Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Туған жеріңе пайдаң тисін!

Туған жеріңе пайдаң тисін!

Форумнан соң

Әркімге өзінің туған жері қымбат. Кіндік қаны тамған, өсіп-өнген жерін ардақтамайтын адам болмайтын шығар. Әр адамның қайда, қандай қызметте жүрсе де, туған жеріне бүйрегі бұрып тұрады.

Өзімнің осы тоқсан жасымда мұның талай мысалын көрдім. Соның біреуін ғана айтайын. Біздің Ойыл ауданының Ақшатау аталатын ауылында дүниеге келген Ақметжан Қойшығұлов 1943-1947 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. Оған дейін де партия, кеңес қайраткері ретінде талай қызмет баспалдақтарынан өткен сол ағамыз, республиканың жоғары басшылығына көтерілген тұста, өзінің туған ауданына жұмыс сапарымен келді. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы өте ауыр еді. Ауыл шаруашылығы  жұмыстары түгелдей қолмен атқарылатын. Ұжымшарлардың мешеу тірлігі, өгіз арбаға қараған күн. Тіпті сол ырдуан өгіз арбаның өзі өте көне және тапшы болатын. Халық тоқжарау, шай-суына дейін кем еді.

Міне, осы жағдайды көзімен көрген Ақметжан ағамыз іссапардан оралғасын, елдің жоғарғы басшылығына жергілікті жердегі жағдайды жеткізіп, тиісті орындарға қаулы алдырып, арнайы Ойыл ауданына зауыттан шыққан, сыры кеппеген жүздеген көк арба мен үлкен көлемде үнді шайын жіберді. Бұл оқиға ел ішінде «Қойшығұловтың көкарбасы мен үнді шайы» деген аңызға айналып, күні бүгінге дейін еске алынады. Өйткені туған жердің перзенті тарыққан кезде елді Сталиннің қатал заманының өзінде тар қолтықтан сүйеп еді. Ол кездегі көкарбаның қадірі кешегі кездегі астаулы машинамен тең болатын. Ал үнді шайы адамның түсіне де кірмейтін-ді. Меніңше, әр азаматтың туған жері осылай әр кез бір бүйірінде тұру керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды бекер ұсынған жоқ. Бұл бағдарламаның Ақтөбе облысында республикада алғашқы болып ұйымдастырылуы — өте қуанышты жағдай болды. Осы бағдарламаның аясында биылғы қыркүйек айының соңына қарай Ақтөбе қаласында өткен үлкен форум, әсіресе, ерекше есте қалды. Форум арқылы сыртта, ел ішінде қызмет бабымен жүрген қаншама жерлестерімізбен табыстық, әңгімелерін тыңдап сүйсіндік. Туған жерлеріне қол ұшын беруге олар да аянып жатқан жоқ. Ақтөбе қаласында өткен форум зор пайдалы іс болумен бірге, жалғаса беретін шаруа екен. Қазір облысымыздың аудандары мен ауылдарында осындай шаралар жүріп жатыр. Мен өзім еңбек ардагері, туған жердің патриоты ретінде оларды да жібермей күнделікті телехабарлардан көріп, баспасөзден оқып отырамын. Ұзақ жыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас экономист, аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімі бастығы, жалпы есеп қызметкері болғандықтан, жерлестердің өз ауданының, ауылының экономикасына тигізген пайдаларын да есептеп қоятыным бар. Экономикамызбен бірге, халқымыздың санының өсіп, өркендегенін қалаймын. Сондай ресми мәліметтер мен талдауларға айрықша маңыз беремін. Зейнеткерлікке шыққанға дейін үш дүркін халық санағына қатысқан, санақшымын. Сол еңбегім үшін кезінде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгиннен екі мәрте Алғыс хат алғанмын. Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының халқымыздың өсіп-өнуіне, көбеюіне де септігі мол тиеді деп ойлаймын.

 

Ноқым САЛИЕВ,

 еңбек ардагері, зейнеткер.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*