Басты бет » Жаңалықтар » Мал басы көбеюі үшін ауру болмауы тиіс

Мал басы көбеюі үшін ауру болмауы тиіс

Өңірдің ветеринарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте қаралды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев аудандарда және Ақтөбе қаласында қабылданып жатқан шаралар туралы кеңеске қатысушыларды хабардар етті.

Облыс аумағында дер кезінде жүргізілген профилактикалық шаралар нәтижесінде аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Биылғы жылдың 5 айы ішінде түйнемеге қарсы 936 мыңнан астам, пастереллезге қарсы 85 мыңнан астам мал, сондай-ақ әр түрлі инфекциялық ауруларға қарсы 157290 ірі қара егілді. Бруцеллезге байланысты 271 476 ірі қара, 583 мың қой-ешкі тексеруден өтті. Бруцеллезбен зақымданушылық өткен жылғы деңгейде қалуда.

Облыста 41 типтік мал қорымы тіркелген, ветеринарлық станциялар 13 жылжымалы және 6 стационарлық инсинератормен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Алға, Қарғалы, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарында 7 типтік мал қорымы құрылысына қаржы бөлінді.

Ауыл шаруашылығында малды сәйкестендіру бойынша шаралар қабылдануда. Қазіргі уақытта ірі қараның 73, қой-ешкінің 59, жылқының 18, түйенің 84,3 пайызы сәйкестендірілді.

Өңірде 79 мал сою объектілері жұмыс істейді, оның ішінде 5 ет өңдеуші кәсіпорын, 18 мал сою пункті, 56 мал сою алаңы бар.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстың аудандарында және Ақтөбе қаласының базарларында ауыл шаруашылығы малдары ветеринарлық-санитарлық тексеруден өткеннен кейін арнаулы бөлінген орында олардың сойылуы тұрақты бақылауда болады.

Ресей Федерациясы және Атырау облысының кейбір аудандарында ҚР-да бұрын тіркелмеген нодульдік дерматит ауруының пайда болуына байланысты Ойыл ауданының Ш.Берсиев, Көптоғай, Сарбие, Байғанин ауданының Сарытоғай, Қопа, Миялы, Жаңажол селолық округтерінде 25728 ірі қараға вакцина жасалды.

Облыс әкімі басқарма басшылығына бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

— Біздің алдымызда мал басын көбейту міндеті тұр. Біз шешуге тиісті негізгі проблема есеп жүргізумен және түгендеумен, сондай-ақ вакцинациямен байланысты. Бұл мәселелерді ұдайы бақылауда ұстау қажет. Егер біз мал басын ұлғайтқымыз келсе, мал ауруын күрт төмендетуіміз қажет, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Жиын барысында сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.

Аймақ басшысы жиын соңында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Жұмағазиевті ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануымен құттықтап, оған «Ақтөбе облысын дамытудағы үлесі үшін» төсбелгісін тапсырды.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*