Басты бет » Жастар » Рейд: «Түнгі қаладағы балалар»

Рейд: «Түнгі қаладағы балалар»

Тәулік бойы тыным таппай, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын тәртіп сақшыларының бірі — ювенальды полиция. Инс­пекторлар үнемі ата-аналар және оқушылармен  жүйелі түрде кездесулер өткізіп, еліміздегі заң нормаларын түсіндіреді. Әрі түнгі мезгілде жүретін жеткіншектерді бақылауға алып, олармен жұмыс жүргізеді.

Ақпан айының 14-17 аралығында «Түнгі қаладағы балалар» атты облыс көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерге арналған рейд ұйымдастырылды. Сазды полиция бөлімінің инспекторлармен бірге, біз де рейдке шығып, түнгі қалада жүретін балаларды тексеріп қайтқан едік.

ЖАСӨСПІРІМДЕР КОМПЬЮТЕР ОЙЫНДАРЫНА ҮЙІР

Жасөспірімдер қылмысының көпшілігі ата-ананың бақылауынсыз қалған балалардың қатысуымен орын алады екен.Тәртіп сақшылары осы іс-шара арқылы кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді.

Біз алдымен Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювенальды полиция тобының аға инспекторы Нұргүл Жолдыбаевамен тілдестік.

— «Түнгі уақыттағы балалар» жедел профилактикалық шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Қазақстан Республи­касының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, кәмелеттік жасқа толма­ған балаларға түнгі сағат 23:00-ден таңғы 6-ға дейін ата-анасының және оған құқы бар заңды өкілдердің қарауынсыз ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүруге болмайды.Ол үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бүгінгі рейдке 51 жергілікті полиция қызметкері мен білім беру ұйымдарының мұғалімдері шықты, — деді ол.

Сағат тілі 23.00-ді көрсеткенде арнаулы инспекция өкілдерімен бірге Ақтөбе қаласындағы Болашақ ауданынан басталған түнгі рейд барысында бірқатар оқиғалардың куәсі болдық. Бұл күні рейдке бір автобус пен бірнеше қызметтік көлік жұмылдырылды. Ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда, жастар көп жиналатын ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау жұмыстарын жүргізді. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді әсіресе компьютерлік ойын-сауық орталықтарынан жиі кезіктірдік.

Мәселен, 12-шағын аудандағы «S GAME» компьютер клубы маңынан колледж оқушысын тоқтаттық. Ол өзінің ағасымен бірге жүргенін сылтауратты. Алайда, мұндай жағдайда аға-апа, туған-туыстың кәмелетке толмаған баланың әрекетіне жауап беруге құқы жоқ екен.

Рейд кезінде қаладағы Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі мен Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің, сондай-ақ №19 мектептің оқушылары жиі кездесті.

Сағат түнгі 12-нің шамасында біз шаһардағы жастар жиі баратын ойын-сауық орталықтарының бірі «Керуен ситиге» бет алдық. Осы уақыттың өзінде мұнда

жиналған халықтың саны көп. Рейдке қызметтік киімін кимей шыққан кейбір тәртіп сақшылары орталықты мұқият тексеріп шықты. Ұсталған жасөспірімдер ішкі істер бөліміне жеткізіліп, ата-аналары шақыртылды. Олардан түсініктемелер алынып, ескертулер берілді. Бұл жағдайда ата-аналардың көпшілігі, баласының мұз айдынына коньки тебуге кеткенін немесе досының үйіне қонуға сұранғанын айтады. Сондықтан әрбір ата-ана баласының түнгі уақытта жалғыз жүрмеуін қатаң қадағалауы тиіс.

ҚАНДАЙ ШАРАЛАР КӨЗДЕЛГЕН?

Түнделетіп көше кезіп жүр­гендердің ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал ата-анасы ауылдық жерде немесе басқа қалада болса, кәмелетке толмаған баласын қараусыз қалдырмай, сенімхат арқылы үлкендерге тапсырып кетуі керек. Сенімхаты жоқ туысқандар бала үшін жауап беруге дәр­менсіз.

