Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеге тағы 50 жаңа автобус келеді

Ақтөбеге тағы 50 жаңа автобус келеді

Сессия

Ақтөбе қалалық мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, әкімнің орынбасарлары мен қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары мен ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары қатысты.

Сессия отырысының күн тәртібіндегі қаралған негізгі мәселе — қала әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы биылғы жартыжылдықтағы есебі.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Ақтөбе қаласының мемлекеттік атқарушы органдарының жұмысы Елбасы Жолдауындағы нақты тапсармалар мен  мемлекеттік, аймақтық және қалалық жобаларды, облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ,  халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен  экономикалық жағдайына бағытталған.  І.Испановтың айтуынша, сонымен қатар дамудың жаңа моделіне сәйкес келетін инвестициялық жобаларды әзірлеу, жобаларды қаржылық және өзге де ресурстармен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, инвесторларға жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты көмектер көрсетілуде. «Инвесторлар үшін тартымдылықты  арттыру мақсатында қала инфрақұрылымын дамытуға басты назар аударылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде  биыл бірінші жыртыжылдықта қала дамуының экономикалық көрсеткіштерінің жақсарғаны көрінеді», — деді қала әкімі.

Есепті кезең ішінде табыстар бойынша қала бюджеті 104,9 пайызға орындалыпты. Жоспарланған 13 830,8 млн теңге, ал нақты түсім — 14 507,0 млнтеңге.

Өнеркәсіптік өндіріс қала экономикасының негізі болып табылады. Қазіргі уақытта өнеркәсіптік өнімнің өндірісімен 350 кәсіпорын мен өндірістер айналысуда. Жыл басынан бері өнеркәсіптік кәсіпорындар 253,2 миллиард теңгеге өнім шығарды, индекстің нақты көлемі  111,6 пайызды құрады. Соңғы жылдары қалада негізгі капиталға инвестицияларды тарту өсімінің тұрақты тенденциясы  сақталып отыр, — деді І.Испанов.

Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі күні қаланың агроөнеркәсіп кешеніндегі жағдай өндірістің серпінді әрі қаржы қызметі нарығының дамуымен және ауыл тұрғындарының өмір сапасының жақсаруымен сипатталады. Соның нәтижесінде есепті кезең ішінде қаланың ауыл шаруашылық өнімдердің жалпы көлемі 4,3 пайызға өсті.

Қала әкімі өз баяндамасында Ақтөбе қаласында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс саласында, қаланы көркейту, абаттандыру, санитарлық тазалау бағытындағы оң шаруаларға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі қала аумағын тазарту жұмыстары 31 басқарушы компанияға жүктелген. Есепті кезең ішінде жалпы аумағы 26,6 млн шаршы метр жерге санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген.  Алдағы уақытта қаланың «Нұр Ақтөбе», «Юни-Сити» және 11, 12-шағын аудандары мен Батыс-2, 8-шағын аудандарға еуроконтейнерлер орнатылмақ.

Бүгінгі күні қаладағы қоқыс тастайтын алаңдарға еуроконтейнерлер орнату үшін келісімдер жасалды. Қаладағы осындай 33 аумаққа еуроконтейнер орнатылады. Қойылатын еуроконтейнерлердің жалпы саны — 345. Оның 62-сі — қақпақты, ал қалғандары — қақпақсыз контейнерлер. Биыл қыркүйек айының соңына дейін еуроконтейнерлер аталған аумақтарға орнатылады, — деді қала әкімі.

Ілияс Испанов өз баяндамасында қала жолдарына жасалып жатқан күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары, қоғамдық транспорттардың жай-күйі, халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы шаралар мен білім, мәдениет, спорт салаларына қатысты ауыз толтырып айтарлықтай атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарлар жайында айтты.

Күнделікті қызметте қалалық әкімдіктің және мемлекеттік мекемелердің қызметімен байланысты барлық мәселелер апта сайын жедел мәжілістерде қарастырылады. Сонымен қатар, алға қойылған жоспарлар мен шараларды іске асыру бойынша тапсырмалардың орындалуы туралы есептер тыңдалады, алдағы аптаға нақты міндеттер қойылады. Сондықтан, алдағы уақытта атқарушы биліктің және депутаттық корпустың бірлескен күшімен біздер алға қойылған жоспарлардың орындалуын және қаладағы барлық маңызды проблемалардың бірігіп шешілуін қамтамасыз ететіндіктеріңізге сенім білдіремін, — деді Ақтөбе қаласының әкімі І.Испанов.

Сессия жұмысында қала әкіміне депутаттар тарапынан сауалдар қойылды. Соның бірі — қалалық мәслихаттың депутаты Нұрлан Махамбетов Ақтөбе көшелеріне жаңадан қойылып жатқан аялдамаларға тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпені жеткізді. Аталған сауалға І.Испанов жан-жақты жауап берді. Сессия отырысының күн тәртібінде бұдан өзге де мәселелер қаралып, шешім шығарылды.

Арайлым  НҰРБАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*