Басты бет » Әкімдер есебі » Өткен жыл табысты аяқталды

Өткен жыл табысты аяқталды

Темір ауданының  әкімі Асқар Жүсібалиев  Қайыңды, Алтықарасу, Тасқопа ауылдық округтерінде болып, тұрғындарымен кездесіп,  ауданның  2017 жылғы  әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және  2018  жылға  арналған міндеттері туралы есеп берді.

Қайыңды ауылдық округінде есеп берген кезде аудан әкімі  әуелі мекеме басшыларымен бірге бірқатар нысандарды аралады. Содан соң Қайыңды селолық  клуб үйінде  аудан тұрғындарымен кездесті.  Алдымен Қайыңды ауылдық округінің әкімі А. Сүйіндіков 2017 жылдың қорытындысы бойынша округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2018 жылға арналған міндеттері  туралы  есебін баяндады.

—Округке қарасты 3 елді мекен бар: Құмқұдық, Бабатай,Шибұлақ.  Округ бойынша екі орта мектеп, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 1 селолык клуб үйі, 1 балабақша, 1 кітапхана, 2 монша, 6 дүкен халыққа тұрақты қызмет көрсетеді,1 діни бірлестік жұмыс жасайды.  Округ әкімі аппаратының ғимаратында «Казпошта» АҚ-ның пошта байланысы бөлімшесі, учаскелік полиция инспекторы бөлімдері орналасқан. Сонымен қатар округ әкімшілігі ғимаратынан арнайы ақсақалдар бөлмесі жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының жағдайы тұрақты, қысқы мал азығы толық жетеді. Қысқы отын қоры да жеткілікті. Округке 170 тонна көмір аудан орталығынан әкелінді. Ауылдың басқада ауыр жүк таситын автомашиналары бар жеке қожалықтар көмір тасыды.  Салық жинау көлемі 100 пайызға орындалды, — деп мәлімдеді ауыл әкімі.

Мұнымен бірге, ауыл әкімінің есебінде «Көркейе бер туған жер» акциясы бойынша  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында  «Туған жерге тағзым» акциясымен «Қайыңды – құтты мекенім» атты форум ұйымдастырылғаны айтылды. Форум өткізуге ауылдың кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары ат салысып қаражаттан жәрдем берді.

Ал Алтықарасу мәдениет үйінде өткен есептік кездесуде де алдымен округ әкімі С.Төлеуов  өткен жылғы атқарылған жұмыстары туралы қысқаша есеп берді. Округ әкімінің айтуынша, өткен жылдың есептік қорытынды жиынында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер берілген еді.Сол ұсыныстардың ішінен ұялы байланыс желісін қондыру мәселесі шешімін тапқан, медициналық бөлімше құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда, Шұбарқұдық — Ойыл бағытындағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмысы басталған.

— Ауылдық округ аумағында 43 жеке шаруа қожалығы бар. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды орындау үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 шаруа қожалық – 17 миллион теңгеге, 116 бас аналық сиыр және асыл тұқымды бұқа сатып алса, «Құлан» бағдарламасы бойынша 10 бас асыл тұқымды жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 97 бас қой сатып алынды. 26 шаруа қожалық мал басын асылдандыру, көбейту мақсатында мемлекет тарапынан — 71 341 000 теңге субсидия алды, — деді ауыл әкімі.

Аудан әкімінің есебі келесі күні Тасқопа ауылдық округінде жалғасын тапты. Мұнда да аудан әкімінің алдында ауыл әкімі М.Қожақова өткен жылғы атқарылған жұмыстары туралы қысқаша есеп берді.

— Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен — алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Сондай дарынды өнерпаз қызымыз Жадыра Арыстанова наурыз айында «Достық» сазы ансамблімен ауылымызға келіп, «Туған жерге тағзым» атты тегін концерт өткізді. Сондай-ақ, биыл мектеп бітіргеніне 10 жыл толған ауылымызда 1990 жылы дүниеге келген мектеп түлектері өздері ұядан ұшқан мектебіне 150 мың теңгенің үстел теннисін тарту етті, — деді ауыл басшысы.

Осы жерде айта кету керек,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Темір ауданында «Туған жерім — нұрлы елім» тақырыбында округ күндері өткізілген болатын. Тасқопа ауылдық округі бас жүлдені жеңіп алып, миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Осында кездесуге қатысқан  аудан прокуроры өзінің сөзінде аудандағы қылмыстың 20 пайызға төмендегенін  айтып, қоғамдық тәртіп, мал ұрлығы жайында тоқталып өтті.

Аудан әкімі  өзінің есебінде өңірдің өткен жылғы  әлеуметтік-экономикалық дамуы және биылғы  міндеттер туралы жан-жақты баяндады. Аудан әкімінің айтуынша, Алтықарасу амбулаториясына «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 миллион  199 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 2017 жылы Алтықарасу мектеп-балабақшасы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 8 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйі ғимаратының ішіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.

Газ саласында, Тасқопа ауылына дейінгі жеткізуші газ құбырына мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге, Тасқопа ауылішілік газ желілерінің құрылысына жұмыс жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Жобаның құны – 64 млн 247 мың теңге.  Бұл жоба бойынша әрбір аулаға газ құбыры тартылатын болады.  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Қайыңды ауылында су желілерінің құрылысы басталды.

Ауыл шаруашылығына келетін болсақ, жалпы аудан бойынша 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 12 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі, 275 шаруа қожалығы жұмыс жасайды.  2017 жылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық»  бағдарламалары  бойынша берілген жоспар толық орындалды.

— Ең маңызды міндеттің бірі — ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын ашу. Бос жатқан жер телімдерін пайдалану,суармалы егіспен айналысу,  Үкімет тарапынан берілген бағдарламаларға толық қатысу қажет, — деді аудан әкімі.

Үш өңірде есеп берген аудан әкімі кездесулерде ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Г. ЕСЕНЖОЛОВА,

Темір ауаны.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*