Басты бет » Жаңалықтар » 23 «Сақалды құрылыс» бар

23 «Сақалды құрылыс» бар

«Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов брифинг өткізіп, биылғы жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыста 542 құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Құрылыс қызметінің сапасын бақылау бойынша басқарма I жартыжылдықта 457 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 80 нұсқама берілген.

Биылғы жылдың I жартыжылдығында басқарма жүргізген тексерістің нәтижесі бойынша 16 көлік-газ жабдықтау бекеті, сондай-ақ екі коммерциялық мақсаттағы мекеме жабылып, құрылысы ұзаққа созылған бір нысан бұзылды. Сонымен қатар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында 70 субьекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 22 984 970 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ құрылыс нормативтері мен уақыт тәртібін бұзғаны үшін 7 кәсіпорын лицензиясынан айырылды, — деді Б.Пірімбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста 1764 лицензияға ие мекеме бар.  Оның ішінде 48-і —  I санатта болса, 348-і — II санаттағылар. Ал ІІІ санаттағылардың саны — 1249. Биыл лицензия алу, қайта рәсімдеу және оның қосымша түрлерін енгізу үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы бойынша 152 өтініш түскен.

Бүгінде облыс орталығында құрылысы аяқталмай тұрған 23 нысан бар. Басқарма басшысының айтуынша, бұлар құрылысы ұзаққа созылған нысандар болып есептеледі. Осыған сәйкес, қазір бұл құрылыстардың иелеріне қатысты қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қажетті іс-шараларды қабылдау жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, аталған құрылыс орындарына басқарма жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексерістің қорытындысы бойынша оның төртеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылса, 9-ына кемшіліктерін жоюға нұсқама берілген. Ал біреуі сот шешімімен бұзылуға жатқызылған.

—  2018 жылы 4 нысанды пайдалануға беру жоспарда бар. Ал Әбілқайыр хан даңғылындағы «Космос» қонақ үйі мен «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін мүмкіндігі бар инвесторларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылғы жоспар бойынша біздің басқарма сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында заң нормаларының орындалуын, салынып және қайта жаңартылып жатқан нысандардағы апаттар мен қираулардың себептерін тексеру бойынша комиссия жұмыстарына қатысу, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламалар бойынша мониторинг жасау, тағы басқа жұмыстарды жүргізеді, — деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов.

Оның айтуынша, басқарма сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы бойынша 6 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар: жобалау қызметіне лицензия беру, іздестіру қызметіне лицензия беру, құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру, үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензия беру, сарапшылық жұмыстар мен қызметтерді атқаратын сарапшыларды аттестаттау және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу.

Аталған қызметтерді көрсетуде құжаттарды дайындау, лицензияларды беру жұмыстарының бәрі халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады.

Брифинг соңында басқарма басшысы журналистердің қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*