Басты бет » Әкімдер есебі » Оң өзгерістер көп

Оң өзгерістер көп

Кеше Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин өткен жылдың қорытындысы мен осы жылға қойған міндеттері жөнінде халықтың алдында есеп берді. Жыл сайын өтетін дәстүрлі кездесуге облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, сондай-ақ, басқарма басшылары мен құзырлы орган өкілдері қатысты.

Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин алдымен ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, оң өзгерістердің көптігін айтты.

— Өндірілген жалпы өнім көлемі — 15282 миллион теңге. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда, 104,2 пайыз өсімді құрады. Есепті мерзімде ауданда мал саны орташа есеппен 104 пайызға өсті.

Жалпы, ауыл шаруашылығында мал басының гендік қорын жақсарту және оның өнімділігін арттыру мақсатында малды асылдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні шаруашылықтарда жалпы саны 10295 асылтұқымды қазақтың ақ бас сиыры мен ірі қара малы өсірілуде. Асылтұқымды мал басы, өткен жылмен салыстырғанда, 138,8  пайызға өсті. Үкімет тарапынан жалпы соммасы 515,7 миллион теңге субсидия төленді. Мемлекеттік бағдарламалар жоспары орындалды, — деді ол.

Аудан әкімінің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар саны биыл 2555 адамға жеткен.

Құрылыс жайы да қарқынды дамып келеді. Пайдалануға берілген тұрғын үй ғимараттарының жалпы алаңы есепті мерзімде 28 666 шаршы метрді құраған. Соңғы дерек бойынша, ауданда жергілікті атқарушы орган, жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегіне 686 адам тіркеліпті. Ал жекелеген санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында үстіміздегі жылы аудандық бюджеттен 11,5 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға арналған жобалық құны 783,4 миллион теңгені құрайтын Хромтау қаласындағы 48 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптаманың оң нәтижесі алынды.

Аманғали Бердалин ауылдағыларды ерекше толғандыратын көгілдір отын мен ауызсу жайына да тоқталды:

— Аудан бойынша халықты газбен қамту 94,1 пайызды құрайды.

2016 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен бөлінген 271,6 миллион теңге қаражатқа  Хромтау қаласының 22 шағын ауданында газбен қамту желілерінің құрылысы аяқталған болатын.

Өткен жылы Тамды ауылының газ құбырларының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттен 65 000 мың теңге қаражат бөлініп, толығымен игерілді.  

Сондай-ақ, Жазық ауылына газ құбырының құрылысына жобалық құны 104 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаты дайындалды. Бүгінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталу мерзімі биылға жоспарланған.

Ал орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтуға келсек, ол  92,3 пайызға жетіп отыр. Былтыр Бөгетсай ауылының су құбыры желілерінің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 424641 мың теңге қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қаражат игеріліді.

Сарсай ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен сомасы 217 498 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыс та өз мәресіне жетті. Мұнымен бірге, аудандық бюджеттен Тасөткел, Қопа ауылдарына су құбыры желілерінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, — деді.

Өз сөзінде аудан әкімі Хромтау қаласы мен Дөң ауылында мектеп құрылысының жүргізіліп жатқанын, артынша жалпы соммасы 10074,5 мың теңге өлкедегі білім ордаларын жөндеуге қарастырылғанын тілге тиек етті.

Сұрақ-жауап бөлімі келгенде микрофон ұстағандардың дені атқарушы билік өкілдеріне алғыс айтумен шектелді. Тек бірнеше тұрғын ауылдарға қатынайтын такси бағасының тым қымбат екенін, оны тексеріп жатқан ешкімнің жоқтығын, жәрмеңкелерге қойылған өнімдердің хабарландыруда айтылатындай арзан еместігін, оқушыларды мектепке апаратын автобустың бөлінуін сұрап, сондай-ақ, спорт кешендерді салу керектігін айтты. Аманғали Бердалин аталған сұрақтардың аяқсыз қалмай, жан-жақты қаралатынын уәде етті. Сонымен қатар, көшелерге тротуар салу, көшелерді қазақы атаулармен өзгерту, коммуналдық қызметтердің бейқамдығына түзеу жайы да сөз болды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қай кезде де халықтың мұң-мұқтажы ескерілуі қажеттігін, бұл туралы Елбасы, облыс әкімі де әрдайым атап өтетінін айтып, биыл да экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерді арттыруға күш салу керектігін ескертті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ,

Хромтау ауданы.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*