Басты бет » Білім » Қайта кешенді тестілеуге құжат қабылдау басталды

Қайта кешенді тестілеуге құжат қабылдау басталды

1 тамыздан бастап шекті деңгейден өте алмаған түлектер ЖОО-ның ақылы бөліміне түсу үшін қайта кешенді тестілеуге құжат тапсыра алады. Құжаттарды қабылдау 1-8 тамыз, ал тестілеу 19-24 тамыз аралығында өтеді.
Ақтөбедегі базалық оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердібаевтың айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуден тиісті балл ала алмаған немесе тестілеуге қатыспаған түлектер, сондай-ақ кешенді тестілеуге қатыса алмаған немесе одан балл жинай алмаған талапкер қайта кешенді тестілеуге құжат тапсыра алады.

Бізге келіп, құжат тапсырған соң түлектерге рұқсатнама беріледі. Олар сол рұқсатнамада көрсетілген күні белгіленген аудиторияда қайта тест тапсырады. Жоғары оқу орындарына ақылы негізге қабылдану үшін түлектер 140 балдан 50 балл, ал  колледжден кейін қысқартылған мерзімде, яғни 3 жыл оқитындар 70 балдан 35 балл  алуы керек. Сондай-ақ талапкер межелі балды жинай алмаған жағдайда олар тек күндізгі бөлімге шартты түрде қабылданады. Алайда олар 1-семестрден кейін қаңтар айында үшінші рет қайта кешенді тестілеуден өтеді. Егер сол сынақтан өтсе, екінші семестрге жіберіледі, — дейді Н.Бердібаев.

Қайта кешенді тестілеуге қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:

  1. Аттестат немесе жалпы орта, техникалық және кәсiптiк оқу орнын бiтiргенi туралы диплом (түпнұсқа);
  2. Тестiлеудi өткiзу үшiн ақы төлегенi туралы түбiртек;
  3. 3х4 өлшемдегi екі фотосурет;
  4. 086-У- медициналық анықтама;
  5. Жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі.

 

Д.ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*