Басты бет » Жаңалықтар » Ойыл көрмелері Ақтөбеге келді

Ойыл көрмелері Ақтөбеге келді

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Озық тәжірибе — баршаға ортақ» атты қызығушылық клубтардың іс-тәжірибесін насихаттау мақсатында мәдени шара ұйымдастырылды.

Шараға Ойыл ауданынан келген 70-ке жуық адам қатысты. Олар жиналған жұртшылықты Ойылдың тарихымен, «Ардагерлер», «Замандас», «Әйел бақыты» клубтарының жұмыстарымен таныстырды.

Алдымен Шығанақ Берсиев пен тары тағамдарының көрмесі және түрлі қолөнер, кітап көрмелері ұсынылды.

Мәдени шараның ашылуында Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева сөз сөйледі:

—  Ойыл ауданы — өңірдегі тарихы терең аудандардың бірі. Бүгінде ауданның инфрақұрылымы дамып, облыс орталығымен байланыс жолы жақсарды. Елді мекендерде су құбырлары жүргізіліп жатыр. Көгілдір отын да халық игілігіне берілді. Биылғы оқу жылында екі жаңа мектеп қолданысқа берілді. Ойылдың тарихы Көкжар жәрмеңкесімен байланысты. Биыл осы жәрмеңкенің 150 жылдығы кең көлемде аталып өтілді.

Бүгінде жас ұрпақ пен отбасы тәрбиесіне байланысты көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданда бірнеше қоғамдық клубтар жұмыс істейді. Ардагерлеріміз зейнетке шыққаннан кейін, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, — деді Б.Күзембаева.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен «Саясаткер әйелдер» клубы аудандарды аралап, әйелдерді қолдау мақсатында өз жұмыстарын бастады. Мәселен, қаладаға кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген, бизнесте жақсы жетістікке жеткен кәсіпкерлер кәсіп ашуға ниет білдіріп жүрген аудан тұрғындарына шеберлік кластарын өткізді. Сондай-ақ жастарға тегін техникалық білім алу бағытында сертификаттар табысталды. Ойыл ауданының табиғи өнімдерін қаладағы мейрамханаларға әкеліп, қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалық және мейрамхана басшыларымен келісімшарттар жасалды.

Бұдан кейін аудан әкімі Бұлбұл Күзембава «Саясаткер әйелдер» клубының төрайымы, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасоваға алғысын білдіріп, Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына дайындалған ескерткіш сыйлықты тарту етті.

Мәдени шара барысында ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтайтын сахналық  көріністер қойылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Сондай-ақ бұл күні Ойыл ауданынан келген бірқатар кәсіпкер әйелдер қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінде тегін шебер кластан өтіп, тәжірибе алмасты.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*