалы энергия көздерін іске қосуға, осылайша жасыл экономиканы дамытуға септігін тигізеді.

— Ақтөбе су қоймасына судың температурасын, қысымын өлшейтін, су тасқыны қаупін ескерте алатын арнайы датчиктер қондырылды. Бұл Германиядан әкелінген сапалы құрылғылар. Датчиктер арнайы жүйеге хабар береді, содан соң судың қысымы көтеріліп кетпесі үшін қанша көлемде су жіберу қажеттілігі ескертіледі. Бұл Қазақстан үшін пилоттық жоба, алғаш рет Ақтөбе су қоймасында тестілеуден өткізіледі. Әлемнің дамыған елдерінде мұндай жүйе бойынша жұмыс істеп жатқан құрылғылар баршылық, — дейді Иоханнес Стенбек Мадсен.

БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДаму Бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомураның айтуынша, пилоттық жобалардың тек Қазақстан үшін емес, халықаралық деңгейде маңызы зор.

— Бұл — Ақтөбедегі 500 мың тұрғынның қауіпсіздігі. Мұндай ауқымды жобаны Еуропалық Одақтың қолдауынсыз жүзеге асыра алмас едік. Бұл тек қауіпсіздік мәселесін ғана шешпейді, баламалы энергия көздерін алуға септігін тигізеді. Бұған қоса халықаралық деңгейдегі 2015-2030 жылдарға арналған апат қаупін төмендетуге бағытталған Сендай бағдарламасының орындалуына да үлесімізді қосып отырмыз. Аталған жоба еліміздің басқа да аймақтарында орнатылса, дұрыс болатын еді. Себебі Қазақстанда 1700 дамба болса, соның 70 пайызының көлемі Ақтөбе су қоймасының дамбасымен шамалас. Бұл дегеніміз 1700 қауіпті аймақ һәм 1700 мүмкіндік бар деген сөз.  Яғни, осындай дамбаларға әлгіндей «ақылды» жүйелерді орнату арқылы оларды энергия көздерін алатын, басқа да әлеуметтік, экологиялық мәселелерді шешуге пайдаланатын бизнес модельге айналдыруға болар еді, — дейді Норимаса Шимомура.

Ақтөбе су қоймасының жұмысымен танысқан қонақтар автоматтандырылған ескерту және мониторинг жүйесін іске қосып көрді. «Қазақ су шаруашылығы» РМК Ақтөбе бөлімшесінің басшысы Бекзат Наметовтің айтуынша, су тасқыны қаупі төнген жағдайда дауыс күшейткіш арқылы хабарланатын ескерту тұтас қалаға естілетін болады…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*