Басты бет » Жаңалықтар » Елордада 12 мемлекеттен келген цирк әртістері өнер көрсетпек

Елордада 12 мемлекеттен келген цирк әртістері өнер көрсетпек

Елордада «ЭКСПО-2017» көрмесін және қала күнін тойлауға арналған «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің Х дәстүрлі фестивалі өтеді.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, фестиваль ұйымдастырушысы «Азия жаңғырығын» жаңа форматта өткізуді жөн көрді:

— Цирк әртістері өнер көрсететін манеж-фонтан кешенін қолдану идеясы бар. Басымдық цирк әртісі мен ол жасайтын дүниеге, шеберлік әдіске беріледі. Бұл орайда лазер, жарық беру, манеж сияқты заманауи құрылғыларды пайдалану кез келген шоуды одан әрі жандандыра түседі, — дейді ұйымдастырушылар. Фестивальде Беларусь, Мысыр, Қырғызстан, Монако, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Эфиопия, Қытай сынды елдерден келген және Қазақстанның ең үздік цирк әртістері өнер көрсетеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары әлемдегі жалғыз трансформер-манежін, сарқырама каскадын, цирктің құлпытасынан ағатын жаңбыр мен 600-ден астам субұрқақты, сондай-ақ көздің жауын алатын лазерлік анимацияны көре алады.

Қойылымдар 6 шілдеде сағат 16.00-де елордалық циркте өтеді.

ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОЛӨНЕРШІЛЕРДІҢ БҰЙЫМДАРЫН ЖАППАЙ САТЫП АЛУДА

«Қазақстандықтардың қолымен жасалған сапасы жоғары, экологиялық тұрғыдан таза әрі бағасы да қолжетімді бұйымдарды еуропалық қонақтар жаппай сатып алуда» деп хабарлайды астаналық әкімдіктің медиа орталығы.

Шетелдік қонақтар қазақстандық қолөнершілердің киіз, ағаш және теріден жасалған бұйымдарына, түрлі тастар мен күмістен жасалған әшекей бұйымдарына қызығушылық танытуда.

Елордалық қолөнершілер орталығының жетекшісі Роза Жүсіпованың сөзіне қарағанда, «Нұр жол» желекжолында «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде жібектен жасалған орамалдарды орташа есеппен алғанда 4 мың теңгеге сатып алуға болады, табиғи тастардан жасалған білезіктің құны шамамен 5 мың теңге. Желекжолда еліміздің әр өңірінен келген 40-қа жуық қолөнершінің бұйымдары сатылатын 10 дүңгіршек орналасқан.

Қолөнершілер жәрмеңкесінде тек қазақстандық ұлттық бұйымдар ғана емес, сондай-ақ, Орта Азия халықтарының қолданбалы өнері де бар. Шеберлер, сонымен бірге, қырғыздың киізінен жасалған бұйымдарды, Өзбекстанның күйіктасын да сатады.

«Қолөнершілердің барлығы дерлік  «Дала арулары» қоғамдық қорының мүшелері. Бұл тұрғыда біз бұйымдарды өз қолдарымен жасайтын қолөнершілердің шынымен де өз ісінің шеберлері екендігіне кепілдік береміз», — деді Р.Жүсіпова.

«ASTANA INNOVATIONS CHALLENGE» СТАРТАП-МАРАФОНЫ БАСТАЛДЫ

Бұл туралы Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев, сондай-ақ, MOST бизнес-инкубаторының негізін қалаушылардың бірі және директоры Павел Коктышев айтты.  

«Astana Innovations Challenge» — бұл Астана қаласының инновациялық экожүйесін дамыту аясында өткізілетін және қала билігін, ғылыми-бизнес және стартап қоғамдастықты белсенді түрде тарту арқылы қалалық технологиялық міндеттерді шешуге арналған іс-шаралар топтамасы.

Жобаның ұйымдастырушылары — Астана қаласының әкімдігі және «Астана Innovations» АҚ. «Astana Innovations Challenge» MOST бизнес-инкубаторымен бірлесіп, «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба 6 іс-шарадан — сатылы түрде өтіп, ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасатын хакатондар мен стартап уикэндтерден тұрады. Алты айдың ішінде жоба тақырыптық бағыты әртүрлі 4 стартап уикэндті және 2 хакатонды қамтиды.

«Астана Innovations» АҚ қызметінің негізгі міндеті — елорданың кешенді инновациялық экожүйесін құру. Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен, инновациялық технологиялық шешімдердің үйлестірушісі және интеграторы бола отырып, «Астана Innovations» АҚ түйткілді мәселелерді іздеу және талдау, қалалық технологиялық міндеттер тізімін жасау және оның негізінде инновациялық жобаларды енгізу арқылы инновациялық саясатты жүзеге асырады.

«Astana Innovations Challenge» жобасын іске асырудың мақсаты жүйелендіру және отандық стартап-мәдениетті қалыптастырудағы кешенді тәсіл, сондай-ақ, қалалық билік пен бизнес-қауымдастық күшін ғылыми және инновациялық технологиялық стартап-шешімдерді іске асыруға тиімді жұмылдыру болып табылады.

Бірінші «Startup Weekend» 14-16 шілде күндері «Forte Bank»-тің бас ғимаратында өтеді. Аталмыш іс-шараның көтеретін тақырыбы — коммуналдық шаруашылықтың, көлік пен қала экологиясының түйткілді мәселелері саласындағы инновациялық шешімдерді жасап шығару.

Шілдедегі «Startup Weekend» қорытындысы бойынша 3 үздік стартап-жоба іріктеледі. Олар MOST бизнес-инкубаторы негізінде қарқынды акселерация бағдарламасынан өту, сондай-ақ, жобаларды елордада енгізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл — Астана күні мен «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтіп жатқан шара.

Әзірлеген Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*