Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде «Аktobe invest-2017» V халықаралық форумы өтеді

Ақтөбеде «Аktobe invest-2017» V халықаралық форумы өтеді

Брифинг

12-13 қазанда Ақтөбеде өтетін «Aktobe Invest-2017» V халықаралық форумына 15 елден 300-ден астам адам қатысады деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Форумға қатысушылардың қатарында ел Үкіметі, министрліктер мен облыс әкімшіліктерінің, қазақстандық және халықаралық қаржы институттарының өкілдері мен отандық және шетелдік кәсіпкерлер болмақ. Қ.Бекеновтің айтуынша, бүгінгі таңда форумға қатысуға ықылас білдіргендердің қатарында Италия, Армения, Польша, Тәжікстанның Төтенше және өкілетті елшілері, сондай-ақ, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Польша, Словакия, Ауғанстан секілді басқа да елдердің компания өкілдері бар.

«Aktobe Invest-2017» V халықаралық форумын өткізудегі мақсат — Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіншіліктерін көрсетіп, инвестициялық имиджінің қалыптасуына ықпал ету, отандық және шетелдік инвестицияларды облыс экономикасын дамытуға тарту. Форум аясында жалпы құны 300 миллиард теңге шамасындағы 15-ке жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарда бар.  Келісімдердің нәтижесінде облыста  өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларына қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырылмақшы. Атап айтсақ, Ақтөбеде А класындағы жылыжай шаруашылығы құрылысы, ет өндірісін дамыту мақсатында Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне өнімді өткізу, сондай-ақ жел генераторы, селитра секілді басқа да өндіріс орындарын салу мүмкіндіктері қарастырылады, — деді облыс әкімінің орынбасары Қ.Бекенов.

Қайрат Бекеновтің айтуынша, инвестициялық форум Ақтөбеде осымен бесінші рет өткізілгелі отыр.

Әрине, мұндай ауқымды шара облыс экономикасын өркендетуде өз нәтижесін беріп жүр. Айталық, бүгінгі күні «Юбилейное» кен орнында алтын өндіретін тау-кен өндірісі жобасын қолға алу ісі былтырғы инвестициялық форум кезіндегі қол қойылған меморандумның жемісі деуге толық негіз бар. Сол сияқты, су және түрлі сусын өндіретін зауыт құрылысының басталуы да «Ботлерс» компаниясымен 2016 жылы жасалған меморандумның нәтижесі деп білеміз, — деді Қайрат Бекенов.

Белгілі болғандай, форум аясында шараға қатысушылар облыстағы өнеркәсіп, агроөнеркәсіп өндірістерін аралап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен салынған ғимараттарды көріп, «Ақтөбе» индустриалды аймағына бармақ. Форум барысында «ЭКСПО-2017: өңірлердің даму серпіні» тақырыбында пленарлық отырыс, облыстың инвестициялық жобалар көрмесі ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар «Мемлекеттік қолдау түрлері: индустриялдық аудандар — болашағы бар жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымдық құрал және іске қосу алаңы», «Жаһандану кезеңінде агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбында панельдік сессиялар да жоспарланған.

Қайрат Бекенов Ақтөбе тау-кен өндірісімен қатар, мұнай-газ саласы дамыған, бүгінде қайта өңдеу өнеркәсібі дамытып жатқан облыс екенін атап өтті. «Бүгінгі күні облыстағы ірі мұнай-газ компаниялары аумағында кәсіпорындарға қажетті қосалқы бөлшектер мен тауарлар жеткізумен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісі жоспарлануда», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Брифингте Қ.Бекенов форум кезінде Ақтөбеде бизнесті дамытуға қолайлы мүмкіндіктер жасалатынын көпшілікке ұсыну, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік және аймақтық қолдау түрлері, жаңа инвестициялық жобаларды ұсыну, жоғары экономикалық дамуды қалыптастыру мәселелері, шетелдік қаржы салымдарын көбейту, облыста  өндірілетін сапалы тауарларды шетел нарығына шығару және ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне ұсынылған жаңа технологияларды қолдану мәселелері талқыланатынын айтты.

Бүгінгі таңда Ақтөбе — экономика-географиялық жағынан қолайлы орналасқан, көлік және коммуникациялық тораптары дамыған, инвестиция салу жағынан тартымды өңірлердің бірі. Қайрат Бекеновтің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар өсу мөлшері бойынша Ақтөбе облысы бірінші орында тұр. Сондай-ақ, «Doing Business» рейтингісінде көрсетілгендей, соңғы бес жылдықта Ақтөбе бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша Қазақстанда екінші орынға шыққан. Ал негізгі капиталға салынған сыртқы инвестициялар көлемі бойынша үшінші орында тұр.

Биыл өткен 8 айдың қорытындысы бойынша, облыста мұнай өндірісінде төмендеушілік болғанына қарамастан Ақтөбе өнеркәсіп өңдеу қарқынымен көш басында тұр. Нәтиже — 104,9 пайыз. Ақтөбе инвестициялық тартымды өңір саналады. Биыл 8 айда инвестиция көлемі 130 пайызға жеткізілді, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Қазір 200 гектар аумақта орналасқан «Ақтөбе» индустриялды аймағы барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, авто және теміржол транспорттары қатынайтын жолдармен жабдықталған. Бүгінде индустриялды аймақтың 49 пайызы жаңа кәсіпорындар үшін пайдалануға берілген, ал қалған бөлігі келер жылы игерілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*