Басты бет » Спорт » Үшінші айналым осылай басталды

Үшінші айналым осылай басталды

Премьер-Лига

Екінші айналымның соңғы кездесуінде «Қайраттан» ұтылғанымызда бармақ тістеп қалып едік. Ойынды кем дегенде тең аяқтарлықтай мүмкіндігіміз болған. Ал жаңа айналымның алғашқы кездесуіндегі, 23-турдағы ұтылысымыз тап ондай әсер ете қойған жоқ. «Астана» Еуропа алаңдарында бекер ойқастап жүрмегеніне көзіміз жетті.

Кездесу «Астананың» шабуылымен басталды. Бірақ ақтөбеліктер тіпті де дес бере қойған жоқ. Оны былай қойғанда, 9-минутта Руслан Валиуллин қақпаның дәл алдынан шірене тепкен доп маңдайшадан сәл асып түспегенде қарсыластар қақпашысы Ненад Эричтің қандай қауқар жасайтыны белгісіз еді. Ал 17-минутта Муарем Муаремнің соншама шеберлікпен дәл айып алаңына тастаған добын Джозеф Нейннің іске асыра алмағаны және бір өкіндірді. Ол баспен соққан бұл доп та нысанадан ауыс кетті. Ал ылғи бір кәнігі футболшылар жинақталған «Астана» тәрізді тәжірибелі клубпен ойын барысында мұндай қолайлы сәттер жиі қайталана бермейтіні белгілі. Қайталана бермейтіндігі былай тұрсын, мұндай командалардың футболшылары өзіңді қателесуге мәжбүр етеді. 33-минутта Руслан Валиуллин допқа талас үстінде ойын тәртібін бұзып, ескерту қағазын алды. Мейлі делік, «қызыл қағаз» болмаса «сары қағаздың» жарасы жеңілдеу ғой. Тек осы тәртіпсіздіктің біздің қақпамызға гол сүйретіп келгені қиынға соқты. Қақпаның орта тұсына таяу маңнан Марин Томасов айып добын орындады да, біздің жігіттерімізді қапыда қалдырды. Қақпа алдына әуелей жеткен допты алаң сыртына сырғытып жібермек болған шабуылшымыз Игорь Зенькович өз қақпамыздың жібек торын бүлк еткізді. — 0:1.

Дегенмен бірінші тайм жалпылай алғанда сүреңсіздеу өткені рас. Екі команданың да шабуылдары өткір бола қоймады. Ойын тәртібі жиі бұзыла берді. Доп екі команда футболшыларының аяғында алма-кезек көшті де жүрді. Гол соғылғанға дейін де, гол соғылған соң да осылай болды. Айтпақшы, тайм соңына таман Кирилл Шестаковтың есепті теңестірерліктей мүмкіндігі болып еді, бірақ ол да допты нысанаға дәл жеткізе алмады. Қосымша лебіз ретінде айта кетелік, осы бірінші таймда да, екінші таймда да ақтөбелік қорғаушы Александр Воловиктің тамаша ойын өрнегін көрсеткенін, әрине, ұмытуға болмайды.

Қысқасы, ойынның бірінші бөлігінде екі команданың деңгейі шамалас болды.

Ал екінші таймда «Астана» неліктен көш бастап келе жатқанын, қалайша Еуропа алаңдарында сәтті ойнайтындықтарын анық көрсетті. Тұс-тұстан анталай жапырласа жүгірген де жоқ, біздің футболшылармен тынымсыз жағаласуды да жөн көрмеді. Есеппен қимылдап, еркін ойнады. Оның үстіне бұлар тайм басында-ақ есепті ұлғайтып үлгерді. 52-минутта «Ақтөбе» қақпасына енгізілген алғашқы голдың «айыпкері», «Қайрат» сапында бірінші рет алаңға шыққан хорваттық жартылай қорғаушы Марин Томасов екінші голға да мол үлес қосты. Ыңғайлы тұста жүріп допты қағып алған М.Томас біздің айып алаңымызда жүрген Джуниор Кабанангаға оңтайлы пас тастай қойды. Дәл алдына келе қалған допты Д.Кабананга қақпаға асыра салды, сөйтіп, гол санын 15-ке толтырып, қайраттық Жерар Гоуды тағы да қуып жетті — 0:2.

