Басты бет » Жаңалықтар » Облыстан 100 ерікті «ЭКСПО-2017» көрмесіне аттанды

Облыстан 100 ерікті «ЭКСПО-2017» көрмесіне аттанды

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Ақтөбе өңірінен қатысатын 100 ерікті жасты шығарып салу рәсімі өтті. Шараға облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері, халықаралық көрмеге қатысушы еріктілер, ата-аналар мен қаланың белсенді жастары қатысты.

Шараның ашылуында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева жастарға сәт сапар тілеп, сенім білдірді.

Барша әлемнің назарын аударған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға біздің өңірдің атынан ең үздік, белсенді 100 жас іріктелді. Облыстық жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері көрме аясында түрлі шығармашылық, танымдық шаралар өткізді. Бүгін аттанғалы тұрған жастар осынау атаулы шарадан мол тәжірибе жинақтап, ұмытылмас әсер алады деп ойлаймын. Жүктелген міндетті істі абыроймен атқарып шағатындарыңызға сенім білдіремін, — деді.

Гүлнар Қабиеваның айтуынша, еріктілерді облыстық жастар ресурстық орталығы қаржыландырған. Жастарды іріктеу жұмыстары өткен жылы бастау алды. Оларға қойылған талап та жоғары. Ақтөбе қаласынан және облыс аудандарынан белсенді, үш тілді еркін меңгерген 18-25 жас аралығындағы жастар таңдалды. Олар 1 шілде мен 1 тамыз аралығында көрме қонақтарына қызмет көрсететін болады.

Шара барысында еріктілердің көшбасшысы Нарқозы Қартжанға салтанатты түрде Еліміздің Мемлекеттік Туы табысталды. Бұдан кейін жастар саябақ алаңында флешмоб ұйымдастырып, концерттік бағдарлама ұсынды.

— Мен үшін ерікті болу дегеніміз — жақыныңа жәрдемдесу, еліміздің дамуына үлес қосу. Алдағы бір ай бойы «ЭКСПО-2017» көрмесінде 18 бағыт бойынша белсенді қызмет атқаратын боламыз. Қазақстанның, Астананың тарихын, көрікті жерлерін міндетті түрде білуіміз қажет. Еріктілердің жұмысы жастарды көп іске баулиды, — деді Нарқозы Қартжан.

Шара соңында аспанға «ЭКСПО-2017» көрмесінің логотипі бейнеленген түрлі түсті шарлар ұшырылды. Еріктілер автобустарға отырып, қаланың басты көшелерімен жүріп өтті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*