Басты бет » Жаңалықтар » Қала жағымсыз иістен құтыла ма?

Қала жағымсыз иістен құтыла ма?

Брифинг

Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға айрықша маңыз берілуде. Әсіресе, қаладағы жағымсыз иісті жоюға байланысты осы жылғы көктем, жаз айларында қоғамдық ұйымдармен, қала тұрғындарымен бірлесе отырып көп жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде қаланың ауасы әжептәуір жақсарды. Мұны қала тұрғындарының өздері айта бастады. Дегенмен облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған бұл мәселені әлі де тиянақтай түсу, қаланың ауасын бүлдіріп келген себептерді түбірімен жою, ауаның тұрақты таза болуына жету — басты міндет болып отыр.

Кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің  төрағалығымен, облыстың бас экологі Жақсығали Иманқұловтың, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның, «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының президенті Асан Ыбраевтың және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен Ақтөбе қаласында экологиялық жағдайды жақсарту шаралары тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін биылғы көктем мен жаз айларында ауаны ластаушы көздерге зертханалық тексерулер жүргізіліп, оған қатысты кәсіпорындарға бақылаулар орнатылды. Бұған дейін ауаның ластануына бірыңғай кінәлі «Ақбұлақ» кәсіпорны саналып келген еді. Ал зертханалық анықтамалар мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүргізілген тексерулер бұл мекемеге барлық кінәні аударудың жөн емес екенін көрсетіп берді. Соның бір мысалы, шаруашылық-тұрмыстық шығарындыларында кәріз-тазарту имараттарына түсуден бұрын көп құрамда 29 мг/текше дм күкіртсутектің болу дерегі бар. Қазір «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы күкіртсутегінің атмосфералық ауға шығарындысын төмендету үшін 500 шаршы метр аумақтағы құм алаңдарын жаңадан жабу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, жағымсыз иістерді жою мақсатында периметр  бойынша алғашқы тұндыру бөліктерінде «ылғалды тосқауылдар» орнату жоспарлануда. Қазіргі уақытта аталған құрылғыны сатып алуға байқау жарияланған.

Күкіртсутегінің бөлінуінің екінші көзі — тұнба алаңдарындағы кері әсерді төмендетуге байланысты да кәсіпорын шаралар белгілеп, жүзеге асыруда.

Кәріз тазарту имараттарындағы кері әсерді төмендету бойынша да бұл кәсіпорынның көп жұмыстарды қолға алып отырғаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта қалада тұрмыстық-шаруашылық ағынды суларды қабылдайтын 3 құю стансасының құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Кіріпішті ауылында құрылыс аяқталуға жақын, 41-разъезде және өндірістік аймақта құрылыстарды ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Осы сияқты жағымсыз иіс таратушы көздердің бірі — спирт өндірісінің қалдықтары екені анықталған. Ол аумақтардағы иісті жоюға мүмкіндік беретін тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде.

Облыстық экология департаменті тарапынан Ақтөбе қаласындағы өндірістік кәсіпорындардың ағынды суларды ластауына бақылау күшейтілді. Осы бағытта биылғы тамыз айының соңына дейін 40 кәсіпорынды тексеру аяқталды. Олардың кінәлілеріне заңның аясында қала экологиясын бұзғаны үшін қатаң талаптар қойылды.

Департамент спирт өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға да жоспарлы тексерістер жүргізді. Қазір «Максимус» ЖШС-інде  нормадан ауытқушылық жоқ. Ал қаладағы екінші спирт өндіретін — «БН-Ақтөбе» ЖШС-і кәсіпорнында құқықбұзушылық белгілері анықталып, іс Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.

— Қазір қаланың ауасының тазалығына байланысты тұрғындар оң пікір айта бастады. Біз үшін халықтың пікірі қымбат. Біз осыған қуанамыз. Бұл басталған жұмыстарды тоқтатпай, тұрақтылыққа жеткенше жалғасыра береміз, — деді облыс әкімінің орынбасары өзінің қорытынды сөзінде.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*