Басты бет » Жаңалықтар » Малы саудың — жаны сау

Малы саудың — жаны сау

Брифинг

Қазақ халқы аман-саулық сұрасқанда, «Мал-жан аман ба?» деп бастайды. Бұл малдың саулығына айрықша маңыз бергендігінің белгісі. Себебі ежелден тіршілігін малмен айырған ел үшін сау мал — денсаулықтың кепілі. Қазіргі заман талабы да осы — қолдағы бар мал ауру-сырқаудан, соның ішінде жұқпалы аурулардан аман болу керек. Әсіресе, індетті аурулардан қатаң қорғалу керек. Кеше «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев осы жөнінде әңгімеледі.

Малдың саулығына бірден-бір жауапты маманның сөзіне қарағанда, аймақта ветеринарлық ахуал қалыпты. Дер кезінде жүргізіліп отырған алдын алу шараларының нәтижесінде облыс аумағында соңғы жылдары сібір жарасы, аусыл сияқты аса қауіпті аурулар тіркелмеген. Ауыл шаруашылығы малдарының жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында облыс бойынша бекітілген бес айдың жоспарына сәйкес бүгінгі күні 733892 мал сібір жарасына, 72 450 мал пастереллезге, 152 950 мүйізді ірі қара қарасан ауруына қарсы егілген. Сонымен қатар басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакцинацияланған. Мал ауруларының алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес әрі қарай жалғасуда.

Ветеринарлық жұмыстарды өңірде қалыпты ұстауға барлық мүмкіндіктер жасалған. Облыс аумағында штаттық құрылымға сәйкес ветеринарлық бөлімдер құрылған. Ақтөбе қаласы мен аудандарда ашылған ветеринарлық бөлімдерде 33 маман, бұдан бөлек ветеринарлық стансалар мен ветеринарлық пункттерде 411 ветеринар мамандары жұмыс жасайды.

Әрбір ветеринарлық пункт бір «Нива» автокөлігімен, әр аудандық ветеринарлық станса бір «Джип», бір «ДУК», бір малдарды санитарлық талапқа сай союға, тасымалдауға «КамАЗ» автокөлігімен, бір жылжымалы инсинератормен қамтылмаған. Дәрі-дәрмектерді сақтау мақсатында 13 жертөлемен, 150 тоңазытқышпен, 163 термочемоданмен, 150 автотоңазытқышпен қамтамасыз етілген.

Басқарма басшысының әңгімесінен мал ауруына байланысты қауіптің де  бар екені сезілді. Себебі көрші Ресей Федерациясы аумағында, Атырау облысының кейбір аудандарында бұрын біздің мемлекетімізде тіркелмеген малдың аса қауіпті жұқпалы аурулары  байқалған. Сондықтан аймақта сақтық шараларын күшейту талап етілуде. Ең басты қауіп — сырттан келетін мал, мал өнімдерімен байланысты болып отыр. Сондықтан да Ақтөбе қаласының ветеринария бөлімінің мемлекеттік мал дәрігері, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе қалалық аумақтық инспекциясының мамандары, Елек, Сазды, Зауыт ішкі істер басқармасы полиция бөлімдері қызметкерлерінің қатысуымен қала базарлары мен мал базары аумағында сенбі-жексенбі күндері рейдтер жүргізіліп тұрады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*