Басты бет » Мереке » Кешеден — бүгінге

Кешеден — бүгінге

Жаңа айдар: Қалам мен қоғам

Нұрқайыр ТЕЛЕУОВ,

«Ақтөбе» («Коммунизм жолы») газетінің 1965-1992 жылдардағы редакторы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері

УАҚЫТ ӨЗГЕРІП, БҮКІЛ АҚПАРАТ АҒЫНЫ КОМПЬЮТЕР АРҚЫЛЫ ҚОЗҒАЛЫСҚА КЕЛІП, АЙНАЛАҒА ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ТАРАЛҒАНЫМЕН, КЕЗІНДЕ ҚАЛАМ МЕН ҚАҒАЗДЫ БАСТЫ ҚАРУ ЕТКЕН АЛДЫҢҒЫ БУЫН ӨКІЛДЕРІ — ЖУРНАЛИСТ АҒАЛАРЫМЫЗ ӘЛІ КҮНГЕ СОЛ ДӘСТҮРІНЕН АЙНЫҒАН ЖОҚ. ОЛАР БҮГІНГІ КҮНІ ДЕ КӨКЕЙДЕГІ КӨРІКТІ ОЙЛАРЫН ҚАҒАЗҒА ҚАЛАМ АРҚЫЛЫ ТҮСІРЕДІ.

ҚАЛАМ ҚҰДІРЕТІ ДЕГЕН ҰҒЫМДЫ ОЛАР ҚАЗІР ДЕ ҚАДІР ТҰТАДЫ. СОНДЫҚТАН ДА ЖАҢА АЙДАР АЯСЫНДА БҮГІНДЕ АЛДЫ ТОҚСАНҒА ТАЯҒАН ӘРІПТЕС АҒАЛАРДЫҢ ҚАЛАМ ҰШЫНАН ШЫҚҚАН СҮБЕЛІ СӨЗДЕРІН ҚАЛЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ҰСЫНЫП ОТЫРМАҚШЫМЫЗ. 

Облыстық «Ақтөбе» газеті бір ғасырлық, дәлірек айтқанда, 95 жылдық мерейтойы қарсаңында тұр. Тоқсан бес шатқалдан сүрінбей өтіп, жүздің жағалауына, оның асқар асуына қадам басты, өзінің ғасырлық шыңына жақындады.

Газеттің алғашқы саны сонау аумалы-төкпелі, қиын да ауыр, күрделі заманда дүниеге келді. Сол алмағайып кезеңдерден күні бүгінге дейін осы өңірде болып жатқан оқиғалардың жылнамасын жасады. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, өңір халқының «көзі, құлағы, тілі» болып келеді. Газет облыс халқынан ешқашан қол үзген жоқ, оның негізгі де басты тақырыбы — адам, оның ой-пікірі, мүддесі, талап-тілегі, мұң-мұқтажы.

Газеттің сарғайған парақтарын ақтара бастасаңыз, сонау артта қалған жылдарда осында еңбек еткен, қалам күшін халыққа қызмет етуге арнаған абзал журналистердің жарқын бейнесі көз алдыңа елестейді, қаншама журналистер ұрпағы осында журналистік шыңдалу мектебінен өткені ойға оралады. Олардың бәрін атап жату мүмкін емес, есімдері газеттің жылнамасында жазулы.

Өткенге, «Ақтөбенің» өткен өміріне терең үңіліп, саралап, әділ баға беру де оңай емес. Оны бүгінгі өлшеммен бағалауға да болмайды. Әр кезеңнің, әр дәуірдің, тіпті тұтас бір ғасырдың өзіндік сыр-сипаты, қатпар-қатпар құпиясы, сан-салалы бояуы, қайталанбас ерекшеліктері ұшан-теңіз. Дегенмен де, газет өзінің ел-халық, өз оқырмандары алдындағы парызын қалтқысыз, үлкен парасаттылықпен атқарды, атқарып та келеді. Сонау отты жылдардан бастау алған алғашқы сандарынан өзіндік талғам, қолтаңба, дәстүр қалыптастырды. Бұл қазірге дейін жалғасын табуда.

Қоғамда өмір сүріп, ол қоғамнан үзілді-кесілді еркін болу мүмкін емес. Газет те, ондағы қызмет ететін журналистер де солай. Олар өз дәуірінің, өз кезеңінің, оның әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени, рухани бағыт-бағдарын, бет-бедерін жазу, талдау әрі бейнелеу арқылы қоғамдық пікір туғызады, сананы қалыптастырады. Бұл — қуатты да пәрменді күш. Мұның өзі, ең алдымен, журналистердің кәсіби шеберлігіне, іскерлігіне, адамгершілік қасиетіне де байланысты.

Журналистика түптеп келгенде адамгершілікті ұстанатын мамандық. Сол себепті де өмірде болып жатқан оқиғаларды жазғанда басшылыққа адамгершілік көзқарас алынады. «Ақтөбе» осы ізгі міндеттер мен игі істерді жүзеге асыру жолында өзіндік мектебі мен дәстүрін қалыптастырған газет.

