Басты бет » Жаңалықтар » Жаңа сапамен ілгерілеудің нақты қадамдары

Жаңа сапамен ілгерілеудің нақты қадамдары

Жолдау


Ақтөбе қаласы әкімдігінің ғимаратында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатындағы қала активінің жиналысы өтті.

Қала әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен осы жиналысқа қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері қалалық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, кәсіпорындардың басшылары, ақпараттық топ мүшелері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері қатысты.

Бұл жиынның мақсаты Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басты басымдылықтарын түсіндіру болатынын сөзінің басында атап көрсеткен қала әкімі:

— Жолдаудағы негізгі он қадам — еліміздің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын қадам-қадаммен жүзеге асыруға бастайтын серпінді бағдарлар мен мақсаттар. Бұл тарихи құжатта таяу жылдарда және болашақта еліміздің қандай жетістіктерге жететіні айқындалған. Бүгін бізге Елбасының осы Жолдауын тағы бір саралап, әр тарауын ой елегінен өткізудің, нақты түйін түюдің, берік мақсат белгілеудің сәті түсіп отыр, — деді.

Елбасы Жолдауын талқылау, түсіндіру мақсатында өткізілген қала активінің жиналысында бірінші кезекте сөз Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Қайыржан Тоқышевке берілді. Ол өз әңгімесін Елбасы Жолдауының сегізінші және тоғызыншы бағыттары бойынша өрбітіп, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі туралы мәселелерге тоқталды.

— Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі негізінен еліміздің үш заңының — мемлекеттік қызмет, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарының орындалуын қадағалап, бақылайды. Сондықтан Елбасы Жолдауының сегізінші, тоғызыншы бағыттары біздің департаменттің қызметімен қабысып жатыр, — деп сөз түйінін айқындап алған департамент басшысы облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің жұмысының тиімділігін, өткен жылғы республикалық аттестациядан өту нәтижелерін, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көтеруге қатысты ел бойынша атқарылған шараларды  баяндады.

Жолдаудың сегізінші бағытын айтқанда, Мемлекет басшысы жүктеген мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыруға қатысты міндеттерді саралады.  «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үрдістерін цифрландыруды қамтамасыз етуге байланысты Жолдаудың талабын орындаудың мүмкіндіктерін бүгінгі күнгі жүзеге асырылған және алда жасалатын жұмыстармен байланыстыра қозғады.

Департамент басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының және Үкіметтің қызметті электрондық форматқа көшіруге байланысты алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға байланысты ел бойынша пәрменді шаралар алынып, елеулі жұмыстар атқарылуда. Қазір қызметтің 215 түрін кәсіпкерлердің үйде отырып электрондық форматта жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Алайда бұл жұмыс біздің облыста төмен. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, халықты электрондық форматта жаппай сауаттандыруды жүзеге асыратын шаралар алынуы керек. Әсіресе, бұл мәселе қалаға тікелей қатысты. Қызмет бабында бұрынғыдай қалам емес, электрондық қолтаңба пайдалануға жету қажет.

Департамент басшысы Жолдаудың тоғызыншы тарауында сыбайлас жемқорлықты болдырмауға, ең бастысы оның алдын алуға байланысты басымдық берілгенін баса айтты. «Оны бұл бағыттағы заңның алғашқыда жемқорлықпен күрес деп аталып, ал кейінгі қабылданған заңның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы  аталуынан да байқауға болады» деп түйіндеді ойын департамент басшысы. Жолдауда көрсетілгеніндей, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрестің жалғаса беретінін айта келіп, департамент басшысы бұл бағытта ел бойынша, облыс көлемінде көп жұмыстардың атқарылғанына деректер келтірді. Әсіресе, біздің облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты пәрменді шаралар алынған. Соның нәтижесінде өткен жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс облыста екі есе азайған.

Ақтөбе облысы — үлкен өндірісті аймақ. Соған сай кәсіпорындар да жеткілікті. Жолдауда айтылған «ақылды технология», міне, осы кәсіпорындарда жүзеге асырылуға тиіс. Ілияс Испановтың айтуынша, мұндай қадамды қаланың көптеген өндірістік, ауылшаруашылық  кәсіпорындарынан көре аламыз. Әсіресе, қалада ауылшаруашылық өнімдерін озық технологиялар арқылы өңдеу соңғы жылдары жақсы жолға қойылған. Қазір статистикалық есеп бойынша қаладағы ауылшаруашылық өнімінің 90 пайызы өңделеді.

Қала әкімінің осы әңгімесін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Үмбетхан Сәрсенбин жалғасырды.

Ғалым өзінің сөзінде Елбасы Жолдауында айтылған жаңа технологияға қатысты көп мәселелердің қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырыла бастағанына нақты мысалдар келтірді. Мысалы, жылқының сүтін жаңа технология бойынша өңдеп әлемдік рынокқа ұсыну  өз нәтижесін беруде. Қазір бұл өнімдерге  батыс елдерінің сұранысы мықтап артып отыр.

Жолдаудың алға қойып отырған зор талабының бірі — «адами капиталды» дамытуға қатысты Үмбетхан Сәрсенбин бұл мәселе қоғамымыздың әрбір мүшесінің, соның ішінде болашақ жастардың осы заманғы талапқа сай білімі болғанда ғана жүзеге асады деп мәлімдеді. Білімді ұрпақ тәрбиелеудегі еліміздегі, өз оқу орнындағы  қолға алынып отырған нақты қадамдарды алға тартты.

Ал қаламыздағы «Рокс» компаниялар тобының директоры Вячеслав Шиканов Елбасы Жолдауындағы бизнестің алдына қойылған міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Орта және шағын бизнес — экономиканың бірден-бір қозғаушы күші. Бұл саланы дамытпайынша елдің экономикасын нығайту мүмкін емес. Мұны Тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибе толық дәлелдеді. Осы жылдардағы елдің дамуында бизнес саласының қосқан үлесі мол. Тоқсаныншы жылдардың ортасын ала құрылған «Рокос» тобының қызметі бұған мысал бола алады. Мұнда қазірдің өзінде бір жарым мың адам жұмыс істейді. Компаниялар тобы басшысының атап көрсеткеніндей, бизнестің дамуына елімізде барлық кезеңде қолдау-көмек көрсетіліп отырды. Соның арқасында алғашқыда қиыншылықпен басталған жаңа кәсіптер жылдар өте жақсы нығайды. Бұл салаға қамқорлықтар жасау Елбасының биылғы Жолдауында да жақсы айтылған.

— Заманауи технологияларды қолданғанда ғана өндіріс саласында бәскеге төтеп беруге болатынын біз жақсы білеміз. Сондықтан біздің бүгінгі негізгі мақсатымыз — осы бағыттағы жұмыстырды жүзеге асыру, — деп аяқтады сөзін компаниялар тобының басшысы.

Қала активі Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты алға нақты мақсат-міндеттер белгіледі.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*