Басты бет » Мәселе » Жасөспірімдер қылмысы неге көп?

Жасөспірімдер қылмысы неге көп?

Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның қорытынды жиыны өтті. Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің өкілдері қатысты.

Жиында ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберілген кәмелеттік жасқа толмаған балалардың мәселесі қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетовтің айтуынша, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына өткен жылы 210 бала орналастырылса, биылғы жылдың осы кезеңіне дейін 317 бала әкелінген.  Өткен жылы орталыққа келген  210 баланың 185-і қадағалаусыз жасөспірімдер болса, 18-і ата-ана қамқорлығынан тыс қалған. Сондай-ақ төрт бала девиантты мінез-құлыққа ие,  ал үш бала өмірдің түрлі қиындықтарына тап болған. Бейімдеу орталығында балалардың көбеюі ішкі істер қызметкерлерінің түнде жүргізілетін рейдтеріне байланысты болып отыр. Көп жағдайда колледж оқушылары түнгі 23.00-ден кейін көшеде жүрген жерінен ұсталады. Мәселен, былтыр түнде көшеде бейберекетсіз жүрген 107 бала ұсталса, биыл 156 жасөспірім тіркелген. Соңғы екі жылда орталыққа әкелінген 527 жасөспірімнің тоғызы Қызылорда қаласындағы девиантты мінез-құлықты балалардың мектеп-интернатына жіберілген.  Сондай-ақ Мұғалжар, Алға, Хромтау аудандарында қылмыс жасаған балалардың саны өскен. Ербол Нұрғалиев аудан әкімдері мен білім бөлімдерінің басшыларынан балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде сұрады. Сондай-ақ қылмыстық деректердің өсуі ұсақ бұзақылықтарды есепке алумен байланысты екенін айтып өтті. Себебі бұған дейін ұсақ бұзақылық оқиғалары тіркеуге алынбай, жәй ескертулермен шектеліп келген. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны көбейіп көрсетіліп отыр.

Жиында балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың, түрлі заңбұзушылықтардың алдын алу, олармен жұмыс жасау, профилактикалық шараларды күшейту мәселелері қаралды. Келер жылға жоспарлар жасалды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*