Басты бет » Жаңалықтар » 7 жер учаскесі 38 млн теңгеге сатылды

7 жер учаскесі 38 млн теңгеге сатылды

Аукцион

Кеше Ақтөбе қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызмет көрсету аясында өнеркәсіптік-азаматтық бағыттағы құрылыстар үшін 8 жер учаскесін жалға беру бойынша аукцион өтті.

Биыл жыл басынан бері екінші рет өткізіліп отырған аукционға бұл жолы 8 жер учаскесі шығарылды. Олардың қатарында көпқабатты тұрғын үйлерді, сауықтыру кешенін, авто қызмет көрсету кешенін, дәрігерлік амбулатория мен демалыс базасын (жағажай) салуға арналған жер учаскелері бар.

  • Бүгін 8 жер учаскесін аукционға шығарып отырмыз. Жалпы жер учаскесінің көлемі 4,6 гектарды құрайды. Барлық жер учаскелері үш жылға жалға беріледі. Бүгінгі аукционда жеңімпаз болып танылған жер пайдаланушы алған жер учаскесін пайдалану үшін бірінші жылы құжаттарды рәсімдеп, сараптама жұмыстарын жүргізсе, одан кейін екі жылда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуі керек. Ал ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін жер пайдаланушы жер учаскесін ұзақ мерзімге жалға алуға құқығы бар. Немесе оны сатып ала алады, — дейді Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев.

Аукцион барысында әр жер учаскесі туралы мәлімет беріліп, бастапқы бағасы айтылып отырды. Ағылшындық әдіс бойынша жүргізілген аукционға қатысушылар көп болды. Жер телімдерін алуға таласып қалғандар да болды. Алайда ережеге сәйкес ең жоғары баға ұсынған адам жеңімпаз деп танылады. Аукцион қорытындысы бойынша 7 жер учаскесі

38 млн теңгеге сатылды.

  • Ясный ауылының тұрғындары қала әкімімен кездесу кезінде елді мекенде дәрігерлік амбулатория салу туралы өз өтініштерін білдірген болатын. Бүгінгі аукционда сол ғимараттың құрылысын жүргізу үшін жер учаскесі сатылды, — дейді Ұшқын Мыңбаев.

Айта кету керек, өткен жылы аукцион арқылы 379,41 млн теңгеге жалпы көлемі 57,2 гектар 99 жер учаскесі сатылды. Ал бұл 2016 жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*