Басты бет » Мәселе » Қыздар неге төбелеседі?

Қыздар неге төбелеседі?

Қазір әлеуметтік желідегі жас қыздардың жаға жыртысып, бірін-бірі аяусыз ұрып-соғып жатқан көріністеріне көз үйренді. Оның ішінде жасөспірім қыздардың жанжалын жиі көреміз. Соңғы кезде Ақтөбеде қыздар төбелесіне қатысты әңгіме жиі айтылып жүр. Жалпы қыздар неге төбелеседі?

Жап-жас қыздардың төбелесіне не себеп? Психолог мамандардың пікірінше, бұндай жайттар қыздардың «өтпелі» кезеңінде жиі орын алады. Олар өз қатарластарының арасында мықты болып көрінгісі келеді. Ашу-ызаға жиі бой алдырады. Бұған қоса алғашқы махаббат, мектеп ішіндегі әртүрлі жағдайлар да жас қыздардың сөзге келуіне себеп болады. Соңғы жылдары  қыздар арасындағы төбелесті әлеуметтік желіге тарату жиіледі. Мамандардың пікірінше, оның соңы кек алумен аяқталып жатады. Студент қыздар арасындағы төбелестің де себебі көп. Әсіресе, мектеп жасынан төбелеске бейім, тәрбиесі нашар қыздар студент кезінде де жанжалдың бел ортасында жүреді.  Жанжалға себеп болатын жағдайлар —  махаббат, яғни жігітке таласу, қызғаныш және ақшаға қатысты болатын көрінеді. Кейінгі кезде Ақтөбеде қыздар арасында төбелестің жиі болатыны айтылып жүр. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте де талқыланған болатын.

Жалпы өткен жылы облыста жасөспірімдерге қатысты 159 қылмыстық іс аяқталған.   Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі  Ақтолқын Өтешованың айтуынша, қыздар арасында ұрлықпен ұсталғандар бар. 2016 жылы бір дерек тіркелген. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің жас айырмашылығы 16-18 жас арасы. Қылмыс жасаған оқушылардың 43-і — мектеп, 64-і колледж оқушысы. Қылмыстың сексен пайызын мектеп инспекторлары ашып отыр. Облыс бойынша барлығы 128 мектеп инспекторы жұмыс істейді. Бір инспекторға 2-3 мектеп бекітілген. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы мектептерді 66 инспектор қадағалайды. Бұған қоса оларға  қоғамдық қауіпсіздікті бақылау да міндеттелген. Қалада өткізілетін түрлі іс-шараларда мектеп инспекторлары жүреді.

Өткен жылы инспекторлар бала алдындағы міндетін толық орындамағыны үшін ата-аналарға қатысты 167 материалды сотқа жіберді. Соттың шешімімен 56 ата-ана бала алдындағы жауапкершілігінің жоқтығынан ата-ана құқығынан айырылды. Жалпы инспекторлардың жұмысы өте ауыр. Былай қараған жұртшылық оларды бос жүргендей көреді. Шын мәнінде олар еңбектеніп жүр, —деді Ақтолқын Өтешова.

Төбелестің себебі не?

Қоғамда студент қыздар да, оқушы қыз балалар да төбелесетіні анық. Әлеуметтік желідегі жас қыздардың шаштарын жұлып, теуіп, тістеп, бірін-бірі аяусыз ұрып жатқан төбелесіне қарап отырып, кейде адамдар аяушылық сезімнен айырылған ба деген ойға қаласың. Жұдырықтасқыш қыздардың тілі де жүйрік. Небір былапыт сөздерді айтқанда төбе шашың тік тұрады.

Психологтардың пайымынша, колледе оқитын  қыздардың арасында төбелес жиі болатын көрінеді.  Себебі  жас-өспірім қыздардың мінезі әлі толық қалыптаспағандықтан, қызуқандылыққа салынады. Ақтөбе қаласындағы көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің педагог-психологі Гүлсім Шүйінішбаеваның айтуынша, осыдан 3-4 жыл бұрын оқу орнында қыздар төбелесі кездескен.

