Басты бет » Жаңалықтар » Сайлау: кандидаттар ұсыну мерзімі аяқталды

Сайлау: кандидаттар ұсыну мерзімі аяқталды

Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды ұсынудың мерзімінің аяқталуына байланысты облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнара Күнбаева брифинг өткізді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 41-бабының 4-тармағына сәйкес, облыстық мәслихаттың (№28 Қобда сайлау округі), қалалық мәслихаттың (№11, №13, №17,№22 округтер), Алға аудандық (№6 округ), Байғанин аудандық (№2 округ), Мәртөк аудандық (№9 округ), Ойыл аудандық (№7 округ), Хромтау аудандық (№2, №5, №7,№8 округтер) мәслихаттардың депутаттарын сайлау өтеді.

Мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 қыркүйекте аяқталды. Округтік сайлау комиссияларына ұсыну туралы барлығы 45 өтініш түсті.  Оның ішінде «Нұр Отан» партиясының филиалдарынан — 14, өзін-өзі ұсыну тәртібімен 31 адам ниет білдірген.

Кандидаттардың 10-ы — білім, 6-ауы — денсаулық сақтау, 2-еуі — мәдениет саласының қызметкерлері, 1-еуі — зейнеткер, 3-еуі — «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалдарының өкілі. Сондай-ақ, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде еңбек ететіндер де бар. Уақытша жұмыс жасамайтындардың саны — 4-еу.  Орташа жас — 43.

Тіркеу үшін қажетті құжаттарды тапсырған 40 кандидат округтік сайлау комиссияларының шешімдерімен тіркелді, оларға кандидаттардың куәліктері тапсырылды. Тіркеу 3 қазанда аяқталды.

Сайлау алдындағы үгіт 4 қазанда басталып, 27 қазанда аяқталады. Бұл кезеңде кандидаттар бағдарламалары мен өмірбаяндарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, телеарналар мен радиода сөйлеп, үгіт материалдарын дайындап және таратып, сайлауалды көпшілік шаралар өткізе алады.

Сайлау науқаны күнтізбелік жоспарға және сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өткізілуде.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*