Басты бет » Жаңалықтар » Абай даңғылындағы гүлзардың жаңа келбеті

Абай даңғылындағы гүлзардың жаңа келбеті

Ақтөбе шаһары күн өткен сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Облыс орталығының сәніне сән қосқан тағы бір гүлзар қайта жаңартылып, тұрғындардың жиі келетін мекеніне айналды. Абай даңғылының бойындағы демалыс орталығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін қуаныш сыйлайтын барлық жағдай жасалған.

Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде, саябақта екі балалар алаңы және жаттығу құралдары бар спорт алаңдары салынды. Сондай-ақ 230 түп түрлі ағаш егілді.

Қалаға көрік беріп тұрған бұл нысанның бой көтеруіне екі айдан астам уақыт кетті.  Ақтөбе қаласының әкімдігі мен «Samryk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының жүзеге асыруымен қаланың басқа да бөліктерінде спорт алаңдарының құрылысы жүріп жатыр.

Демалыс аймағына келушілердің қарасы көп. Әсіресе, әртүрлі жас ерекшеліктеріне қарай салынған ойын алаңдары балалар үшін үлкен қуаныш. Мұны олардың бал-бұл жанған жүздерінен аңғаруға болады.  Қауіпсіздік ережелері де заманауи талаптарға толықтай жауап береді. Гүлзарды абаттандыру жұмыстарына бес мердігер мекеме жұмылдырылған. Кеспе тастар төселіп, жолдарға жөндеу жүргізіліпті.

Ақтөбелік тұрғындар гүлзардағы бұл өзгерістерге дән риза.

Ажар МҰХАМБЕТОВА:

— Біз осы маңдағы Тургенев көшесінің тұрғынымыз. Биыл зейнеткерлік демалысқа шықтым. Уақытымды немерелерімнің тәрбиесіне арнаймын. Қазіргідей аптап ыстық кезде көп қабатты үйлердің ауасы тар болатыны белгілі. Күн сайын кешкі уақытта қос немеремді ертіп, осы саябаққа әкелемін әрі өзім де демалып қаламын. Кішкентайлар түрлі ойын алаңдарын қызықтап, уақыттарын өткізеді. Қазір қаланың біраз бөліктерінде осындай алаңдар салынып жатқанын байқадым. Әрине, мұндай демалыс орындарының ашылғаны халық үшін өте тиімді.

 Жанар ЖАМАНБАЕВА:

— Астана қаласынан осында арнайы қыдырып келдім. Дәл үйдің маңында демалыс ортылығының болғаны өте тамаша. Кешкі уақыттарда да серуендеуге қолайлы. Балалар үшін заманауи ойын алаңдары орнатылған. Саябақтың ішінде түрлі сусындар мен балмұздақ дүңгіршектері жұмыс істейді.

Жалпы, Ақтөбе қаласында түрлі ойын-сауық, демалыс орындары жетерлік. Құрылыс ғимараттары да жыл сайын қарқынды жүріп жатыр. Әрі қарай көркейіп, гүлдене берсін деймін.

Кешқұрым қаланың оттары жарқырай бастаған шақта келген жанды саябақтың әдемілігі шынымен таңғалдырмай қоймайды. Түрлі түсті музыкалық субұрқақтар да қонақтардың назарын аударады.

Компьютер арқылы басқарылатын субұрқақ былтыр күзде ашылды. Арнайы дыбыс ұлғайтқыш және жарықдиодты шамдармен әрленген. Атқылайтын судың биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Жалпы көлемі, 700 шаршы метр алаңды алып жатқан субұрқақтың құрылысын «Ақтөбе-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

«Менің елім» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе қаласында хоккей, футбол, баскетбол, воркаут  спорт алаңдары салынып жатыр. Аталған бағдарлама әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік ортаның жоғары стандарттарына, білімге, мәдениет пен спортқа қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Спорт алаңдары Ахтанов көшесіндегі №6 мектеп маңындағы гүлзарда, Гришин, Бөкенбай батыр көшелері және Қарғалы селолық округінің Сәтбаев көшесінің бойында құрылыстары басталып кетті.

Сонымен қатар қала әкімдігі жергілікті бюджет есебінен қалада һәм 3 селолық округте тағы 12 воркаут, стритбол спорт алаңын орналастырады. Аталған спорт алаңдарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жаттығу құрылғылары қарастырылған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*