Әрине, ақтөбеліктер есе қайыруға тырысып-ақ бақты. Бірақ нәтижеге жетудің жолы табылмай қойды. Пас арқылы ойнау тіпті мүмкін болмай қалды. Астаналық қорғаушылар пас баруға тиіс жолдардың барлығын тиянақты шеберлікпен жауып тастап отырды. Шарасыз халде қалған футболшыларымыз допты әйтеуір шамамен теуіп жүрді. Рас, ойынға екінші таймда тыңнан қосылған Марко Обрадовичтің 77-минутта есепті қысқартуға мүмкіндігі болып еді, бірақ ол да допты қақпаның бос қалған тұсына бағыттаудың орнына тура қақпашының өзін «көздей» тепті. Кейін Бауыржан Байтана да осыны қайталағанын айта кеткен жөн. Ақтөбелік қорғаушыларды осылайша әбден абыржытқан елордалық футболшылар 79-минутта ірі есепке қол жеткізді. Роман Муртазаев тастаған тамаша пасты Срджан Граховац голға айналдырды. Сөйтіп, 16-турда «Ақтөбемен» кездесуде өз қақпасына гол енгізіп алған Срджан өзін-өзі ақтап алды — 0:3.

Кездесу соңына таман гол соғып кетуге екі команданың да футболшыларының мүмкіндіктері болғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша ірі есеппен ұтылғанына қарамастан, әсіресе, екінші таймда көп қателіктер жіберіп алғанымен «Ақтөбе» футболшыларының қуат-қарымы біртіндеп өсіп келе жатқаны анық байқалды. Мұны бұл кездесудегі қарсыластарымыз да жасырмай айтты.

Станимир Стойлов, «Астананың» бас бапкері:

— Бүгін қызықты, өрнекті ойын болды, біздің ойыншыларымыз қарқынын әлсіреткен жоқ. Бұл маусымда Ақтөбеде осымен екінші рет кездесіп отырмыз, бұл команданың турнир кестесінің төменгі жағында неге жүргенін тіпті түсінбеймін. «Ақтөбе» — жақсы команда, жанкүйерлері де тамаша, дегенмен нәтиже «Астана» ойыншыларының деңгейін көрсетті.

С.Стойловтың әңгімесіне ұқсас пікірді «Казфутбол» сайтына сұхбат берген астаналық футболшы да айтты.

Иван Маевский, жартылай қорғаушы:

— Бірінші таймда допты бақылауда ұстаудың мүмкіндігін таппадық. Ойынның екінші бөлігінде ғана өз өрнегімізге оралдық. «Ақтөбе» командасында да тым жақсы ойыншылар бар. «Ақтөбенің» турнир кестесінің төменгі жағында жүргендігі маған тіпті түсініксіз. Мұнда жақсы құрам бар, команда жоғары көтеріледі деп ойлаймын. Олар тіпті де нашар ойнамайды… Жанкүйерлері де ғажап. Өз командасын үнемі қолдап отырады. Басқа қалаларда да осындай ахуал болғанын қалайсың. «Ақтөбе» жанкүйерлері өз командасын алда да осылай қолдай берсе деп тілеймін, себебі команда қазір қиын жағдайды бастан кешіп отыр.

«Астана» командасы келесі кездесуін Чемпиондар Лигасы ойындары аясында Глазгода өткізіп, Шотландияның «Селтик» командасымен күш сынасады. Қазақстан футболының туын жоғары ұстап жүрген елордалықтарға табыс тілейміз.

