Басты бет » Денсаулық » Балалар онкогематологиялық орталығын ашу жоспарлануда

Балалар онкогематологиялық орталығын ашу жоспарлануда

Ақтөбе медициналық кластерін әрі қарай дамыту аясында балалар онкогематологиялық орталығын ашу жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру мәселесі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен әлемдегі жетекші балалар онкогематологы, «Шаритэ» университеттік медициналық кешенінің профессоры (Германия) Гюнтер Хенценің кездесуінде талқыланды.

«Елбасы тапсырмаларына сәйкес Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың ауқымды жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған халықтың өмір сүру ұзақтығының өскендігі дәлел. Бұл жерде, әрине, дәрігерлердің еңбегі зор. Сіздер балаларды емдеп, олардың өмірлерін құтқарып ұлы іс атқарып жатсыздар», — деді Б.Сапарбаев.

Облыс басшысы өңірдегі медицинаның дамуында айтарлықтай жетістіктер барын айтып, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізе отыра, халыққа медициналық көмек көрсету сапасын әрі қарай арттыру, кәсіби мамандарды даярлау, тиімді түрде емдеу, ауруды ерте кезінде анықтап, оның алдын алу  қажеттігін атап өтті.

«Біздің міндетіміз — онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың жоғары дәрежелі медициналық көмек алуы үшін барлық жағдайды жасау. Келешекте мұнда Батыс Қазақстанның барлық өңірлерінен келетін балалар ем алатын болады», — деп атап өтті ол.

Өз кезегінде профессор Хенце Ақтөбедегі жобаның жүзеге асырылу мүмкіндігіне жоғары баға беріп, мамандарды даярлауда жәрдем беруге дайын екендігін білдірді.

«Бірнеше күн бойы біз облыстық балалар ауруханасындағы жағдайды зерттедік. Менің ойымша, бастапқы мүмкіндіктер өте жақсы. Онкологиялық орталықтар өзге бөлімшелермен бірге жұмыс жасаулары керек, өйткені, қатерлі ісікті емдеу кезінде түрлі саланың мамандары тартылады», — деп түсіндірді ол.

Денсаулық сақтау саласының басшысы Әсет Қалиевтің мәліметіне қарағанда бүгінгі күні өңірде онкологиямен ауыратын 167 бала бар. Жыл сайын балалар арасында жаңа дерттің 30-35, елдің батыс облыстарында шамамен 140 жағдайы тіркеледі.

Қазақстанда қазіргі таңда балалар қатерлі ісігін емдеумен тек Астана мен Алматыдағы мамандандырылған екі орталық қана айналысады. Мәселен, Германияда олардың елу шақтысы бар. Сондықтан, аталмыш орталықтың Ақтөбеде салынуы мейлінше өзекті болып тұр.

Гюнтер Хенценің есімі дүние жүзіндегі балалар онкогематологиясының дамуымен  байланысты. Ол жедел лимфобластикалық лейкемия мен ходжкиндік емес лимфаны емдеу хаттамасының авторы. Оның ғылым мен денсаулық сақтау тәжірибесіне қосқан үлесінің арқасында 1990 жылы Германияда балалардың онкопотологиясын емдеп жазу 70%-ға жетті. 1998-2011 жылдары балалар онкологиясының халықаралық қоғамын басқарды. 2012-2016 жылдары Қазақстанда заманауи бағдарламаларды бейімдеу мен балалар онкологиясын емдеу мәселелеріне жетекшілік етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*