Басты бет » Мереке » Екі тілге бірдей жүйрік журналист

Екі тілге бірдей жүйрік журналист

Жантас Мақсұтовты жұртшылық алдымен спорт журналисі ретінде таныды.

Расында, Жантасты БАҚ саласына алып келген спортқа деген құштарлығы еді. Әсіресе, 1994 жылғы қысқы Олимпиадаға жанкүйерлік еткені, Владимир Смирновтың жеңісіне есі шыға қуанған сәттер қатты есінде қалды. Осыдан кейін ол, әсіресе, қысқы спорт түрлерінен өтетін әлемдік деңгейдегі жарыстарды жібермей қарайтын болды. Оның үстіне, ес білгеннен футбол жанкүйері болып өсті. 90-жылдардың ортасында ұлттық құрама Ирак командасымен маңызды кездесу өткізетін болды. Ол кездері ондай маңызды кездесулерді тікелей эфирден көру дегенді ешкім де армандамайтын. Алайда, ең болмаса, кездесу нәтижесін БАҚ-тардан уақтылы білетін болармыз деп ойлаған еді. Олай болмай шықты. Сол оқиғадан соң: «Мен неге спорт журналисі болмаймын? Жанкүйерлерді бұлай сарылтып күттірмей, қайткенде де, жаңалықтарды тезірек жеткізуге тырысар едім» — деген ойға келген. Ақыры, сол ойы біржола жеңді. 2001 жылы ол «Рика» арнасына футбол шолушысы болып жұмысқа орналасты. Кейіннен «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында да істеді. Қазір облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі.

Соңғы жылдары Жантас биатлоннан үздік өнер көрсетіп жүрген отандасымыз, қазақ спортының жаңа жұлдызы Галина Вишневскаяның жанкүйерлері қатарына қосылып, ол қатысатын жарыстарды үзбей қарайтын. Ал өткен қыста Галинаның жарысын теледидардан емес, көзбен көрудің сәті түсті. Атап айтқанда, редакция тапсырмасы бойынша, ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиададан мақалалар жіберіп тұру үшін Алматыға аттанды.

— Әр күні спорттың әр түрі бойынша жарыстарға қатысып жүрдік. Қуанғаным, мен биатлонға барған күні Вишневская алтын жүлде алды. Бір топ журналистер онымен сұхбаттасуға мүмкіндік алдық, суретке түстік. Оған өз жанкүйерлерінің: «Әлем бойынша ең үздік он спортшының қатарына қосылғаныңды көргіміз келеді» деген тілегін де жеткіздік. Спортшы жанкүйерлер үмітін ақтауға уәде берді. Алдағы қысқы Олимпиададағы еліміздің басты үміттерінің бірі — Галина Вишневская екені баршаға белгілі. Ал Универсиада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл жөнінде шетелдік әріптестерімізден де, әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар мен бапкерлерден де есіттік. Универсиаданы өткізу мақсатында салынған нысандар болашақта елімізде қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамуына әсер етеді. Қысқы спорт түрлері бойынша біздің елден де әлемдік додаларда топ жаратын мықтылар шығады. Бұл кеткен шығынның өтеуі болмақ, — дейді Жантас.

Жалпы, спорт жөнінде онымен сағаттар бойы әңгімелесуге болады. Дегенмен, облыстық газеттің ақпараттар бөлімінің тілшісі болып істейтін ол бүгінде сан түрлі тақырыптарға қалам тербеп жүр. Бұрын телеарналарда істеген ол газет жұмысына да тез төселді:

— Тележурналиске, негізінен, оперативтілік қажет. Бір хабарды тез бересің де, тез ұмытасың. Ал газеттегі дүние оқылады. Сондықтан оған екі есе жауапкершілікпен қарайсың. Газетке шыққан мақалаң сенің ойларыңның, өмірге, дүниеге деген көзқарасыңның, жан дүниенің бір бөлшегі секілді сезіледі, — дейді.

Жантастың бір ерекшелігі — екі тілге жүйріктігі. Әдетте, журналистер екі тілде бірдей жаза бермейді. Мектепте де, жоғары оқу орнында да орысша оқыған Жантастың қазақ тіліне жүйріктігін әріптестері таңғалыса әңгімелейді.

— Оның таңғалатын ештеңесі жоқ. Мен Қобда ауданының Жарық ауылында өстім. Орыс мектебінде оқығаныммен, үй ішінде, араласқан ортамда қазақша сөйлесетін едік. Кейіннен «Рикада» істегенде, футбол шолушысы болумен қатар, «Тәулік» бағдарламасының да тілшісі болдым. Сонда әдеби тілді меңгеру үшін көп ізденіп, еңбектендім, — дейді ол…

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*