Басты бет » Мереке » «Нақ осы ұжымда жұмыс істесем деген тілек болды»

«Нақ осы ұжымда жұмыс істесем деген тілек болды»

Сырттай қарағанда құйттақандай, нақ бір оқушы қыз сияқты көрінетін Нина Грузинованы әріптестері ізденімпаз, ойлы журналист ретінде сыйлайды.

«Актюбинский вестник» газетіне жұмысқа тұрған екі жылға жуық уақыттың ішінде ол өзінің еңбекқорлығы, елгезектігі, жұмысқа деген жауапкершілігі арқылы әріптестерінің құрметіне бөленді.

Нинаның да өз ұжымына деген ықыласы бөлек:

— Мамандығым бойынша мен — филологпын. 2015 жылы «Актюбинский вестник» газетінен тілшілер қажеттігі жөнінде хабарландыру оқып, «мен де талпынып көрсем қайтер екен» деген оймен редакцияға телефон соқтым. Бас редактордың орынбасары Ләззат Егібаевамен телефон арқылы әңгіменің өзі маған үлкен әсер етті. Телефонның арғы жағындағы дауыстан адамға деген ерекше тілектестік пе, әйтеуір бір сәулелі сезім құйылып тұрғандай болды. Одан соң бас редакторға келдім, ұжыммен таныстым. Мұндағы адамдардың бәрі маған қатты ұнады. Енді менің журналист болсам деген тілегіме «нақ осы ұжымда жұмыс істесем екен» деген тілек те қосылды. Сондықтан жұмысқа қабылданған сәтте қуанышымда шек болған жоқ. Мен осындағы әр адамнан үйреніп, әр адамның өзіме деген тілектестігін, жанашырлығын сезініп келемін, — дейді мақтанышпен.

Журналистің бір күні бір күніне ұқсамайды: әр күні жаңа адамдармен танысасың, мүлде бейтаныс, ойламаған жағдайларды зерттеуге тура келеді, бірде анда, бірде мында жүгіріп бара жатасың, бірде кезекшіліктен кейін үйіңе түн ортасында бір-ақ оралсаң, енді бірде түн ортасында тұрып, іссапарға аттанасың… Көп адамға мұндай өмір ұнамайды. Ал Нина өз кәсібін нақ осындай қарбалас тірлігі үшін де ерекше ұнататынын айтады.

— Бір жерде тоқтап, тоқырап қалу мүмкін емес, өзің үшін үнемі бір жаңалық ашып, үйренуге тура келеді. Айналаңда болып жатқан оқиғаларды әр қырынан танисың. Журналистік өмір сонысымен қызық, — дейді ол.

Журналист кәсібін таңдаған қазіргі жастар, негізінен, телеарналарда, сайттарда жұмыс істегенді қалайды. Газетті олар, бір жағынан, өткен шақ санайды, екінші жағынан, телеарналар, сайттар арқылы танымал болуға мүмкіндік көбірек деп есептейді. Нина, керісінше, газетте істеудің артықшылықтары көбірек деп біледі. Ол ешқашан танымалдыққа ұмтылған емес. Ал газет жұмысының артықшылығы — үнемі өз біліміңді толықтыруды талап ететіндігінде деп санайды.

— Газет журналисі үлкен мақалаға да, жай хабарға да бірдей жауапкершілікпен қарайды. Бір тақырыпты жазу үшін жан-жақты ізденеді. Сондықтан үнемі арнайы әдебиеттерді, кітаптарды ақтарады. Бұның танымыңды, біліміңді толықтыруға септігі тиеді және сенің қазір ізденіп жазған дүниеңді бүгінгі оқырмандар ғана емес, келешек оқырмандар да пайдалана алады. Ал, ең бастысы, маған жазу ұнайды, — дейді Нина.

Талабы таудай әріптесімізге «Қаламың ұштала берсін!» — демекпіз.

Айна САРЫБАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*