Басты бет » Жаңалықтар » Дербес бюджет және нақты тапсырма

Дербес бюджет және нақты тапсырма

Жергілікті атқарушы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін арттыру тақырыбындағы семинар жиын облыстың барлық деңгейдегі әкімдеріне арналды. Семинар жиналысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.

Облыс әкімінің айтуынша, ауылдар мен шағын қалалар әкімдері үшін жұмыстың тиімділігін арттыруда мұндай шараны өткізудің маңызы зор. Әсіресе бұл төртінші деңгейлі дербес бюджеттің енгізілуімен өзекті мәселеге айналып отыр.

— Біз өткен жылды жақсы аяқтап, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің барлық тапсырмасын орындадық. Өңірдегі экономика өсімі 5 пайызды құрады, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы 2016 жылғы деңгейден жоғары. Биылғы жылға арналған негізгі міндет — Президенттің ағымдағы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын орындауға бағытталған экономикалық ілгерілеуді қамтамасыз ету. Осы тапсырманың орындалуын барлық деңгейдегі әкімдер қамдануы тиіс, —  деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі төртінші деңгейлі бюджетті осы жылы енгізу екі мыңнан аса халқы бар елді мекендерді басқарып отырған ауыл әкімдеріне үлкен міндет артатынын атап өтті. «Біздің облыста төртінші деңгейлі бюджет елу ауылдық елді мекенге енгізілген. Қазіргі таңда осы ауылдардың әкімдеріне нақты есеп пен қатаң бақылау жасау өте маңызды. Сонда ғана сіздер бюджет тиімділігі мен өздеріңізге берілген тапсырмалардың орындалуына қол жеткізесіздер. Біз сіздерді осы және жаңа жылдан бастап күшіне енген өзге де жаңалықтарды тағы бір түсіндіріп, жергілікті өзін-өзі басқарудың мәселелерін  талдау үшін, оларды шешу жолдарын, сонымен қатар экономикалық өсімнің алдағы қорын анықтау үшін жинадық», — деп жалғастырды сөзін өңір басшысы.

Жиын кезінде мемлекеттік бағдарламалардың, өнеркәсіп саясатының жүзеге асырылуы, агроөнеркәсіптік және құрылыс кешендерінің, жол инфрақұрылымының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік саланың  өткен  жылғы дамуы егжей-тегжей қаралды. Осы тақырыптағы баяндамаларымен облыс әкімінің орынбасарлары және бірқатар облыстық басқарма басшылары сөз сөйледі. Сонымен бірге спикерлер жергілікті атқарушы және жергілікті өзін-өзі басқару органдардың тиімділігін күшейтуді талап ететін шараларға баса назар аударды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*