Басты бет » Жаңалықтар » Имамдар мен жамағат боулинг ойнаудан жарысты

Имамдар мен жамағат боулинг ойнаудан жарысты

Дүйсенбі күні Ақтөбеде 10 мешіттің имамдары мен қаланың жамағаты боулинг ойнады. Біріші орынды «Нұр Ғасыр» мешітінің жастары жеңіп алды.

Ақтөбе қаласындағы боулинг клубтарының бірінде 100-ден астам жамағат боулинг ойнаудан жарысты. Барлығы 17 команда сайысқа түсті.

— Діндарлар өзара бөлінеді. Міне, сол айырмашылықты жойып, ауызбіршілік пен татулықты орнату мақсатында осындай спорттық шара өткіздік. Бұл жерге өзге ағым өкілдері де шақырылды, — деді Ақтөбе қаласының бас имамы Амантай Садиев.

Оның айтуынша, сайысқа қатысушы жамағатқа ыңғайлы болуы үшін клубтың ішін жарықтандырған. Шетелдік әннің орнына қазақтың күйі шырқалды.

— Ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрімізді кең насихаттау үшін қазақтың күйін қостық. Идеологияны идеологиямен емдеу керек. Намазхандардың бәрі қуана келді. Бәріне ұнады. Тағы да келуге тілек білдірді, — деді Амантай Садиев.

Жарысқа Мұғалжар ауданының жамағаты да қатысты.

— Осындай шаралар көп бола берсін. Себебі өзге ағымдағы адамдарды дәстүрлі діни бағытқа бұру үшін осындай ортақ спорттық шараларды жиі ұйымдастырып отыруымыз керек. Өз басым боулинг ойнауды білемін. Бірақ мұнда өмірінде алғаш рет келіп жатқан азаматтар да бар, — деді Қандыағаш қаласындағы Нұртай мешітінің наиб имамы Әсемхан Ерғазин.

Бір күнге созылған жарыстың қорытындысына сәйкес бірінші орынды «Нұр Ғасыр» мешітінің жастары жеңіп алды. Екінші орынды «Мега Шығыс» сауда базарының жамағаты еншіледі. Үшінші орын «Нұр Ғасыр» мешітінің жігіт ағаларына бұйырды.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Суретке түсірген автор.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*