Басты бет » Экономика » Мұнай мен газ өндіру көлемін арттыру керек

Мұнай мен газ өндіру көлемін арттыру керек

2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста 6,2 миллион тонна мұнай мен 7 миллиард текше метр газ өндірілуі тиіс. Мұндай тапсырманы облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өнеркәсіпті дамытудың 2017 жылғы қорытындысы мен ағымдағы жылғы міндеттері туралы жиында берді.

«Біз нарықтың негізгі беталысы мен өңірдің әлеуетін үнемі талдап отырамыз. Экономиканың әрі қарай өсуі үшін барлық мүмкіндіктің бар екенін білеміз. Барлық өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларынан шығарылатын өнім көлемінің төмендеуіне жол бермеуді қадағалауларын сұраймын. Бұл, әсіресе, мұнайшыларға қатысты. Жалпы, осы жылы кем дегенде 2 триллион теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілуі тиіс», — деді облыс әкімі өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары қатысқан жиналыста.

2017 жылы облыс өнеркәсібі 5% өсіп, ақшалай 1,5 триллион теңгеге жетті. Шамамен 6 милион тонна мұнай мен 6,6 миллиард текше метр газ өндірілді.

Жиын барысында индустриялық және өнеркәсіптік дамудың қорытындылары талқыланды. Тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу,  кәсіпкерліктің экспортқа бағдарланған субъектілерін қолдау, қазақстандық мазмұнды арттыру жұмыстары қанағаттанарлықсыз деп танылды. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен жүйе құрушы кәсіпорындардың  сатып алуындағы жергілікті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үлесі 49,1% -ды құрады.

«Қазақстандық мазмұн бойынша өсім бар, бірақ ол жеткіліксіз. Ақтөбе облысында, Қазақстанның өзге облыстарында өндірілетін өнімді шетелден тасымау керек. Әзірге мен жақсы басқару жұмысын көріп тұрған жоқпын. Жүйе құрушы компаниялардың төңірегінде шағын және орта бизнес субъектілерін дамытудың серіктестік бағдарламалары тиімді жүзеге асырылмаған», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Тиісті басқарма басшысы Ерлан Назаровқа көрсетілген бағыттар бойынша жұмысты күшейту, сонымен қатар Елбасының кәсіпорындарды, ИИДМБ жобаларын жаңғырту мен цифрландыру бойынша тапсырмасының жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алу, қаржы тарту және резервтегі кен орындарын игеру тапсырылды.

Облыс әкімі жер қойнауын пайдаланушыларға олардың келісімшарттық міндеттерінде қарастырылған қосымша геологиялық жұмыстарды жүргізу қажеттігі жайында еске салды.

Сондай-ақ, облыс басшысы жыл басынан бері қызметкерлердің еңбекақысын кем дегенде 10-15% көтеру бастамасын қолдаған кәсіпорын басшыларына алғысын білдіріп, қалғандарына еңбекақыны 1 наурызға дейін индекстеуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*