Басты бет » Жаңалықтар » Құрылысшылар құрметтелді

Құрылысшылар құрметтелді

Кәсіптік мереке

Жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде құрылысшылардың кәсіптік төл мерекесі тойланады. Осы атаулы күн қарсаңында Ақтөбе қаласында Құрылысшылар аллеясы ашылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік шараларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Құрылысшылар аллеясы шаһардағы Бөкенбай батыр көшесіндегі «Кеңдала» тұрғын үй кешенінің маңында орналасқан. Балаларға арналған бірнеше ойын және спорттық алаңдармен жабдықталған саябақ жергілікті құрылыс компанияларының қаражатына салынды. Облыс әкімі аллеяның ашылуына атсалысқан  құрылыс компанияларына алғысын білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин жуырдағы Ақтөбе облысына сапары кезінде жергілікті құрылысшылардың жұмысын жоғары бағалап, өзге өңірлерге үлгі еткенін атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде: «Ақтөбедегі әр мекеме мен басқарманың өз саябағы болуы тиіс», — деді.

Мерекелік шара Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта жалғасын тапты. Мұнда Құрылысшылар күніне арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтті.

— Әрбір мемлекеттің дамуын, халқының тұрмысының жақсаруын салынған үйлерге, мектептер мен мәдени, спорттық нысандарға қарап бағалауға болады.Тәуелсіздік алған жылдардан бері Ақтөбеде қаншама тұрғын үйлер бой көтерді. Кеңес үкіметінің кезінде шаһарда 300 мыңға жуық адам тұратын болса, бүгінде сол тұрғындардың саны 500 мыңға жақындап қалды. Егер де осындай үйлер болмаса, халықтың саны да көбеймес еді.

Өңірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбавтың тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Осының барлығы — құрылысшылардың ерен еңбегі. Қазіргі таңда Ақтөбеде 2 мыңға жуық құрылыс мекемесі мен осы салада еңбек етіп жатқан 80 мың адам бар. Облыс басшылығының атынан қысы-жазы атқаратын қиын жұмыстарыңыз үшін рақмет айтамын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Шара барысында құрылыс саласындағы елеулі еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі «Элитстройсервис» ЖШС директоры Юсуф Өміров, «Стройдеталь» ЖШС-ның цех басшысы Жайықбай Оразбаев, «Интерстиль» ЖШС директоры Гнел Сарибекян сынды барлығы 6 маманға табысталды.

Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен «Алихан Ойл З» ЖШС директоры Зулхуза Қожаев, «Бабэк-Құрылыс» ЖШС-ның дәнекерлеушісі Өтеген Сапарғалиев, барлығы 19  маман марапатталса, Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаты 18 қызметкерге табысталды. Олардың қатарында «Мемлекеттік сараптама» РМК филиалының қызметкері Шамғұл Тілегенов, «Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жетекші маманы Аслан Әлімбаевтар бар.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің марапатымен 6 адам, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Алғыс хатымен 5 маман марапатталды.

Құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің арқасында өңірдің экономикасы қарқынды дамуда. Бүгінгі күні құрылыс саласында тіркелген кәсіпорындардың саны 2478 бірлікті құрайды, оның 1594-і — нақты әрекет етуші ұйымдар. Бұлар — ғимараттардың құрылысымен тікелей айналысатын мердігерлік құрылыс ұйымдары, сонымен қатар құрылыс индустриясының кәсіпорындары. Құрылыс кешенінде қызмет атқарып жатқан жұмысшылардың орташа еңбек жалақысы  биылғы жылы 10,9 пайызға өсіп, 116,8 мың теңгені құрады.

2017 жылдың 1-жартыжылдығында өңіріміздің экономикасы үшін аса маңызды ғимараттардың құрылысы, Оқушылар сарайы, жабық хоккей модулінің құрылысы жүріп жатыр.

Құрылысшылар күніне арналған мерекелік шара Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасына ұласып, қазақ эстрадасының танымал әншілері Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан өнер көрсетті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*