Мамандықтың сыры мен сипатын, құпиясын іздеп, оны газетке пайдаланудың әдістерін іздестірген күндер мен айлар, жылдар ойға оралады. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы мен жетпісінші жылдардан басталған еді. Бұрын газетте негізінен журналистік дипломы жоқ, бірақ тәжірибесі бар адамдар қызмет ессе, осы кезеңде газет түгелдей кәсіби мамандығы-дипломы бар журналистердің қолына көшті. «Ақтөбенің» баспасөз теориясы мен практикасына сай қалыптасуы осы кезеңде жүзеге асты. Газеттің өз биігі, өз беделі, өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Бұл кез жастық жалын мен творчестволық ізденістің тоғысқан шағы болатын. Осы жылдары көптеген жас журналистер өсіп-жетілді, кәсіби мектептен өтті.

Журналистік жоғары дәрежедегі білімі және қаламының қарымы бар, қабілетті журналистер ұжымын қалыптастырып алғаннан кейін кәсіби жұмыс елеулі жақсарды, әсіресе газеттің беделі күрт көтерілді. Оған бүкіл ұжым болып атсалысты. Сол шоғырдан өскен біраз журналистер республикалық газет-журналдарға, жауапты жұмыстарға жоғарылатылды, ғылыммен және жазушылықпен айналысты. Ол қымбатты да қызғылықты, игілікті де ізетті жылдар еді.

Газеттің беделі мен абыройын асыруға елеулі үлес қосқан талантты ақын Есенбай «осында өлең құрағам, Алладан медет сұрағам» деп, ал өзінің саналы, шығармашылық ғұмырын осы газетке арнаған, республикалық дәрежедегі талай жүлделердің жеңімпазы, бүкіл болмыс-бітімімен ақын болып туған Ертай «ұя басар құс секілді газетім, тау көтерер күш секілді газетім» деп тегін айтпаса керек.

Сол 70-80 жылдарда газеттің мерекесіне арналған номерлерде Тахауи Ахтанов «Осы газет маған тонның ішкі бауындай, өмірде газетпен байланысымды үзіп көрген емеспін» десе, Қуандық Шаңғытбаев «Газет бүгінде қазақ әдебиетінің қайратты өкілі болып отырған талай қаламгердің алғашқы қанатын қатайтқан алтын босаға дер едім», Сағи Жиенбаев «Менің алғашқы балауса жырларымның ұшқан ұясы осы газет», Бәкір Тәжібаев «Дидарыңда туған жердің таңы бар, таңғажайып сыр да өзіңнен табылар» деп жазды.

Ал талантты ақын-жазушылар Мұхтар Құрманалин, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұқанбетқалиев, белгілі ғалым, дипломат Серікқали Байменшин әр жылдары осы газетте қызмет етті.

Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары газет тарихындағы ерекше кезең болды. Бұл аға буынның абыройын асырған, газеттің одақта, республикада аты шыққан басылымға айналған, оқырманы көп, таралымы өскен кезең. Газет алғаш рет 1967 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, ал оның 9 қызметкері сондай Грамоталармен марапатталды, 1974 жылы Бүкілодақтық көрменің бірінші және екінші дәрежелі дипломдарымен, алтын, күміс медальдарымен, КСРО Журналистер одағының, орталық «Правда» газетінің, одақтық «Журналист» журналының дипломдарымен, көптеген газет қызметкерлері одақтық наградалар мен республикалық атақ-дәрежелерге ие болып, Грамота, дипломдармен марапатталды. Газет сол кездегі социалистік елдердің Прага, Будапешт қалаларындағы баспасөз көрмелеріне қойылды.

Сол кезеңде газеттің 400-дей тұрақты авторлары, 700-ден астам ауыл-село тілшілері, 18 жерде тұрақты қосыны, 49 штаттан тыс тілшілері болды. Газет редакциясы жыл сайын кемінде бес мыңға жуық хат-хабар алып тұрды. Мұның бәрі біздің қастерлі, қасиетті тарихымыз.

Бір атап өтер жайт, бұрынғы тұста облыстық газет тарихы 1932 жылдан есептеліп келген. Ал шындығында бұл — «Социалдық жол» болып газеттің аты ғана  жаңарған жыл екен.  Біздер  Алматы, Мәскеу мұрағаттарына  қайта-қайта хабарласып, ақырында Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханадан «Кедей» газетінің алғашқы нөмірін таптық, сонымен тарихты сегіз жылға ілгерілету мүмкіндігіне ие болдық.

Көп жағдайда газеттің беделі, оған оқырманның берер бағасы оның басшылығының, тұтас ұжымның азаматтық болмыс-бітіміне, жан дүниесіне, өре деңгейіне, адами қасиетіне байланысты болса керек. Ол — журналистік этиканы сақтау, азаматтық, қаламгерлік позицияны мүлтіксіз орындау.

