Басты бет » Білім » «Мектепке жол»: биыл 21 376 балаға көмек көрсетілді

«Мектепке жол»: биыл 21 376 балаға көмек көрсетілді

Биыл 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында өткен «Мектепке жол» акциясы аясында облыста 21 376 балаға 150 185,6 млн теңгеге материалдық көмек көрсетілген.

Бұл туралы кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Бертілеуова хабарлады.

Оның айтуынша, аталған жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы биыл елімізде тоғызыншы рет ұйымдастырылған.

  • Биыл акция «Менің таңдауым — балаларға көмек көрсету» деген ұранмен өткізілді. Акция барысында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде материалдық көмек көрсетті. Жыл сайынғы өткізілетін акцияға кәсіпкерлер мен демеуші азаматтар да өз үлестерін қосты, — деді Н.Бертілеуова.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында балаларға облыстық ішкі істер департаменті 5 млн 500 мың теңге, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы 440 мың теңге, «Трансэнерго» АҚ 900 мың теңге, «Киреева» жеке кәсіпкерлігі 1 млн 300 мың теңге көлемінде көмек көрсетіп, белсенділік танытқан.

  • Акция барысында Ақтөбе қаласындағы Орталық, Шығыс базарлары мен «Астана» сауда үйінде, «Анвар», «Дина» гипермаркеттерінде көтерме сауда жасайтын кәсіпорындардың қатысуымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып, төмендетілген бағалармен мектеп тауарлары сатылды. Мұндай жәрмеңкелер облыстың бірқатар аудандарында да өткізілді. Биыл Темір, Шалқар, Алға, Хромтау аудандары акцияны жоғары деңгейде ұйымдастырды, — деді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, республикада аталған акция аясында балаларға көрсетілген көмектің жалпы мөлшері бойынша Ақтөбе облысы 4-орында тұр.

Брифинг соңында бөлім басшысы «Мектепке жол» акциясы аясында белсенділік танытқан бірқатар мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлерге басқарма атынан Алғыс хат табыстады.

 Данагүл ТАУАНОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*