Колледжге ауыл-аймақтардан келетін оқушылар көп. Осыдан 3-4 жыл бұрын қыздардың шаштасып, бір-бірінің бет-ауызын тырнап,  төбелесіп жататын оқиғалары кездесті. Ұлдар Шалқар, Арал, Мақат болып бөлініп алып, төбелесетін. Ал қазір қыздар арасындағы бұндай келеңсіз қылықтар тыйылды. Ұлдардың арасында әлі де кездеседі.  Жалпы қандай қыздар төбелеседі? Бойында психикалық ауытқуы бар,  дұрыс тәрбие көрмеген, ата-анасы ішімдік ішетін, бір-бірімен ұрысып, жиі жанжал  шығатын отбасыларда өскен балалар өз эмоцияларын ұстай алмайды. Тез ашуланып, керісе кетеді. Жасөспірім кезде кино да мінез-құлыққа әсер етеді. Қыздар кинодан көргенін өмірде қайталағысы, сондағы кейіпкерлер тәрізді өмір сүргісі келеді. Тіпті сұлу қыздардың өзі кинода төбелесіп жатады. Төбелестің тағы бір себебі — махаббат. Жігітке таласатын қыздар бар. Бұның барлығы көңіл- күйді басқара алмаудан, нашар мінез-құлықтан болады. Егер мінез-құлқымыз дұрыс болса, тәрбиелі болсақ, өмірдегі келеңсіздіктерден аулақ боламыз. Осыны жастарға жиі айтамыз. Түрлі тренингтер өткіземіз.

Қазір жастардың арасында төбелесу «мода» емес. Қазір жастар бір-бірімен білім арқылы ерекшеленуді қалайды. Бізде оларға осыны түсіндіреміз. «Сіздердің мақсаттарыңыз — үш тілді меңгеру, білімді болу, ұлттық құндылықтарды сақтау, театрға, киноға бару» деп айтамыз. Бұрын мінезі ауыр балаларды, «қиын балалар» дейтін, ал  қазір «ерекше балалар» деп айтамыз. Ол баланың мінезі нашар болса да оған «сен жақсысың» дейміз. Себебі балаға «сен бұзықсың», «сен жамансың» деп айта беруге болмайды. Жалпы балаға тек қана жақсы нәрселерді айтып, жақсы дүниелерді көрсету керек. Оның бойында позитивті психологияны қалыптастыруымыз керек, — дейді тәжірибелі психолог.

Гүлсім Шүйінішбаеваның айтуынша, қоғамда «қылмыс көбейді», «өз-өзіне қол салушылар көбейіп барады», «адамды өлтіріп кетті», «асылып қалды» деген секілді жағымсыз ақпараттарды жиі айта беруге болмайды. Себебі жағымсыз ақпарат жастардың психологиясын бұзады. Психологтардың зерттеулерінде мынадай оқиға кездесіпті. Бір отбасының баласы күні бойы тек қана адамдарды өлтіретін ойынды қараған. Нәтижесінде баланың қан құрамы өзгеріп, оның бойында қатыгездік пайда бола бастапты. Сондықтан қазір мамандар позитивті ойлаудың психологияға тигізер әсерінің қаншалықты маңызды екенін жастарға түсіндіріп жүр.

Қандай жағдай болмасын, баланы тыңдау керек. Не себепті төбелескенін білу керек. Қазір ата-аналар балалармен сөйлеспейді. Баласының немен айналысып жүргенін, оның не ойлайтынынан бейхабар ата-ана көп. Жастардың тағы бір проблемасы — дос таба алмау. Мәселен, бір топтағы 25 баланың 18-інде дос жоқ. Досы болмаған, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста араласа алмаған жасөспірімдер кез келген жағдайда өзін-өзі ұстай алмайды. Баланы тыңдау керек. Оның ойын білу керек. Сұрақ қою керек. Баланың бойында сенім-ділікті қалыптастыру қажет. Сонда ғана бала ашылады. Психологтар баланы тыңдау арқылы ғана оған кеңес береді. Жалпы қазіргі жасөспірімдер арасындағы суицидтің, келеңсіз оқиғалардың көпшілігі отбасындағы берекесіздікке және ажырасуға байланысты. Ұзақ жылғы тәжірибемде осыны байқадым, — дейді Гүлсім Шүйінішбаева.

Бойжеткендер не дейді?

