Басты бет » Жаңалықтар » Трансплантацияға қатысты шуға түсінік берді

Трансплантацияға қатысты шуға түсінік берді

Республикалық трансплантация бойынша үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәйіттік донорға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.

«Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен жиында Жақсылық Досқалиев адамның миы жұмыс істеуін тоқтатқаннан кейін, яғни марқұмның дене мүшелерін алуға заң жүзінде рұқсат етілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 169-бабының 10-тармақшасына сәйкес, медициналық мекеме өліктен мүшені немесе мүшенің бөлігін егер қайтыс болған адам алдын ала өзінің ағзасы мүшесінің берілуіне қарсымын деп арыз жазбаса, донор қылуына тыйым салынбаған. Аталған заң 2009 жылы шығарылып, 2012 жылдан бері іске асырылып келеді. Жалпақ тілмен айтқанда, өзінің өлімінен кейін өзгелерге дене мүшелерінің берілуін қаламайтын адам құзырлы органдарға арнайы хат қалдыруы керек. Олай болмаған жағдайда, бақилық болған кісінің тума-туыстарынан рұқсат сұрамай-ақ дәрігерлер әлгіндей әрекеттерге бара алады.

— Мұндай операциялар бұрыннан бар. Бола да береді. Оған түсіністікпен қарап, донор болу арқылы өзгеге өмір сыйлайтынын ұғыну керек. Ағзалар ешқайда сатылмайды, еліміздің азаматтарына салынады.

Тірі адамдардың арасында да донор болатындар көп. Қазақстанда бұл соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Бір ғана мысал, 2012 жылы тірі донорлардың саны 36 адам болса, былтыр бұл көрсеткіш 248-ге жеткен. Бір ескерерлігі, екінің бірі донор бола алмайды. Ол генетикалық жағынан науқастың ағзасына сәйкес келсе ғана трансплантация жасалады.

Бұған қатысты шудың Ақтөбеде шығып жатқанын естігенде, таңғалдым. Өйткені бұл бұрыннан бар әрі осы қаланың өзінде жасалып келеді. Тек түсіндіру жұмыстары кемшін болған шығар. Бұның барлығы заң аясында жүзеге асады. Дінде де бұған қарсылық жоқ, — деген Жақсылық Ақмырзаұлы өзінің де донор  болуға келіскенін, бұл мақсатта тиісті құжаттарды әлдеқашан толтырып қойғанын қосты.

Баспасөз мәслихатында көз жұмғаннан кейін екі бүйрегі өзгелерге салынған, бірақ бұл туралы туыстарына хабарланбаған жігіттің бауыры, сол тараптың заңгері де сөз сөйлеп, ең болмағанда ескерту жасалуы керек екенін, аталған оқиғаның отбасыларына қатты батқанын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*