Басты бет » Басты жаңалықтар » Олар — мәртебелі міндетті жүзеге асырушылар

Олар — мәртебелі міндетті жүзеге асырушылар

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен маусым айының 23-і Мемлекеттік қызметшілер күні болып белгіленгені мәлім. Міне, бұл кәсіби мереке биыл төртінші рет атап өтілуде.

Кеше М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің А.Досжанова атындағы конференц-холда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері күніне арналған салтанатты шарасы өтті.

— Бұл кәсіби мереке — Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру барысындағы «100 нақты қадам — Ұлт жоспары» бағдарламасының жемісі. Жүз нақты қадамның алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызметке қатысты. Басты мақсат — кәсіби мемлекеттік аппарат құру.

Мемлекеттік қызметші болу — өте жауапты жұмыс. Бұл халыққа қызмет ету дегенді білдіреді. Сондықтан да бүгінгі күні біздің білікті де білімді жастарымыз осы салада еңбек етуге, өз мүмкіндіктерін ел игілігіне жұмсауға ұмтылыс білдіруде. Мұны біз қуаттаймыз, қолдаймыз.

Бұл мерекеге бұрын облыстық мекемелерде қызмет атқарған ардагерлеріміз де келіп отыр. Қазақта «Тақыр жерге шөп өспейді» деген сөз бар. Бүгінгі қадамдарымыздың негізін сіздер қалап бердіңіздер. Қазірде де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрсіздер. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз.

Мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызы қыз-келіншектер, жалпы орта жасы — 38,6 делінуде. Мұның барлығы кадр саясатының жүйелі жүргізілуінің нәтижесі деп білеміз, — деп сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызметшілерді құттықтап, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Содан кейін облыс басшысы жергілікті атқарушы органдардағы үлгілі мемлекеттік қызметі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тапсырды. Бұл жоғары марапатқа облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Қаламқас Әбдірахманова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан, Темір аудандық мәслихаты аппаратының жетекшісі Дина Қалмағамбетова, Қобда ауданы әкімінің орынбасары Болат Құлов, обыстық тексеру комиссиясының бөлім басшысы Гүлнәр Тұрмағамбетова, Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Аққанат Шахин ие болды.

Бұдан басқа облыс әкімінің Алғыс хатымен жеті мемлекеттік қызметші марапатталды.

Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова бір топ қызметкерлерге Алғыс хат тапсырып, халық қалауларының атынан игі тілегін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметшілер мәртебесіне тоқталып, бұл ретте соңғы уақыттары енгізілген өзгерістер, жоғары талаптар төңірегінде айтты. Сондай-ақ ол «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебінің түлектеріне сертификаттар тапсырды.

Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Амантай Бимұратов та бірқатар мемлекеттік қызметшілерге Алғыс хат тапсырып, жиналған жұртшылықты кәсіби мерекемен құттықтады.

Кәсіби мереке салтанатында облыстағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы имидждік фильм ұсынылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнаға кәсіби өнер иелерімен бірге мемлекеттік қызметшілердің де көтерілуі көпшіліктің ілтипатын тудырды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова облыстық филармонияның әншісі Арман Төлесіновпен бірге «Ауылым» әнін шырқады. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева белгілі әнші Аймұрат Мәжікбаевпен қосылып туған ел туралы әнді әуелетті. Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева мәдениет қайраткері Марат Әйтімовпен бір жұпта «Өз елім» әнін ұсынды.

Біз мерекелік сәтте бірқатар мемлекеттік қызметшілермен тілдесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ түрген едік.

Әбдімұрат Коргулин, Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі:

— Менің мемлекеттік қызметке келгеніме он жылдан астам уақыт өтті. Біз үшін басты міндет халыққа қызмет ету деп түсінемін. Жауапкершілік жүгі жоғары. Елдің мұқтажы, халықтың қамы үнемі ойда тұрады. Бүгінгі күні мемлекетіміз тарапынан елдің әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыссыздықты болдырмауға қатысты көптеген шаралар қабылданып жатыр. Соларды көпшілікке жеткізу, мүмкіндіктерді пайдалануға ықпал жасау, түсінік жұмыстарын жүргізу — біздің күнделікті жұмысымыздың бір парасы.

«Сыбаға», «Алтын асық», «Өрлеу», тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар ауыл тіршілігін жолға қоюға бағытталған. Осы игіліктерді пайдаланып, ауыл тұрғындары шаруаларын жандандыруы тиіс деп ойлаймын. Және сол бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз.

Лаура Сейітмағамбетова, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы:

— Мен Шалқар қаласындағы №2 орта мектепті бітіргенмін. Содан кейін Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдап, мамандығым бойынша еңбек етудемін. Алғашқы еңбек жолымды сыртқы экономикалық байланыстар басқармасында бастадым, қазіргі қызметімде бұрынғы тәжірибемді пайдаланудамын.

Мемлекеттік қызметші болудың жауапкершілігі жоғары екенін жақсы түсінемін. Ең бастысы — адамдармен жұмыс істеу. Сосынғы өлшем — күн сайын іздену, уақыт тынысын тап басып тану. Облысымыздың экономикасы мен әлеуетінің артуына лайықты үлес қосу — басты парызымыз.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*