Басты бет » Жастар » 115 букмекерлік кеңсенің 40-ы заңсыз жұмыс істейді

115 букмекерлік кеңсенің 40-ы заңсыз жұмыс істейді

Адамды арбауына түсіретін құмар ойындар жастар арасында ерекше белең алып барады. Қалтаңдағы ақшаны, қолыңдағы барыңды қағып алатын мұндай орындар қаламызда өте көп. Әсіресе, қазір әр көшенің бойынан букмекерлік кеңселерді жиі көзіміз шалады. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында 115 букмекерлік кеңсе тіркелсе, оның қырықтан астамы өз жұмысын заңсыз жүргізіп отыр.

Бір кірсең қайта шығуың қиын болатын аталған жерлерде клиенттерге қойылатын талап кез  келген жарысқа ақша тігуің қажет. Сондай-ақ, жасың 21-ге толуы шарт.Букмекерлік орталықтарды құмар ойындары бизнесінің қатарына жатқызамыз. Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты тұрғындар тарапынан көп шағымдар келіп түседі. Бұл орталықтардан Салық кодексінің 426-бабы  бойынша салық түсуі керек. Қазіргі таңда бұл заңға өзгерістер енгізілді. Салық төлеуге арналған төлем көлемі өсті. Бүгінгі күні қаламызда 115 букмекерлік кеңсе тіркелген. Оның ішінде 40 букмекерлік кеңсенің арнайы лицензиясы жоқ, өз жұмысын заңсыз жүргізіп отыр. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаментімен бірге жүргізілген рейд барысында белгілі болды. Сонымен қатар 19 заңбұзушылық әрекет тіркелді. Оның ішінде 13 істі сотқа бердік. Жуырда сот шешімі белгілі болады. Наурыз айынан бастап тағы да рейд жұмыстары басталады. Соттың арнайы үкімімен бір ойын мекемесін жапсақ, қаланың екінші нүктесінен тағы бір орталық пайда болады. Сондықтан түпкілікті тоқсауыл қою мүмкін болмай отыр, — деді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы, арнайы мобильді топтың басшысы Нұрлан Танкаев.   Нұрлан Танкаевтың айтуынша, әсіресе университет маңында орналасқан ойын орталықтарына жастар жиі баратын көрінеді. Сондай-ақ бұл орындар тәулік бойы жұмыс істейді.

Кейбір букмекерлік кеңсе тұрғын үй ғимаратында орналасқан. Ұсынылған ойындар арнайы лицензиясы жоқ сайттардан алынған. Мұның бәрі заңға қайшы.

Заң талаптарын бұзған ойын мекемелері тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ бұл қызметтері тоқтатылады. Бумекерлік кеңселердің көбеюі салдарынан, құмар ойынға қызығып, қарызға батып жүргендердің саны да артты. Бұдан отбасында кикілжіңдер, түрлі мәселелер туындайтыны анық, — деді Нұрлан Танкаев.

Бүгінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және өңірдегі жүйелі күрделі мәселелерді анықтау бойынша ведомствоаралық жобалық топ құрылған. Аталған топ облыстық ішкі істер департаментінің бастамасымен облыс аймағындағы ойын бизнесін ұйымдастыру жұмыстарын қадағалайды. Бүгінгі күні қаланың барлық букмекерлік кеңселерінің электрондық карталары әзірленген. Онда олардың орналасқан мекенжайы, аталған қызметпен айналысуға сәйкестік  лицензиясының бар-жоқтығы, уәкілетті органда тіркеуде болу-болмауы туралы мәліметтер көрсетілген. Букмекерлік кеңселердің электрондық карталары Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің интернет-ресурсында орналасқан.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*