Басты бет » Әкімдер есебі » Ендігі кезек — ауызсу мәселесін шешу

Ендігі кезек — ауызсу мәселесін шешу

Благодар ауылдық округінің Ақшат елді мекені жедел өсіп келеді. Бір кездегі шағын ауыл қазір танымастай өзгерген. Бүгінде тұрғындар қанатын кеңге жайған ауылды — «бұрынғы Ақшат», «Ақшат-2», «Ақшат-3» деп, бірнеше аудандарға бөліп атайды. Күні кеше ғана пайда болған бұл қоныстарда тұрғын үй орамдары күн санап көбейе түсуде. Тек бүгінгі күні осы ауылда 753 адам тұрып жатыр. Таяу уақыттың ішінде қоныстанушылар саны әлі де өсе түседі  деп күтілуде. Негізінен тұрғын үй құрылыстарын салу ауылдың жаңа «Ақшат-3» бөлігінде қарқын алмақ. Шынын айтқанда, тың жерге қоныс теуіп жатқан бұл мекенге коммуникациялық жүйелер, әлеуметтік нысандар аса қажет. Бір жақсысы, елді мекен газ құбырына қосылған, әр үйге көгілдір отын жетіп тұр. Өткен жылдың аяғына қарай, қазіргі заманғы талапқа сай салынған 300 орындық жаңа орта мектептің құрылысы іске қосылды. Оған Әлихан Бөкейхановтың есімі берілді. Осы аптаның басында ауылдың алғашқы көрнекті құрылысы — осы аталған жаңа мектептің кең залында ауылдық округтің әкімі Бақұзақ Дарин тұрғындар алдында есеп берді. Жыл ішіндегі атқарылған жұмыстарды қамти отырып, ауыл әкімі негізінен алдағы кезеңдерде жаңа қоныста болатын өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталды.

Тек осы соңғы бір-екі жылдың ішінде ауылда көп өзгерістер болып, келбеті жақсарғанына көп деректер келтірді. Ауыл басшысының мәлімдегеніндей, бұл жаңалықтар ағымдағы жылы да жалғаса бермек. Алғашқы тоқсанда дәрігерлік пункт пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұны мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жергілікті кәсіпкер Әнуар Тасымов қолға алды. Сондай-ақ таяу уақытта ауылда 120 орындық балабақша болады. Елді мекенді газбен, электр қуатымен жабдықтау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

Қазіргі кезде ауылдың соңғы маңызды проблемасы — ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынуда. Ауызсумен қамтудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бірнеше бөлікке бөлінген Ақшат елді мекенінде тап қазіргі күнде орталықтандырылған ауызсу көзі жоқ. Әзірге облыс орталығынан тасып ішіп отыр.

Ақтөбе қаласына қарайтын ауылдың негізгі айналысатын саласы — мал шаруашылығы. Көпшілігі ауылдық тұтыну кооперативтерінен тұрады. Сондай бір кооперативті кәсіпкер Рысбек Есбергенов басқарады. Бұл кооперативтің малының негізін мүйізді ірі қара құрайды, жылқы, қой түліктері де бар.

Мұнымен бірге, ақшаттықтар егіншілікті де кәсіп етеді. Мәселен, «Ақшат АӨК» ауылшаруашылық  кооперативі дәнді дақыл егіп, көкөніс, жеміс ағаштарын өсірумен де айналысады.

Округ әкімі Ақшат ауылында есеп берген кезде тұрғындар көп сауал қоймады. Бұл жергілікті жерде негізгі мәселелердің ойдағыдай шешіліп, адамдарға жақсы қамқорлықтар жасалып отырғанын көрсетсе керек. Рас, тұрғындар тарапынан негізінен ауызсу мәселесін шешу, қоғамдық көліктердің қатынауын демалыс күндері жақсарта түсу, барлық көшелерге жарық беру сынды ұсыныстар айтылды.

Тұрғындар алдында есеп берген кезде Бақұзақ Дарин округ аумағындағы атқарылған, енді алда жасалынатын жұмыстарды кең қамтып айтты. Бұл округте 12 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 36 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив, 10 ауылшаруашылық кооперативі, 54 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.

— Өткен жылы ауылшаруашылық саласы бойынша инвестициялар көлемі артты. Ауыл шаруашылығына инвестиция салу 2016 жылы Ақтөбе қаласы бойынша 5 миллиард теңгені құрады. Оның 95 пайызы Благодар ауылдық округінің Кеңес Нокин ауылында салынған «Грен Хауз Қазақстан» жылыжайының құрылысына жұмсалды. 2017 жылы «Грен Капитал Қазақстан» жылыжайының 20 гектар бөлігінің құрылысы басталып, 1 қарашаға дейін 900 миллион теңге қаржы игерілді. Сонымен қатар Ақшат елді мекенінде «ЭкоГрен Капитал» серіктестігіне жалпы көлемі 57 гектар жер учаскесі бөлініп, құрылыс жұмыстарына 4-5 миллиард теңге инвестиция салу жоспарлануда. Украинка ауылынан «Эльмира» шаруа қожалығы 41 гектарға тәлімбақ ашып, жас көшеттер өсірілуде. Сондай-ақ «Эко фирма-2015» серіктестігімен 250 миллион теңгеге 3 гектар жерге жылыжай салынып, құлпынай өсіру қолға алынуда, — деді округ әкімі.

Есеп беру кездесуін округтің Бекқұл баба, Белогорка ауылдарынан бастаған ауылдық округ әкімі Ақшатта өткізгеннен кейін, Садовый ауылында жалғастырды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ақтөбе қаласы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*