Басты бет » Жаңалықтар » Ардагер әкімдердің бастамасы

Ардагер әкімдердің бастамасы

Сәрсенбі күні өткен Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің жиынында «Ардагер әкімдер алқасы» құрылды.

Басқосуда сөз алған Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин:

Әкім — тәуелсіз Қазақстанымызда пайда болған аймақтық басшы және жергілікті мемлекеттік биліктің басқарушысы. Осы органның 25 жыл бойғы мәртебесі мен жұмыс жасау әдістері үнемі жетілдіріліп, мемлекет алдында тұрған  міндеттермен сәйкестендірілді. Сондықтан мемлекеттік аппараттарда жас мамандар өз рөлін терең түсіну үшін бұл баға жетпес тәжірибе зерделеніп, жас басшыларға үлгі ретінде берілуі тиіс деп есептеймін. Өйткені бүгінгі бейбіт өміріміз, тұрақтылығымыз үшін кезіндегі әр деңгейдегі әкімдердің де сіңірген еңбегі зор.

Біз — ардагер әкімдер мемлекетіміздің гүлденуі үшін өзіміздің жинаған тәжірибемізді бөліскіміз келеді. Өйткені біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы — мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік-мәдени, саяси әл-ауқатына тікелей байланысты.

Біздің негізгі мақсатымыз — жинаған басқару тәжірибемізді халыққа қызмет етуге бағыттау. Дөңгелек үстелдер өткізу арқылы кадрлық резервтердің қосымша құрамын жасақтауға, оларды оқыту мен тәрбиелеуге, жекелеген аудандар мен округтердің артықшылықтарын көрсетуге көмектесу болып табылады, — дей келе, көпшіліктің шешімімен «Ардагер әкімдер алқасының» төрағасы болып Ақтөбе қаласының бұрынғы әкімі Қайырқожа Елеусізов сайланғанын атап өтті.

Шараға қатысушылар жаңа төрағаға қоғамдық қызметте табыс тілей отырып, әрдайым оны қолдайтындықтарын қосты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*