Басты бет » Жаңалықтар » Облыс басшысы астық жинау барысымен танысты

Облыс басшысы астық жинау барысымен танысты

Жұмыс сапарымен Хромтау ауданында болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев астық жинау, келер жылға тұқым дайындау барысымен танысып, жергілікті ауылшаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесті.

Өңір басшысының шаруалармен кездесуі Хромтау ауданының ең үздік және алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының бірі — «Ақжар-Агро» ЖШС егістігінде өтті.

Бердібек Сапарбаев шаруа қожалықтарының басшыларымен әңгімелесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап бере отыра, бірқатар тапсырмалар қойды. Солардың негізгісі — астық жинау науқанын уақытында аяқтау.

— Қазіргі таңда жұмыс қарқыны — облыс бойынша жақсы, оны сақтауымыз қажет. Астықты жедел жинау ғана емес, оны сақтау да маңызды. Сондай-ақ, бүгіннің өзінде сіздер келесі жылдың сапалы тұқымдығын дайындау жағына қамдануларыңыз қажет, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жалпы, осы жылы ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқабы облыс бойынша 656 мың гектарды құрады. Астық жинау науқаны облыстың барлық аудандарында басталып кетті. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мәліметтері бойынша, астық жинауға 1500-ден аса комбайн мен сонша жүк автокөлігі жұмылдырылды. Күзгі далалық және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 10,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл шаруашылықтардың қажеттілігін толықтай жабады.

Бұдан өзге, облыс әкімі Ақжар ауылындағы мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынып жатқан 50 адам қабылдауға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысымен танысып, сондай-ақ, өсімдік майы мен жемдік күнжара өндіретін жаңа зауыттың тұрғызылатын орнына іргетас қалады. Зауыт 2018 жылдың жазында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мұнда жылына 15,5 мың тонна күнбағыс майы мен 22 мың тонна жем өндіру көзделген. Кәсіпорын өндіріс үшін қажет шикізатты өз бетінше өсіретін болады. Жүз шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтитын жобаны жүзеге асыру мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мүмкін болды. Ақшалай қаражаттың жартысы «ҚазАгро»  ҰБХ АҚ-ның еншілес кәсіпорны арқылы тартылған. Жобаның жалпы құны — 1,2 миллиард теңге.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*