Басты бет » Жаңалықтар » Жатақхана тұрғындары далада қалмайды

Жатақхана тұрғындары далада қалмайды

Анық-қанық

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Хромтау қаласындағы «Құрылысшы» жатақханасына байланысты «Ақтөбе ақпарат» орталығында брифинг өткізді.

Осыдан біраз уақыт бұрын Хромтау қаласындағы «Құрылысшы» жатақханасына қатысты шу шыққан болатын. «Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Дөң тау-кен байыту комбинатына тиесілі жатақхананың тұрғындары бір ай ішінде бөлмелерді босатуы керек болды. Комбинаттан осындай талап түскеннен кейін тұрғындар қайда барарларын білмейі әуреге түскен еді. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов осы мәселеге байланысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, жағдайды облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі бақылап отыр.

Мәселе көтерілгеннен  кейін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған. Тәуелсіз сараптама жасалған. Нәтижесінде жатақхананың елу жылдан бері жөндеу көрмегені, авариялық жағдайда тұрғаны анықталған.

— Жатақханада 103 бөлме бар. Тұрғындар оның 59-ын ғана босатты. Бүгінгі күні өзгелерін көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні құрылған комиссия тұрғындармен және комбинаттың өкілдерімен сөйлесті. Өйткені ол жердегі тұрғындар далада қалмауы тиіс. Әрбір  тұрғынға қатысты жеке-жеке талдау жасалды. Жатақханада «Қазхром» компаниясына тиесілі мекемелерде жұмыс істейтін адамдардан бөлек, мекемеге қатысы жоқ және жұмыссыз азаматтар да бар, — деді облыс әкімінің орынбасары. Оның айтуынша, жатақхана тұрғындарына комбинат тарапынан көмек көрсетіледі. Бірінің жалақысына қосымша ақы қосылса, екіншілеріне жұмыс ұсынылады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алуға да ұсыныс жасалады.  Қазіргі күні  53 адам жатақхананы босатса, оның ішінде 5 адам «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы баспанаға қол жеткізген. Осылайша олардың барлығына баспанаға қол жеткізудің тетіктері қарастырылады. Қайрат Бекеновтің мәлімдеуінше, комиссия келесі аптада комбинат өкілдері және тұрғындармен де кездесу өткізеді. Мәселені оңтайлы шешуге ықпал етпек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*