Басты бет » Жаңалықтар » Қазақ спорты — ұлттық сананың өнімі

Қазақ спорты — ұлттық сананың өнімі

Жолдау

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Сананы жаңғыртудағы ұлағатты істер» тақырыбында конференция өтті. Астананың 20 жылдығына орай  ұйымдастырылған шараның мақсаты — Елбасы Жолдауын насихаттау, жас спортшыларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу,   рухани дамыту, адами құндылықтарды бойларына сіңіру.

Жиында  облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттерге тоқталды.

Жолдауда айтылған бағыттардың бірі — адами капиталды дамыту. Біз міндетті түрде дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуіміз керек. Ол үшін экономика, өндіріс, ауыл шаруашылығы секілді бірнеше бағыттты жетілдіру керек. Бірақ біздің халық дамыған отыз мемлекеттің қатарында тұратындай деңгейде ме? Осы сұрақтар туындаған кезде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады, — деген облыс әкімінің орынбасары жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында облыста жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мән-мағынасын жастарға түсіндірді. Аталған  мақалада Елбасы  «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.

Отансүйгіштік сезім әр адамның кіндік қаны тамған жерінен, өскен ауылынан басталады. Осы ретте Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  Қазақстан халқы ассамблеясы және  әлеуметтік  саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының  кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин «Тектілік — адами капитал негізі» тақырыбында баяндама жасады.

«Қоғамдық сананы жаңғыртудағы ұлағатты істер» деген мәселеге тарихи тұрғыдан  қарау керек. Оның ішінде спорт — жастардың  сүйікті ісі болуы тиіс. Мәселен, ұлттық спорттың арқасында ата-бабаларымыз керемет ұл-қыздарды тәрбиелеп, әлем мойындаған тұлғаларды шығарды. Батыр, жырауды алып қарайық, олардың барлығы үлкен территорияны қорғауға жастайынан машықтанған.  Осы тұрғыдан қарасақ, спортты ұлттық сананың өнімі деуге болады, — деген ғалым жастарға осы мәселені жан-жақты түсіндіріп берді.

Сондай-ақ  жиында тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмира Сражова, «Берлин — 2017» жүзу чемпионатының қола жүлдегері, «Пандус. Ок» әлеуметтік жобасының авторы Шахан Жолдасбаев спорт сүйер жастарға  ақыл-кеңесін айтса,  әр саладағы белгілі азаматтар жиында өз ойларын ортаға салып, жастардың патриоттық сезімін оятты.

Жиын соңында облыстың абыройын биіктеткен спортшыларға гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар беріліп, құрмет көрсетілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*