«Газеттің обалы» деген түсінік бар. Шынында да солай. Себебі, газетке қиянат жасаудың түрлері көп. Ол — жалған жазу, болмаған нәрсені болды деп көрсету, қате пікір тарату, қаралау немесе өз мүддесіне пайдалану, т.б.

Қазақ жасы үлкен адамды аға тұтады. Бұл — қазақтың ата-ана деген қасиетті атауларымен қатар тұратын ұғым. Аға — ақылшы, жол көрсетуші, жетекші. Алдыңда ағаң болған қандай жақсы демей ме?! Біз ұзақ жыл еңбек еткен газетімізді осы тұрғыдан аға тұттық, оның жасын анықтадық, абыройын, беделін, оқырмандар алдындағы парызын ақтауға үлес қостық.

Айтулы күндерде өткен өмір, тарих ойға оралады. Газеттің шыға бастағанына бір ғасырға жақындаса, соның біразына біздер куә болған екенбіз. Бір күн, бір жыл емес, біздің өміріміздің мәнді де мағыналы, сәнді де салтанатты кездері осы шаңырақтың астында өтті, өтіп келеді десек қателеспейміз.

Уақыт — ұлы сыншы, бәрін де өз орнына қояды. Алғаш өзім жетекші болған жылдарда маған жол көрсетіп, ақыл-кеңестерін берген аға буын әріптестерімді, одан кейінгі кезеңдерде қалам қарымын аянбай еңбек еткен қатарластарымды, газеттің беделі мен бейнесін өмір талабына сай көтерген інілерімді, менен кейін газет тізгінін ұстаған, ұстап келе жатқан дарынды журналист бауырларымды естен шығару мүмкін емес. Егер таңдап алған мамандығың өзіңе рухани күш беріп, жан дүниеңе әсер етсе, болмысқа сезім сыйласа, оны қатарластарың бағаласа, одан артық не керек.

Әр кезеңдерде әріптес, қаламдас аға-інілерім, жора-жолдастарым мен достарым маған жүрекжарды сөздерін талай рет білдірген еді. Ол ұмытылмайды. Тек өкініштісі сол, олардың бірқатары біздің арамызда жоқ.

Біз қазір ақпарат үстемдік құрған заманды бастан кешудеміз. Оның маңызды саласы — бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде журналистика. Журналистерге шығармашылық мүмкіншіліктерін көрсетуге жағдай жеткілікті.

«Ақтөбе» газетінің журналистері қазіргі кезеңнің талабына сай еңбек етуде. Облысымыздың экономикасын дамытып, мәдени, рухани кеңістігін кеңейтуге үлес қосуда. Қазір ұлттық болмысты қалыптастыру, ұлттық мүддені қамтамасыз ету және ұлттық тәуелсіздікті нығайта түсу газеттің ең маңызды тақырыптарының бірі болуы шарт. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған, өзінің күш-жігерін, рухани байлығын соған арнаған, өздерінің адамгершілігі, азаматтығы арқылы өмірде елеулі із қалдырған аға ұрпақтың өкілдері туралы газеттің жариялап жүрген мақалалары құптарлық.

Облысымызда үлкен де іргелі істер атқарылуда, келелі де көлемді шаралар алынып, жүзеге асырылуда. Әсіресе облысты агломерация орталығына, қуатты индустриялы өңірге айналдыру, ауыл шаруашылығын бүгінгі талапқа сай дамыту, облыстың бай материалдық, рухани байлығын сақтау, оны әрі қарай байыта түсу сияқты күрделі, шешімін табатын, күтіп тұрған проблемалар да аз емес.

Ел игілігіне орай жүзеге асырылып жатқан реформалар мен бағдарламаларды насихаттауда, оны жүзеге асыруда газетте жинақталған тәжірибе бар. Бұл — құптарлық іс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласы ақпарат құралдары мен журналистер үшін өте маңызды, ұзақ мерзімдік тақырып. Турасын айтқанда, бұл халқымыздың көптен күткен, зиялы қауымның көп жылдардан бергі көтеріп жүрген өзекті мәселесі. Сайып келгенде, бұл — ұлт болашағы жөніндегі мәселе. Онда қоғамның экономикалық, саяси, рухани дамуымен бірге, қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастырудың нақты жолдары көрсетілген.

Міне, бұл — журналистер тілімен айтқанда, таптырмайтын тақырып. Осындай аса маңызды міндеттердің, іске асып жатқан жаңалықтардың, ізгі істердің газет беттерінде көрініс тауып, қалам қайраткерлерінің оны тарихи шежіре ретінде жазып қалдыратынына толық сенім артуға болады.

Мен «Ақтөбе» газетіндегі іні-қарындастарыма ақпарат айдынындағы нысаналарыңыз жарқын да жасампаз, сәтті де сәулетті болсын дегім келеді.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*