Басты бет » Жаңалықтар » Жылқы сүті экспортқа шығарылады

Жылқы сүті экспортқа шығарылады

Облыстық әкімдікте жылқы шаруашылығын дамыту, оның сүтін экспортқа шығаруға байланысты арнайы кеңес өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай, осы басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов, экспорттаушы компанияның өкілі Жамбыл Жүндібаев, республикалық жылқы палатасының директоры Байзақ Махмут, облыстық тәжрибе стансасының ғалымы Серікбай Рзабаев, облыс көлеміндегі жылқы шаруашылығының басшылары қатысты.

— Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасын шешу барысында тағамның диеталық-емдік түрлерін өндіру, оның ішінде жылқы еті мен қымыз өндіруді арттыру маңызды орын алып отыр. Қазір облыста жылқы шаруашылығы нығайды. Өңірде оның саны молайып, өнім өндіру көлемі де біраз артты. Қала базарлары мен жергілікті жерлерге қымыз көптеп жеткізілетін болды. Өңірде жылдан-жылға сауылатын биелердің саны өсіп келеді. Алдыңғы қатарлы жылқы шаруашылықтары жүзге дейін, тіпті одан да көп бие сауып, қымыз дайындап жүр. Өңірде жылқы сүтін бұдан да мол дайындаудың мүмкіндігі көп. Өкінішке қарай, өткізу орындарының шектеулі болуы бұл жұмысты қатты тежеп келді, — деді облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин кеңес жұмысын қысқаша сөйлеп ашқан кезде.

Облыс әкімі орынбасарының  бұдан әрі атап көрсеткеніндей, біздің өңірдің жылқы шаруашылығының әлеуетін байқаған экспорттаушы компаниялар соңғы кездері ерекше қызығушылық таныта бастаған. Соның бір айғағы — осы аталған кеңеске жылқының саумал сүтін экспортқа құрғақ сүт күйінде шығаратын қарағандылық бизнесмен Жамбыл Жүндібаевтың қатысуы еді. Кәсіпкер өзінің мамандарымен бірге, кеңеске қатысушыларға жеке шаруашылықтардан жылқы сүтін қабылдап алудың өздері белгілеген шарттарын талқылады.

Бұл жоба бойынша жылқы сүтін қабылдайтын пункттер ашу, оларға ірі шаруашылықтардан жылқы сүтін тасымалдап жеткізу әңгіме болды. Бұл аталған компания облыстың жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтарынан аса көп мөлшерде саумал сүт қабылдап алуға мүмкіндігі бар. Ал біздің облыста ірілі-ұсақты  жылқы өсірумен айналысатын 246 жеке шаруа қожалығы бар екен.

Экспортқа жылқының құрғақ сүтін шығаратын компанияның қабылдау шарты бойынша жылқы таза орында, аппаратпен сауылып, салқындатылып, арнаулы көлікпен қабылдау орнына жеткізілуі тиіс. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда сүт қабылданбайды. Олар белгілеп отырған саумал сүттің бағасының литрі 400 теңгеден. Жылқы сүті маусым кезінде 4 ай қабылданады.

Кеңеске жиналғандар бұл мәселені ұзақ талқылап, өз пікірлерін білдірді. Жобаның ұйымдастыру жұмыстарын тиянақтап, алдағы жылдың мамыр айынан бастап осы істі қолға алуды ұйғарысты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*