Басты бет » Әкімдер есебі » Су құбыры 70 жыл бойы жөнделмеген

Су құбыры 70 жыл бойы жөнделмеген

Никельтау селосының әкімі Нұрлан Әлмұратовтың қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Оған Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин,  аудандық мәслихат хатшысы Д.Молдашевтар қатысты.

Никельтау ауылының  аумағы 3500 гектар жерді  құрайды. Бүгінде ауыл тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілген. Ауыл аумағындағы 196 нысан газбен қамтылған. Ауыл әкімінің айтуынша, телефон байланысы ауыл тұрғындарының басым көпшілігінде орнатылған, елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен жабдықталған.

Есепті кездесу кезінде аудан әкімі А.Бердалин тұрғындарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында айтылған он негізгі бағыттың мән-мазмұнын түсіндіріп, алдағы уақытта осы құжат негізінде берілген тапсырмаларды басшылыққа ала отырып жұмыс жасау керектігін айтты. Сондай-ақ, ол ауыл тұрғындарына аудан бойынша атқарылып жатқан шаруалар жайын да баяндады. Аудан әкімінің айтуынша, соңғы жылдары ауданда өндірістік бағыттағы шаруалар жақсы жолға қойылған. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынып, өз нәтижесін беруде.

Кәсіпкерлік саласын дамыту, тұрғындарды кәсіп ашуға баулу секілді әңгімелер де осы кездесудегі негізгі айтылған әңгімелердің арқауына айналды.

Бұдан кейін ауыл әкімінің есепті баяндамасы тыңдалды. Нұрлан Әлмұратов ауыл аумағы бойынша әрбір салаға қатысты атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Никельтау селосында 1000-ға жуық адам тіркелген. Ауылға көшіп келушілер де жоқ емес. Өткен жылдың өзінде 5 отбасы өзге жерден қоныс аударған.

Никельтау ауылында бір орта мектеп жұмыс жасайды. Қазір мектепте 168 бала білім алады. Жалпы, Никельтау ауылы бойынша оқушылар санында 5 пайыз төмендеушілік байқалады.

Есепті мерзімде мектебімізден бітіріп шыққан түлектермен екі рет кездесу өткізіліп, олардан түскен 322 000 теңге қаражатқа спорттық және мектепке қажетті жабдықтар сатып алынды, деді ауыл әкімі.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен ауылдағы медициналық пунктте де  жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Ауыл халқының денсаулығын тексеру үшін жылжымалы медициналық кешен өз қызметін көрсетіп кетеді.

Кездесу кезінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы шаралар жайы да сөз болды.

Есепті кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан жергілікті билікке түрлі бағытта сауалдар қойылды. Зейнеткер Мақсат Битлеуов ауылдағы 1947 жылы пайдалануға берілген су құбыры осы уақытқа дейін  бірде-бір жөндеу көрмеген.  Ақсақал бүгінде осы су құбырларының әбден ескіргенін айтты. Ол су құбырлары апатты жағдайда тұрғасын, жаз айларында бақша егуде судың жетіспей жататын мәселе ретінде көтерді.

Ардагерлер ұйымының төрағасы, зейнеткер Сарсенбай Тоханов Бадамша тасжолының ұзындығы 30 шақырымды құрайтынын, алайда Никельтау ауылынан көпірге дейінгі  5 шақырымды көтерме 2013 жылы келгенмен, содан бері теміржол қалашығындағы локомотившілер үйлеріне газ кіргізу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанын жеткізді.

Аудан және ауыл әкімдері жиында көтерілген мәселелердің бәрі ескерусіз қалмайтынын, шешім табуға ықпал етілетінін айтты. Бұдан кейін алдағы күндері атқарылатын жұмыстар жайы сөз болды.

Л.ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*