Басты бет » Құқық » «Түнгі сот» керек пе, жоқ па?

«Түнгі сот» керек пе, жоқ па?

Облыстық сотта «Түнгі сот» пилоттық жобасы талқыланды. Бұл жобаның мақсаты — әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша іс жүргізу рәсімдерін жеңілдету, мәселелерді қысқа уақыт ішінде шешу, сот дауын тараптардың жұмыс уақытынан бөлек, яғни кешкі мезгілде шешу арқылы олардың уақытын үнемдеу. Әзірге пилоттық жобаны Астана, Алматы қалаларында енгізу көзделіп отыр.

Облыстық сотта өткен жиынға Жоғарғы Соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменова, облыс судьялары, прокурорлар, облыстық адвокаттар алқасының, ІІД көші-қон полициясы, жол полициясы, сақтандыру компаниялары өкілдері қатысты.

Аудандық соттар онлайн режимде қосылды.

Жоғарғы Соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменованың айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері тым көп, сондықтан «Түнгі сот» пилоттық жобасын әкімшілік сотта енгізу қажет. Судьяның пікірінше, істің түнгі сотта қаралуы оның шешімін тез табуына, тараптардың одан әрі дау қумай, істі жылдам тоқтатуға септігін тигізеді. Жол полициясы өкілдерінің де пікірі осыған саяды: жолда жүру ережелері бұзылған кезде айыпкер кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтеуге дайын болса, дер кезінде шешім шығару мақсатында «Түнгі сот» жобасын енгізу қажет.

«Түнгі сотта»сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды, ұсақ бұзақылық істерін, өзгенің мүлкіне қатысты материалдық шығын келтіру, көші-қон заңнамасын бұзу туралы істерді қарау да ұсынылып отыр.

Жиналыс барысында «Түнгі сот» іске қосыла қалған жағдайда судьялардың жұмыс жүктемесін реттеу, құжаттарға өзгерістер енгізу сынды мәселелер де айтылды.

Жоғарғы Соттың судьясы облыс судьяларының қатысуымен«Соттағы келісу рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыруға қатысты да семинар өткізді. Бұл жобаның мақсаты — тараптардың ымыраға келуіне ықпал ету. Жоба бойынша сот тараптарға алдын ала татуластыру рәсімдерін қолданудың түрлері мен артықшылықтары туралы түсіндірме хабарламасын жолдайды.

Айта кету керек, «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылған жағдайда кешкі сағат 18.30-22.00 аралығында жұмыс істейтін болады. Ақтөбелік судьялар «Түнгі сот» жұмысы кестесін кешкі алты жарымнан емес, жетіден бастауды ұсынды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*