Шын мәнінде жас қыздар неге төбелеседі? Жасөспірім қыздардың өздерінен сұрап көрдік. Көпшілігі бұндай қадамға әртүрлі жағдайдың себеп болатынын айтады. Аты-жөнін айтқысы келмеген Әйгерім есімді 11-сынып оқушысы былай дейді:

— 8-9 сынып оқып жүргенде бір-бірімізбен жиі сөзге келіп қалатынбыз. Кейде болмашы нәрсеге ұрысамыз. Ұрыстың соңы,  төбелеске ұласып кетеді. Ана қыз сен туралы былай депті, «ол сені  бір жігітпен жүреді» деп айтқан деген сөздердің соңы қыздардың есеп айырысуымен аяқталады. Өзім төбелеспесем де, сондай оқиғаларға куә болдым.  Ал қазір жоғары сыныпқа көштік. Алға қойған мақсатымыз бар. Ұрыс, төбелесті ойлауға уақыт жоқ, — дейді Әйгерім.

Қаладағы жоғарғы оқу орнының студенті Шолпан  Қожанова мектепте нағыз төбелестің ортасында жүріпті. Шолпан 7-сынып оқып жүргенінде ата-анасы Шалқар ауданынан қаланың маңындағы ауданның біріне көшіп келеді. Жаңа мектептің оқушылары Шолпанды «жылы қабақпен» қарсы алмапты.

— Қазір есіме алсам, күлемін. Жаңа сыныптастарыма үйренісе алмай жалғызсырап жүрген кезім. Қала маңында болғандықтан менің сыныбымдағы қыздардың көпшілігі орысша сөйлейді. Мектепте өзге ұлт өкілдерінің балалары көп. Бірде сабақтың соңында дәретханаға кіріп бара жатқам. Шашы жалбыраған бір қыз атып шықты. Шошып кеттім. Менің оқыс әрекетімді әлгі қыз түсінбей қалды. Соңында екеуіміз шаштасып, төбелестік. Кейін ол қыздар жинап келіп маған қоқан-лоқы көрсетті. Менің алғашқы төбелесім осылай басталды. Төбелестің себебі көп. Көп жағдайда қыздар жігітке таласады. Бірін-бірі кемсітеді. «Сенің түрің, киімің нашар» дейді. Намысқой қыздар оған шыдап тұра алмайды. Ал студент кезімде ондай қыздарды көрмедім. Бірақ түнгі клубтарда ішімдік ішкен қыздардың жанжалдасып жатқандарына куә болдым, — дейді Шолпан.

Ал Жанар есімді бойжеткен қыздардың төбелесіне көп жағдайда қызғаныш себеп болатынын айтады.  Ол 9-сыныпта оқып жүргенде «ХХI ғасыр көшбасшысы» байқауынан бас жүлдені иеленеді. Қатарлас Ақмарал деген қыз қызғаныштан Жанармен төбелесіпті. Сол шайқаста  шашы жұлынғанын Жанар әлі күнге дейін ұмытпайды.

Анам мұғалім болса да менің сөзімді сөйлеген жоқ. Мектептегі қыздар жиналысында екеуімізді  бірге тұрғызып қойып, ұрысты. Үйге келген соң да сөйледі. Шындығында  менің кінәм жоқ еді, — дейді Жанар.

Жасөспірім қыздардың айтуынша, кейбір сыныптарда ер балаларға қарағанда қыздар өжет болады. Тіпті сыныптың ер балалары кейде қыздардан көмек сұрап келеді екен.

— Біздің сыныптың ұлдары әлжуаз, көп үндемейді. Сосын біз оларды басқалардан қорғап жүреміз. Өзге сыныптың балалары оларға тиіссе, бәріміз жабылып ұрып жібереміз. Мектептегі ұлдар бізден ығып жүреді. Ал сыныптың балалары бізді сыйлап, сөмкемізді ұстап, көмектеседі, — дейді 5-сынып оқушысы Анар.

 P.S.

Қыз — болашақ ана. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген де сөз бар. Қалай десек те нәзік жаратылыс иесінің төбелескені жараспайтын қылық. Осы жаман әдеттің алдын алуымыз керек. Ел болып…

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*