Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров бір топ көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары 4 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 9 көпбалалы анаға «Күміс алқа» табыс етті. Марапатталғандардың ең жасы отызда болса, ең үлкені — 45 жаста.
Нағымжан Алдияров көпбалалы аналарды марапаттарымен құттықтай отырып, олардың қоғамдағы алар орны туралы айтып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.
Көпбалалы аналар жергілікті билікке ризашылықтарын білдіріп, қала әкімінің орынбасарына өздерінің мәселелерін де жеткізді.
Олардың айтуынша, бүгінде көпбалалы отбасылардың көпшілігін баспана жайы алаңдатады. Мәселен, марапатталғандардың ішінде жұбайы және 7 баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқан ақтөбелік бар.
Сондай-ақ шарада баспанасы жоқ болған соң балаларымен тұрақты бір жерде тұрмайтын көпбалалы ана да өзінің жағдайын айтып, мұң-мұқтажын жеткізді.
Көпбалалы аналардың арасында табысты кәсіпкерлер де бар. Мысалы, Ботагөз Жалмағамбетова 9 жылдан бері жеке кәсіппен айналысады. Оның 11-шағын ауданда жеке сән салоны бар. Отбасында алты бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы бүгінде жұмыс жасап, өз қажетін өзі өтейді.
— Қазір көпбалалы болу үшін барлық жағдай бар. Сондықтан аналарды қорықпауға, көпбалалы ана болуға шақырамын. Қазір өз кәсібіңді ашып, балаларды сол арқылы асырап, тәрбиелеуге болады, — дейді Ботагөз.
Шара соңында Нағымжан Алдияров көпбалалы аналарға сыйлықтар үлестіріп, олардың айтқан өтініштері мен арыздарын жазып алды.
Алина СҮЛЕЙМЕНОВА.