Басты бет » Жаңалықтар » Жылжымалы көрме ашылды

Жылжымалы көрме ашылды

Астанадағы Ақтөбе облысының күндері

Ақтөбе облысының Астанадағы күндеріне орай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінде «Дулығалы дала перзенттері» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараның ашылуына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеология департаменті бастығының орынбасары, полковник Қайсар Мұғалов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы Айдос Серікбаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, тағы басқа сала мамандары, тарихшылар, журналистер қатысты.

— Мұражай біздің өткеніміз бен бүгінімізді терең тануға, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға, рухтың дамуына және тарихымызбен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік беретін мәдени орын. Әсіресе, елді қорғауда аянбайтын әскери қызметкерлерді, жас ұрпақты тәрбиелеуде музейдің алатын орны зор.

Осы музейде көптеген шаралар өтіп тұрады. Міне, бүгін де Ақтөбе облысының тарихымен танысуға, ондағы жәдігерлерді көруге мүмкіндік алып отырмыз. Бұл көрменің келушілерге берері мол.

Тарихы бай, ерлік пен елдіктің қасиетті мекені болған Ақтөбе өңірінің тумасы екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Осы облыстың тарихы бәрімізге де өнеге болуы тиіс. Оны қастерлеуге тиіспіз. Бұл ретте өлкетану музейінің жұмысына белсенді қатысқан белгілі өлкетанушы Қапаз Еламановтың зор үлесін атап өткім келеді.

Өз тарапымнан ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіре отырып, барлықтарыңызға шығармашылық табыс тілеймін! — деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеология департаменті бастығының орынбасары, полковник Қайсар Мұғалов.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған көрмеде Асан қайғының баласы Абат батыр кесенесінің макеті, Қобыланды батыр, Әйтеке би, Әбілқайыр хан, Махамбет Өтемісұлы сияқты тарихи тұлғалардың антропологиялық жолмен қайта қалпына келтірілген бейнелері, сондай-ақ, Есет Көкіұлы мен Арынғазы ханның сауыттары, тағы басқа құнды жәдігерлер қойылған. Аталған музейге Ақтөбеден ұзын саны жүзден астам жәдігер әкелінген.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміровтің айтуынша, көрмедегі экскурсия үш тілде жүргізіледі:

— Ол үшін арнайы даярланған мамандарымыз бар. Сонымен қатар, бұған еріктілер де атсалыспақ. Бүгіннің өзінде сырттан келіп жатқан қонақтар, шетелдіктер, осында тіршілік кешіп жатқан жерлестеріміз белсенділік танытып жатыр.

Бұл көрме «ЭКСПО-2017» шарасына арнайы жасақталды.

Мұнда келушілер Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова, атақты тарышы Шығанақ Берсиев, генерал-лейтенант Жансен Кереев, ұшқыш-ғарышкер Виктор Пацаев, тағы да басқа есімдері  аңызға айналған  адамдар туралы құнды деректермен таныса алады, — дейді ол.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Дулығалы дала перзенттері» атты жылжымалы көрме қыркүйектің ортасы, яғни «ЭКСПО-2017» көрмесінің соңына дейін жұмыс істейтін болады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Астана қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*