Басты бет » Жаңалықтар » Қарауылкелдіге дейінгі 16 шақырым жол биыл жаңарады

Қарауылкелдіге дейінгі 16 шақырым жол биыл жаңарады

Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолының 220-236-шы шақырымы жөнделуде. Қазіргі таңда жұмыстың жартысынан астамы орындалған.

«Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы комиссиясының отырысы өтті. Комиссия «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылап отыр. Осыған орай, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өкілі облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді.

— 2020 жылға дейін Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолы жөндеуден өту керек. Соның 16 шақырымына қатысты тендер 2015 жылдың желтоқсан айында өтті. Барлығы 3 млрд 602 млн теңге бөлінді. Былтыр 1 млрд 640 млн теңге сомасына жұмыс көлемі орындалды. Биыл 1 млрд 961 млн теңге Ұлттық қордан бөлінді. Қазіргі таңда мердігер 350 млн теңгені өтеді, яғни жұмыстың 17 пайызы орындалды. 10 шақырым жол жөнделді, — деді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Ақтөбе облыстық филиалының бақылау және сапаны қадағалау бөлімінің бас маманы Ерділдә Қалағанов.

Маманның айтуынша, жолды төсеуге 72 техника мен 128 адам жұмылдырылды. Оның 24 адамы жергілікті халықтан құралған. Сондай-ақ, Ерділдә Қалағанов жолдың сапалы жасалатынына сендіріп отыр. Оның сөзінше, астаналық «ЖолКонсалтинг» компаниясы жолдың сапасын үнемі тексеруде.

— Олардың қызметкерлері жол төселіп жатқан жерге барып, технологиялық бақылау жасайды. Тексеретін жеке лабораториясы бар, — деді ол.

Жөнделіп жатқан жол Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 220-236-шы шақырымында орналасқан. Яғни бұл — Байғанин ауданы шекарасынан Қарауылкелді ауылы арасындағы кішкентай жол үзіндісі.

«ҚазАвтоЖол» маманы жол салуда кешігіп жатқандарын жасырмады. Себебі  қыстыгүні жауған көп қар ұзақ уақыт еріп болмады. Сондай-ақ, облыстағы су тасқыны да жөндеу жұмыстарының тезірек басталуына кедергі жасады. Соның салдарынан мердігер сәуір айының соңында ғана жұмысқа кіріскен. Бұдан бөлек, теміржол тұйығының жөнделуі кесірінен құрылыс материалдары кешігіп келіпті. Тек 13 мамырда ғана темір жол тұйығы іске қосылған.

Дегенмен жиын барысында Ерділдә Қалағанов жұмыстың уақытында аяқталатындығына сендірді. Оның сөзіне қарағанда, 16 шақырымдық жол биыл қараша айында қолданысқа беріледі.

Алайда облыстық мәслихат депутаттары жұмыстың баяу орындалуына алаңдап отыр. Олардың айтуынша, қыркүйек айында жауын-шашын басталып, құрылыс жұмыстарын кейінге қалдыруы мүмкін.

Жиын соңында өңірлік комиссияның басшысы, облыстық мәслихат депутаты Асхат Айтжанов «ҚазАвтоЖолдың» Ақтөбедегі басшысына қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға, сондай-ақ, жұмысты уақытында аяқтауға кеңес берді.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*