«Ақтөбе»-«Астана» —  0:3

Гол авторлары: И.Зенькович, 33-минут, автогол (0:1); Д.Кабананга, 52-минут (0:2); С.Граховац, 79-минут (0:3).

Ескерту қағазын алғандар: Р.Валиуллин, 32-минут; О. Воловик 40-минут, Б.Қайыров, 65-минут («Ақтөбе») — С.Мужиков, 65-минут («Астана»).»

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников, Олександр Воловик, Муарем Муарем (Душан Савич, 80-минут), Джозеф Нейн, Слободан Симович, Жереми Фог-Поррье (Марко Обрадович, 55-минут), Кристиан Колчак, Игорь Зенькович (Бауыржан Байтана, 67-минут), Бағдат Қайыров, Кирилл Шестаков, Руслан Валиуллин.

«Астана»: Ненад Эрич, Игорь Шитов, Иван Маевский, Джуниор Кабананга, Срджан Граховац, Марин Томасов (Патрик Твумаси, 67-минут), Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков, Серікжан Мужиков (Ласло Кляйнхайслер, 78-минут), Роман Муртазаев (Асхат Тағыберген, 81-минут).

11 тамыз. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 11 000 адам.

Чемпионат басталғалы «Ақтөбе» 23 кездесу өткізіп, 4 рет ұтты, 6 рет тең ойнады, 13 ойында жеңіліп қалды. 24 гол соғып, өз қақпасына 36 доп жіберіп алды. Ұпай саны — 18.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович — 6 доп (1 допты пенальтиден соқты);

Юри Мамуте — 3;

Душан Савич — 2;

Бауыржан Байтана — 2;

Кирилл Шестаков — 2;

Жуниньо — 1;

Кассиано — 1;

Витор Жуниор —1;

Марко Обрадович — 1;

Томаш Шимкович — 1;

Джозеф Нейн — 1.

(Үш допты қарсыластарымыз өз қақпаларына өздері соғып алды: Д.Чертов, «Оқжетпес»; С.Граховац, «Астана»; Б.Шадманов, «Тараз»).

24-турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнайды. 19 тамыз, сенбі күні жерлестеріміз Оралда «Ақжайықпен» кездеседі.

Басқа ойындар:

19 тамыз, сенбі

«Ордабасы» (Шымкент) — «Атырау» (Атырау)

20 тамыз, жексенбі
«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Ертіс» (Павлодар) — «Қайсар» (Қызылорда)
«Тобыл» (Қостанай) — «Тараз» (Тараз)

Ал елордалық команда Еуропалық кубоктар ойындарына қатысуына байланысты «Астана» мен «Оқжетпестің» кездесуі 25 қазанға, сәрсенбіге қалдырылды. 

Жанкүйерлер назарына

Үшінші айналымның ойындары өткізілетін күндерге қатысты бірқатар өзгертулер енгізілуіне байланысты «Ақтөбе» командасы өткізетін кездесулердің нақтыланған кестесін ұсынып отырмыз.

XXV тур

26 тамыз, сенбі

«ОҚЖЕТПЕС» — «АҚТӨБЕ»

XXVI тур

10 қыркүйек, жексенбі

«АҚТӨБЕ» — «ШАХТЕР»

XXVII тур
16 қыркүйек, сенбі
«АТЫРАУ» —  «АҚТӨБЕ»

XXVIII тур
24 қыркүйек, жексенбі
«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙСАР»

XXIX тур
1 қазан, жексенбі

«ТАРАЗ» — «АҚТӨБЕ»

XXX тур
20 қыркүйек, сәрсенбі 

«АҚТӨБЕ» — «ТОБЫЛ»

XXXI тур
21 қазан, сенбі

«ЕРТІС» — «АҚТӨБЕ»

XXXII тур
28 қазан, сенбі

«АҚТӨБЕ» — «ОРДАБАСЫ»

XXXIII тур
5 қараша, жексенбі

«ҚАЙРАТ» — «АҚТӨБЕ»

 Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*