Басты бет » Жаңалықтар » ЭКСПО қонақтары велосипед құрастырды

ЭКСПО қонақтары велосипед құрастырды

«ЭКСПО2017» халықаралық көрмесінің қонақтары Корея павильоны ұйымдастырған қайырымдылық акциясына қатысты.

Нәтижесінде, Корея павильонының өкілдері ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсететін «SOS Қазақстандағы балалар ауылы» халықаралық қайырымдылық ұйымына барды және көрмеге келушілер құрастырған велосипедтерді табыстады.

Шараға Корей агенттігінің сауда және инвестициялар бойынша клиенттерді қолдау қызметінің басшысы Сон Сок Ги және «SOS Қазақстандағы балалар ауылы» корпоративтік ауылының директоры міндетін атқарушы Дана Егешбаева және 30 бала қатысты.

«Аталған бағдарламаны Корея павильоны Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында жүргізді және ЭКСПО келушілері көмегімен балаларға велосипед сыйланды. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік шарасы корей мәдени аймағындағы Корея павильонының үшінші қабатында ұйымдастырылды. Алдымен келушілерге бағдарламаның жай-жапсары түсіндіріледі және велосипед құрастыру бойынша қайырымдылық акциясына қатысу туралы ұсыныс жасалады. Кореяның ұлттық күнінде құрастырылған велосипедтерді «SOS Қазақстандағы балалар ауылы» ұйымына тапсыру туралы қайырымдылық көмек туралы келісімге қол қойылды», — дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетерлігі, келушілерден қаржылық көмек алынған жоқ. Павильон қонақтары генератордан «энергетикалық дән» өндіретін арнайы ойынға қатысты. Энергетикалық дән генератордың панелін әр басқан сайын өндіріледі. Әрбір 5 мың дән  үшін бір велосипед беріледі.

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН СПЕКТАКЛЬДЕР

 «Астана Балет» театрында Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО2017» көрмесінің аясында «Астана Балет ЕХРО GALA» атты бағдарлама ұсынылды.

«Бағдарлама барысында Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен Рикардо Амарантенің «A fuego lento», балеті көрсетіледі» деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметінде көрсетілгендей, «Серенада» ХХ ғасырдағы балеттің алтын қорына енген. «Серенада» спектаклінде Дж.Баланчиннің балеттегі жаңашылдығы барынша көрінді. Орыс хореографы Америкада қойған алғашқы балетін америкалық балет мектебі (SAB) құрылған соң екі жарым айдан кейін бастаған.

Бір қарағанда қарапайым көрінетін «Серенада» орындалу техникасы, музыкасы мен стилистикасы тұрғысынан өте күрделі. П.Чайковскийдің «Ішекті аспаптарға арналған серенада, 48-шығармасына» қойылған Джордж Баланчиннің «Серенадасы» Джордж Баланчин қорымен бірлесе отырып қойылған және Баланчин мәнері мен техникасының стандарттарына сәйкес жасалды.

Бір актілі балеттер бірегей ұжымның қайталанбас репертуарымен танысуға, түрлі бағыттар мен стильдерде қойылған спектакльдерді орындау шеберлігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді.

ҚАНАТ ИСЛАМ АШЫҚ ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗДІ

 Кеше Қанат Ислам Астанада «EXPO-2017» көрмесінің аумағындағы амфитеатр маңында жанкүйерлеріне арнап, ашық жаттығу өткізді.

Ашық жаттығуға Қанат Исламнан өзге Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Руслан Мырсатаев, Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаевтар да қатысты.

Шара аясында жанкүйерлерге боксшылармен суретке түсіп, қолтаңба алуға тамаша мүмкіндік берілді.

Еске салайық, 9 қыркүйек күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде жоғарыда аты аталған және өзге де боксшыларымыз «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді. Басты жекпе-жек Қанат Ислам мен (24-0,19 КО) канадалық Брэндон Кук (18-0, 11КО) арасында өтеді. Боксшылар бірінші орта салмақтағы IBF титулына үміткерлікке таласады.

Сондай-ақ, осы жекпе-жектің андеркартында қазақстандық 8 боксшы шаршы алаңға шығады. Олар — Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0,2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев.

КАТАРЛЫҚ ТАНЫМАЛ ДИЗАЙНЕР СӘН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТТІ

 «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Катар павильонында белгілі дизайнер Уадхи Али Ас-Сулейти модалық сән үлгісін көрсетті.

Танымал сәнгер меймандарға өз елінің дәстүрлі сән үлгілерін паш етті. Импровизациялық көрсетілімде заманға сай 10 киім үлгісі көрсетілді.

Сұлулар киінген киімде араб мәдениетіне сай өрнектер мен табиғат орнаментінің белгілері үйлесім тапқан. Араб көйлектері түрлі түсті жібек маталардан тігілген. Катарлық киімдердің үлгісін қазақстандық арулар киіп шықты.

Айта кетейік, атақты араб сәнгері әлем бойынша 7-ден көп дербес сән көрсетілімін жасаған.

«ҚазАқпарат».

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*