Жүргізілген рейд барысында 9 ата-ана бала тәрбиесінде өз міндеттерін атқармағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

РЕЙД ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 144 ЖАСӨСПІРІМ АНЫҚТАЛДЫ

Рейд жұмыстарының қорытындысы бойынша 323 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Облыстық ішкі істер басқармасына кәмелеттік жасқа толмаған 144 жасөспірім жеткізілді.

Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Ботагөз Бисенова осы уақытқа дейін өткізіліп келген рейдтерде ата-аналар бала тәрбиесіне салғырттық танытатынын жеткізді. Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмай жатып көше кезіп, қаңғыбастылыққа салынған баласы үшін ең алдымен ата-анасы жауапты.

— Рейд барысында түнімен көз ілмейтін жастардың саны аз емес екенін байқап отырмыз. Жасөспірімдер қылмысы мен оның алдын алу бүгінгі күні өте маңызды мәселеге айналды. Балалардың көше кезіп, теріс жолға түсуі немесе бұзақылыққа баруы ата-анаға да байланысты. Мұндай оқиғалар негізінен бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін отбасыларда жиі кездеседі. Сол себепті де осындай бақылау жұмыстарына жиі шығып тұрамыз. Мұндай шаралар балалардың түнгі уақыттарда зәбір көруіне, келеңсіз оқиғаларға тап болуына тосқауыл қояды, — дейді ол.   

 Гауһар ҚАЗМҰХАНБЕТОВА, психолог:

 БАЛА ТӘРБИЕСІ — ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК

— Балаға ең алдымен өзінің отбасы тәрбие береді. Егер отбасында баланың рухани дамуына, жетілуіне көңіл бөлінбесе, онда ол бала ертең бас ауруымызға айналуы мүмкін. Дұрыс тәрбие көрмеген ұл-қыз тек ата-анасының ғана емес, бүкіл қоғамның, елдің, тіпті адамзаттың ең үлкен проблемасына айналуы әбден ықтимал. Ата-аналардың білім беру мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста болуы да аса маңызды.
Кешегі ата-бабамыз бұзақы жастарды көргенде, ең алдымен «Бұл баланың ата-анасы қайда, неге баласына дұрыс қарамайды?» деп, себебін әке-шешеден іздейтін. Осыған көп көңіл бөлуіміз керек.

Елімізде соңғы жылдары кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыс жасауының белең алуы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі айтылып жүр. Жасөспірімдердің бір-біріне қару кезеп, арты өліммен аяқталған оқиғаларды да естіп, біліп жүрміз. Бұған кім кінәлі? Балалардың қылмыс жасауына не себеп?

Олардың әртүрлі іспен шұғылданбауы немесе жан-жағындағы  қоршаған ортасының, айналасындағы достарының немесе біреудің қорқытуы арқылы қасақана қылмыс жасауға түсіп кетуi көп болып  жатады. Сондай-ақ түрлі компьютерлік ойындар да балалардың психологиясына кері әсер етеді.  Яғни тапжылмай ұзақ уақыт көгілдір экран алдында отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының өзгеруіне әсер етеді. Бұған кейбір ата-ана мән бермейді. Сондықтан бала тәрбиесі — бұл дүниедегі барлық істен жоғары тұратын ең үлкен жауапкершілік.

 Р.S. Тәртіп сақшыларының тексерістері балалардың қауіпсіздігі үшін. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Сондықтан жет­­кіншектердің түнгі уақытта жалғыз өзі жүр­меуін ата-аналар қатаң қа­даға­лауы тиіс. Мұндай шара өзін-өзі қорғай алатындай жағдайға жете қоймаған жас­өспірімдерді әртүрлі заңбұзушылықтан сақтайтынын ес­тен шығармаған жөн.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*